Іргелі кәсіпорындар да ат салысуда

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері Ақмола облысының кәсіпорындары осы науқанға белсене қатысып келеді. Бұл қатарда танымал өндіріс орындары – «ENKI» ЖШС және Кazrost Engineering Ltd жеке компаниясы бар.

«ENKI» ЖШС –  Қазақстанның кірпіш өндірісінің флагманы. 2010 жылы пайдалануға берілген зауыт бүгінде елдегі кірпіш өндіретін жетекші кәсіпорындардың бірі. Жоғары технологиялық жабдық, автоматтандырылған процестер, тиімді басқару жылына 60 миллион кірпіш өндіруге мүмкіндік береді. 2021 жылы компания өндірісті кеңейтіп, тағы бір «ENKI Plus» цехын салып, жылына 30 миллион дана шартты кірпіш шығаруды қамтамасыз етті. Жақын болашақта Астанада осындай зауыт, сондай-ақ, Шымкентте газ блоктарын өндіру зауытының іске қосылуы жоспарланып отыр.

Кәсіпорын басшысы Мырзабай Әбдіқалықовтың айтуынша, жаңа цехтарды іске қосу сату көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, жалпы, өңірдегі құрылыс қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, кәсіпорын өндірістік секторды қалыптастырумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Компания Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысуға шақыруын да алғашқылардың бірі болып қолдады.

–Кәсіпорындарымыздың қызметкерлері, ал, бұл шамамен 360 адам, жалпы қалалық сенбіліктерге белсене қатысты. Жақында ғана біз Көкшетау қаласының Васильковка шағын ауданында аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргіздік. Біздің кәсіпорын сондай-ақ, Застанционный кентінде карьерлерде көшеттерді егуді қамтамасыз етеді. Бұған қоса, абаттандыру жұмыстары кезінде коммуналдық қызметтерді арнайы техникамен қамтамасыз етеміз, – дейді Мырзабай Әбдіқалықов.

Kazrost Engineering Ltd жеке компаниясы да экологиялық акция аясында ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға белсене қатысты. Компания ауыл және орман шаруашылықтары тракторлары мен өзге де машиналарын шығарады. Өндірістік қуаты жылына 1000 комбайнға дейін барады. Биыл жаңа цехтың құрылысын бастау жоспарланған. Бұл шара өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Компания қызметкерлері айналаны жинауға, қоқыстарды сұрыптап, шығаруға, ағаш егу жұмыстарына қатысады. Ал, жақында қызметкерлер мен жұртшылық өкілдері қатарынан экодесанттар жасағы Көкшетау қаласының Бірлік шағын ауданының бір көшесіне көшеттер екті. Алайда, компанияның «Таза Қазақстан» аясындағы ең үздік бастамасы осы шағын ауданда саябақ ашу болды.

Компания басшысының орынбасары Азамат Жақыповтың айтуынша, бүгінде абаттандыру жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Тротуар плиталары төселді, саябақ аймағында көшет егетін орын қарастырылған.

–«Таза Қазақстан» акциясына қатысу – бұл экология мәселелеріне жұртшылықтың назарын аудару мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық мәдениетті, оның ішінде өскелең ұрпақтың бойында табиғатты қорғау дағдыларын қалыптастыру үшін ортақ мақсатта бірігу тәсілі, – деп атап өтті бұл ретте, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек. Расында, солай ғой.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар