20 қазан – Орман шаруашылығы қызметкері күні
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғыел халқына арнаған Жолдауында «Мемлекет алдағы уақытта да кең-байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды» деп атап көрсетті.
Орман – еліміздің басты байлықтарының бірі, баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурс, ұлттық қазынамыз. Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды. Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет» деп атап өтті.
Ақмола облысындағы орман қорының ауданы 1,1 миллион гектарды құрайды, оның үштен бірі – орман жамылғылары. Жалпы облыста орманды алқаптар 3 пайыздан аспайды. Облыс әкімдігіне ведомстволық бағыныстағы орман қорының аумағы 405,1 мың гектар болса, оның ішінде орман жамылғысы 234,8 мың гектар. Бұлар Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының 13 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің қарауына жатады.
Мемлекет басшысы жыл сайын ормандарды молықтыруға ерекше назар аударып келеді. Ол 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2 миллиард түптен астам ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берген болатын. Оны орындау үшін басқарманың орман шаруашылығы мекемелері 2021 жылдан бастап және 2024 жылдың көктемін қоса алғанда, 8,6 мың гектардан астам алқапқа 54,5 миллион түп ағаш отырғызды.
Жоғарыдағы тапсырма 2027 жылға дейін ұзартылуына байланысты облыстың орман шаруашылығы мекемелері 7 жыл ішінде жалпы саны 150 миллион түп ағаш отырғызуды жоспарлап отыр, оның ішінде 2025-2027 жылдарға арналған жоспар – 15 мың гектар алқапта 99 миллион түп ағаш отырғызу. Сонымен бірге, елорданың жасыл белдеуін Ақкөл ауданының ормандарымен және Щучинск-Бурабай курорттық аймағымен жалғап әкету жұмыстары аясында Астана-Щучинск автожолының бойында 2012 жылдан бастап біздің орман шаруашылығы мекемелеріміз 2,6 мың гектар жерге ағаш отырғызды. Қазіргі таңда бұл екпелер жасыл желекке айналып келеді. Флора мен фаунаға бай аталған орман алқаптарынан жақын елді мекендердің тұрғындары жидек теріп, саңырауқұлақ жинайды.
Мемлекет басшысының орман қорын молайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында біздің басқарма орман тұқымдарын жинау және дайындау көлемін және орман отырғызу материалын өсіру көлемін де ұлғайтты. Басқарма қарамағындағы орман шаруашылығы мекемелерінде 13 орман питомнигі бар, олардың жалпы ауданы 175 гектарды құраса, оның 3-еуі базистік питомник (Ақкөл, Кіші-Түкті, Маралды) және 10-ы уақытша орман питомниктері (Барап, Үлкен Түкті, Бұқпа, Ерейментау, Кеңес, Краснобор, Куйбышев, Отрадный, Степногорск, Ұрымқай).
Жыл сайын орман шаруашылығы мекемелерінің питомниктерінде 10 миллион данадан астам көшет және 15 мыңнан астам ағаш-бұта тұқымдас көшеттер өсіріледі. Питомниктерде негізгі тұқымдардан қарағай, қайың, қарағаш, үйеңкі, қарақат, алма ағашы секілді тағы да басқа көшеттер өсіріледі. Егілетін ағаш материалдарының ассортиментін кеңейту және оның сапалық сипаттамаларын жақсарту мақсатында 2013 жылдан бастап жыл сайын Ресей Федерациясының Түмен облысындағы «Ахмечет» питомнигінен тез өсетін және сәндік тұқым түрлерінің (интродукциялар) ірі көлемі сатып алынады. Бұл материалдар одан әрі өсіріліп, тұқымдық және аналық материал болып табылады.
Осылайша, облыс аумағындағы орман алқаптарында тез өсетін әрі сәндік ағаш түрлерінің ассортиментін кеңейтуі есебінен қазір 100-ден астам ағаш түрі бар. Жалпы, басқарма табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп, заманауи ресурс үнемдеу технологияларын енгізуде. Мәселен, 2015 жылы Ақкөл орман шаруашылығы мекемесінде ауданы 51 гектарды құрайтын тамшылатып суару жүйесін қолданатын базистік питомник қайта құрылды, бұл суару кезінде суды 70 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. 1972 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауданы 51 гектар болатын Кіші Түкті орман шаруашылығы питомнигінің суару желісі мен қоршауына күрделі жөндеу жүргізіліп, жел сорғысы орнатылды. Сол тәріздес ауданы 23 гектар аумақты алып жатқан Маралды орман шаруашылығы мекемесінің питомнигінде де 2013 жылы суару желісі мен орман питомнигінің қоршаулары қайта жаңартылды. 2017 жылы жабық жерде ағаш және бұта түрлерінің екпе материалдарын өсіру үшін қыс мезгілінде жылытылатын, тамшылатып суару тәсілі бар ауданы 600 шаршы метрді құрайтын жылыжай салынды. Басқа да уақытша питомниктерде егіс алаңын кеңейту және отырғызу материалын суару үшін жел сорғыларын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Ағаш көшеттерін өсіру көлемін ұлғайту қажеттілігіне байланысты облыстық бюджет есебінен жалпы ауданы 86 гектар болатын 2 жаңа тұрақты орман питомнигін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Олар Зеренді ауданындағы «Бұқпа» орман шаруашылығы мекемесі және Атбасар ауданындағы «Маралды» орман шаруашылығы мекемесі аумағында салынады. Қазіргі уақытта бұл питомниктердегі құрылыс жұмыстарын аяқтауға қажетті бюджеттік өтінімдер жолданды.
Жыл сайын орманды күтіп ұстау мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізу кезінде жергілікті тұрғындар үшін 300-ден астам маусымдық жұмыс орындары құрылады. Биыл бұл мақсатта 369 тұрақты және уақытша жұмыс орындары ашылды.
Жалпы, Ақмола облысының әкімдігіне ведомстволық бағыныстағы орман шаруашылығының мемлекеттік мекемелері бойынша ормандарды молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың оң үрдісі байқалады.
Соңғы бес жылда 10743 гектар аумақ орманды алқапқа айналды, оның 2602 гектары орман дақылдарымен көмкерілсе, орманның табиғи жаңаруына және ағаш кесу мен өрттің табиғи өсуіне тосқауыл қою есебінен 8133 гектар алқап орман жабындыларына ауыстырылды.
Міне, өңірімізде орман алқаптарын молайту және қорғау мақсатында біраз жұмыс атқарылды, бірақ, алда одан да көп міндет тұр. Біздің облыс аумағының ормандылығы небары 5 пайызды құрайтынын ескере отырып, жыл сайын орман дақылдары отырғызылатын алаңдарды ұлғайту және ормандардың табиғи жаңаруына жәрдемдесу, ағаш кесу көлемін қысқарту, ормандарды қоқыстардан тазарту, елді мекендердің айналасында жасыл аймақтар құру, ормандарды өрттен қорғау жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Осы іс-шараларды іске асыру облыстың табиғи кешенін сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл жұмыстарды алда тұрған бұлжымас міндет деп ұғынған абзал.
Әділ ҚАНТАЕВ,
Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу
басқармасының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы.