Заң бұзған 351 жасөспірімпрофилактикалық есепте тұр. Бұл туралы Ақмола облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ерболат Құсайынов мәлімдеді.
– Балалардың қылмыс жасау себептерінің бірі – түнгі уақытта қараусыз болғандары. Биылғы жылы полицияға 4 мыңнан астам балалар жеткізілді, оның ішінде 204 ішімдік ішкені, 453-інің ұсақ бұзақылық жасағаны бар. Қабылданып отырған шараларға қарамастан, биыл кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс 13 пайызғаөскен. Бұл қылмыстардың түрлерін алатын болсақ, оның басым дені ақша, ұялы телефон, киім ұрлаумен байланысты. Ал, жалпы балаларға қатысты жасалатын қылмыстардың саны 45 пайызға, оның ішінде жыныстық сипатындағы қылмыс 36 пайызға дейін өскен. Балаларға қатысты жасалған қылмыстардың жалпы саны Көкшетау қаласы, Целиноград, Бурабай, Зеренді, Аршалы, Бұланды, Атбасар, Есіл, Сандықтау, Егіндікөл және Жарқайың аудандарында басым, – деді жағдайды баяндаған Ерболат Құсайынов.
Оның айтуынша, отбасылардағы балаларға қатысты жыныстық қол сұғу қаупін азайту бойынша шаралар қабылданған. Осы бағытта әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау құрылымдарының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторларымен бірігіп, балалардың психикасына әсер ететін, жиі жанжал орын алатын, көп балаларды тәрбиелеп отырған қолайсыз және аз қамтылған отбасыларға барып, алдын алу жұмыстарын өткізген. Бүгінгі күнде өңірімізде 800 бала тәрбиелеп отырған 728 қолайсыз ата-аналар бар, осының 443-і ағымдағы жылда есепке алынған.
– Балаларын тәрбиелеу барысында қаттыгездікке барғандары үшін Қылмыстық кодекстің 140 бабы бойынша4 заңды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы күнделікті жұмыстарды атқару барысында кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу немесе оларға білім беру, құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін 611 ата-ана жауапкершілікке тартылып, оның 33-і аналық құқықтарынан шеттетілді. Бұл бір жағынан Қылмыстық кодекстің 127 бабының 1,2,3 тармақтары бойынша он айдан 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді, – деп ведомство өкілі заң талаптарын түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, облысымызда «Педофил» санаты бойынша есепте 110 адам тұр. Олардың қырық үші бостандықта болса, алпысы бас бостандығынан айыру орындарында, жетеуі психиатрия мекемелерінде. «Осы санаттағы тұлғалар біздің күнделікті қатаң бақылауымызда тұр», – деп сендірді өз сөзінде Ерболат Зияфиддинұлы. Алайда, педофилдердің бостандықта жүргені алаңдатарлық жағдай.
Сонымен бірге, полиция департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша шаралар өткізеді. Мысалы, алдын алу жұмыстарын атқару үшін полиция департаментінің бұйрығымен өңіріміздегі барлық 538 мектеп пен 32 колледжге 382 полиция қызметкері бекітілген. Олардың 45-іювеналдық инспектор, 250-і учаскелік полиция және 87-сі криминалдық полиция қызметкері.Осыдан басқа аумақтық полиция бөлімдерінің басшылықтары әр білім беру мекемесіне бекітіліпті.
–Осы атап өткен қызметкерлер бекітілген кестеге сәйкес ай сайын оқушылар мен ата-аналар арасында есірткіге, жалған ланкестікке байланысты және басқа да қылмыстардың, балаларға қатысты буллинг және жыныстық сипатындағы қол сұғушылықтардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізеді. Кәмелетке толмағандар арасында жасалған қылмыстардың негізгі себептері, ата-аналар жағынан тиісінше бақылау болмағаны деп санаймыз. Сондықтан, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық ата-аналарға, балаларға ерекше қадағалау жасауларыңызды сұраймын, олардың бос уақытында немен айналасатынын білу өте қажет, – дей келе, Ерболат Құсайынов алдын алу шараларын тарқатып айтып берді.
Естеріңізде болса, ағымдағы жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске әйелдер мен балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер енгізілген еді. Осы Заңға сәйкес балалардың мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Және де жаңа құрам енгізілді, ол балаларға қатысты буллинг жасағаны үшін жауапкершілік шараларын көздейді. Білген артық етпес, бірінші тармақта қылмысты бірінші рет жасаса ескерту немесе он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл, екінші тармақтақылмыс қайталанса, 30 АЕК, ал, үшінші тармақта, егерде заң бұзушылықты 12 жастан бастап 16 жасқа дейінгі балалар жасаса, ата-аналарына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады деп ашық көрсетілген.Осы бапты енгізген уақыттан бері полицияға буллинг фактілері бойынша шағымдар келіп түспегенін айта кеткен жөн.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.