Онкология саласындағы айтулы тұлға

Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері Өмірбек Бәйкеновтің туғанына 90 жыл толуына орай, өзі ұзақ жылдар бойы жетекшілік еткен Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылып, еліміздің осы саладағы білікті дәрігерлерінің қатысуымен «Ауыл тұрғындарына онкологиялық көмекті дамыту мәселелері және перспективалары» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

І. Ескерткіш тақта немесе мәңгілік бейне

Қоғамдық жұртшылық өкілдері мен медицина саласы майталмандарының басын қосқан іргелі шара бар саналы ғұмырын халық денсаулығына арнаған көрнекті тұлғаның өзі қабырғасын қалап, 40 жылдан астам уақыт бойы басдәрігер болып қызмет атқарған онкология диспансерінде мемориалдық ескерткіш тақтасын ашу салтанатынан басталды.

Өңіріміздің бас онкологы болған жоғары санатты дәрігер, кезінде бірнеше рет облыстық және қалалық Кеңестердің  депутатыболып сайланған, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Өмірбек Кәкімұлы Бәйкенов 1961-2002 жылдар аралығында Ақмола облысының онкологиялық диспансерін басқарған еді. Артында өшпес із қалдырған осы бір аға ұрпақ өкілінің адал еңбегі мен өнегесін көрген буын бүгін оның аруағына тағзым етіп, құрметтеп, ескерткіш тақта орнатқаны кім-кімді болмасын сүйсінтпей қоймас. Өмірбек Бәйкеновтің өмірлік қосағы Рауза апайдың ескерткіш тақта орнату туралы бір ауыз өтінішін құп алып, оның онкодиспансердің қабырғасында мәңгілік естелік болып тұруына қолдау білдіріп, іске асуына себепші болған Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Жаровқа бұл салтанатты шарада аға буын өкілдері зор ризашылықтарын білдіріп, көпке үлгі етті.

Сонымен, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері Өмірбек Бәйкеновке арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына оның туған-туыстары, замандас әріптестері мен көзкөрген сыйластары, қаршыға кезінен баптап, шыңдаған ақ халатты шәкірттері және мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғымановбастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мемориалдық тақтаны ашу құрметі Өмірбек Кәкімұлының әріптесі әрі  шәкірті, еліміздің белгілі онколог дәрігері, ғылым докторы Абай Мәкішевке беріліп, облыстық ардагерлер кеңесінің атынан гүл шоғы қойылды.

– Бүгін бұрынғы Көкшетау, кейінгі Ақмола облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның медицина саласын дамытуға ерен еңбегін сіңірген және онкология саласында өшпес із қалдырған, еліміздің мақтанышы, Көкшетаудың төл перзенті Өмірбек Бәйкеновке ескерткіш тақта ашылып отыр. Шынын айтқанда, 1961 жылдан өмірінің соңына дейін осы онкология диспансері жұмыс істесе екен, елге қызмет етсе екен деп өткен арда азаматқа осы онкология орталығының аллеясында бюст орнатылса да артықтық етпес еді. Оның қызыл кірпішті тар үйден осындай биік ғимаратты салғызуы, сонымен бірге халықтың алдында адал қызмет еткені көз алдымызда. Өмірбек Кәкімұлы адамның тәнін ғана емдейтін дәрігер емес, адам жанының да емшісі бола білді. Алдына келген адам баласына көңіл-ниеті қашан да түзу еді, олардың әрқайсысына жылы қабақпен қарауы науқастың күдігін сейілтетін, сол жылы көзқарас, дәрігердің уколы мен скальпелінен де құнды болатын. Осындай адамгершілік асыл қасиеті, еліне сіңірген еселі еңбегі мен адал қызметі үшін оның аруағына басымызды иеміз, пір тұтамыз, – деп салтанатты жиында сөз сөйлеген Жабал Ерғалиев ағамыз Абай Мәкішев бастап келген дәрігерлер қауымына, осы бір шараға атсалысып жүрген ел азаматтарына ризашылық білдіріп, алғыс айтты, дәрігердің өмірлік серігі Рауза Бәйкеноваға да ілтипатпен жылы лебізін жеткізді.

Бұдан әрі салтанатты шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, Өмірбек ағаның онкология диспансерінің дамуына сіңірген ересен еңбегін, оның іші-сыртын, материалдық-техникалық базасын жабдықтау үшін табан тоздырып, талай есікті қаққандығын, қажырлы қызметін жиналғандарға баяндап берді.  Өмірбек Бәйкеновтің қажырлы еңбегінің арқасында 1963 жылы облыстық диспансердің жанынан емхана ашылды. Облыстың барлық аудандық ауруханаларында онкокабинеттер пайдалануға берілді. Өңірдегі алғашқы радиоизотопты лабораторияны іске қосуға ықпал еткені де ел есінде. Жиында сөз алған даңқты дәрігердің замандастары мен әріптестері, ізбасарлары Серік Аяғанов, Абай Мәкішев, Нұрлан Жаровтар осындай елеулі еңбектерін ауызға алып, рухына тағзым етті.

– Өмірбектің өмірден өткеніне 9 жыл болып қалды. Оның аты аталмай қала ма деп уайымдаушы едім. Бүгін диспансер алдына жиналған қауымды, әріптестерін, шәкірттерін көріп, жүрегім жылып, қуанып қалдым. Менің жарым халықтың Өмірбегі болған екен. Елге істеген қызметі, осы диспансердің әр кірпішінің дұрыс қаланып, іске қосылуына сіңірген еңбегі еш кетпепті. Бүгін сол диспансердің қабырғасына мемориалдық тақта ілінді. Мұның барлығы мен үшін үлкен бақыт, – деп Рауза Бәйкенова жиналған халыққа ақ алғысын айтып, риза көңілін білдірді.

Атап өтер болсақ, бұл күні онкодиспансерде ғылыми-практикалық конференция аясында еліміздің белді онкологы, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Абай Мәкішев «Асқазан қатерлі ісігінің гастрэктомиясы», Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының онкоурология орталығының басшысы Хусан Өмірзақов «Бүйрек ісігінің резекциясы», Астана қаласының көпбейінді медициналық орталығының эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі, эндокринолог дәрігер Алексей Зеленый «Ішек ісіктерінің эндоскопиялық резекциясы» диагноздары бойынша ота жасап, орталық дәрігерлеріне шеберлік сыныптарын өткізді.

 ІІ. Мақсатына жеткен ғылыми конференция

Өмірбек Бәйкеновтің 90 жылдығына арналған «Ауыл тұрғындарына онкологиялық көмекті дамыту мәселелері және перспективалары» атты конференцияның пленарлық мәжілісінің ашылуына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

– Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, аймағымызда онкология қызметінің негізін қалаушы Өмірбек Бәйкеновтің 90 жылдығы аясында осындай ауқымды шараның өткізілуі аға буынға деген құрмет деп білеміз. Ол кісі өзінің бар саналы ғұмырын денсаулық саласына арнаған болатын. Онкологиялық қызмет көрсету бойынша диспансер заманауи диагностикалық және емдеу-профилактикалық орталығына айналуы ағамыздың еңбегі десек қателеспейміз. Ағамыздың көзі тірісінде біздің аймақта онкологиялық қызмет денсаулық сақтаудың негізгі буынының біріне айналды. Іскерлік қасиеттерімен қатар, ол онколог дәрігерлердің тұтас бір буынын тәрбиелеп шығарды. Ол алдына келген науқастарға ерекше назар аудара отырып, аудандарға жиі барып, онда да кеңес беріп жүрді. Бүгінде бұл істі біз заманауи жоғары білікті медициналық қызмет көрсету аясында жалғастырып келеміз. Облыста халыққа медициналық қызмет көрсетуге баса көңіл бөлінуде, – деп пленарлық мәжілістің ашылуында сөз бастаған облыс әкімінің орынбасары конференцияны ұйымдастырушылар мен оның жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып, жан-жақтан жеткен ғылым докторлары мен барша дәрігерлерге алғыс айтты, облыста халыққа медициналық қызмет көрсету аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды баяндады.

Екі күнге созылған конференцияның мақсаты – облыста онкологиялық көмекті ұйымдастыру, еліміздің белді онкодәрігерлерімен тәжірибе алмасу, күрделі клиникалық жағдайларды, қатерлі ісіктердің алдын алу саласындағы жұмыстарды зерделеу болып табылады.

–Біз облыста онкологиялық қызметтің негізін қалаған Өмірбек Бәйкеновтің мерейлі жасын атап өту барысында ауыл халқына осындай көмекті ұсынуды дамыту бағытында аталған конференцияны да ұйымдастырып отырмыз. Мұнда біз облыстағы онкологиялық проблемаларға мамандардың назарын аударып, оларды шешу жолдарын қарастырып, республикалық тәжірибені ескере отырып, істі одан әрі жетілдіруді көздедік, бұл онкологиялық бейіндегі мамандардың табысты жұмысына ықпал етері сөзсіз. Бұның барлығы онкологтардың шеберлігін жетілдіруге, үздіксіз медициналық білім беруді дамытуға, кәсіптік дағдыларды игеруге және арттыруға ықпал етеді. Конференцияда онкологтардың күнделікті жұмысының өзекті мәселелері қаралуда. Мәселен, пациенттерге медициналық көмекті ұйымдастыру, оларды диагностикалау мен кешенді емдеудің мәселелері мен заманауи тәсілдері, сондай-ақ, онкологиядағы паллиативтік көмек және оңалту мәселелері жан-жақты талқылану үстінде, – деді Ақмола көпбейінді облыстық ауруханасының басшысы Нұрлан Жаров конференцияда.

Сонымен бірге, конференцияда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Абай Мәкішев, Астана медицина университетінің құрметті профессоры, «Аланда» клиникасының директоры, Қарағанды медицина университетінің тәуелсіз директоры Серік Ибраев сөз алып, Өмірбек Бәйкеновтің есімі медицина саласында алтын әріптермен сақталып қалатындығы, онкология саласының дамуына сіңірген орасан зор еңбегі туралы жан-жақты айтып, медицина майталмандарының әрі қарайғы жұмысына сәттілік тіледі.

Тақырыптық секцияларда онкологияның әртүрлі салаларындағы жетекші мамандармен тәжірибе алмасу, өзекті және перспективалық мәселелерді талқылау, еліміздің жетекші тәжірибелі онкологтарының практикасына енгізуге бағытталған баяндамалар мен пікірталастардың тұсаукесерлері өткізілді. Отандық онкологиялық қызметті дамытуға өз үлестерін қосып жүрген конференцияға қатысушылар мен қонақтар тәжірибелік дағдыларды жас мамандар мен онкологтарға бере отырып, ғылыми жетістіктер саласында өзекті ақпараттармен алмасты.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар