Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шортандының шаруасы  ілгері басқанымен мәселелер де жеткілікті - АРҚА АЖАРЫ

Шортандының шаруасы  ілгері басқанымен мәселелер де жеткілікті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін баяндады. Жиын барысында жиналған жұртшылық өңір басшысына толғандырған сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауап алып, орамды ойларын ортаға салды.  

Шортанды ауданы – Астана қаласы мен аймақ  тұрғындарына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі аймақ. Аудандағы ілкімді істер мен жарқын жетістіктер туралы облыс әкімі Марат Ахметжанов халықпен есеп беру кездесу барысында да атап өтті.

Өңір басшысы алдымен жиналған халықты ауданның құрылғанына 85 жыл толуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Ол өз сөзінде аталмыш ауданның облыстың өнеркәсіптік өндірісіне қосқан жалпы үлес көлемі 7 пайыздан жоғары екендігін атап өтті.

– Ауданда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Сондай-ақ, ұн өндіру көлемі артып келеді.  Алты жобаны іске асыру есебінен биыл ғана мұнда 119 жаңа жұмыс орны құрылды. Ауданның жоспарында жыл соңына дейін бордақылау алаңын, орман селекциялық-тұқым өсіру питомнигін ашу және диеталық тамақтану өндірісін іске қосу көзделген, соның есебінен 240-қа жуық жұмыс орны ашылады, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Ерекше екпін түсіре атап өтерлігі, биылғы жылы аудан диқаншылары егін жинау науқанын жақсы нәтижелермен аяқтады. Биылғы жылы жаздық егіс 256 мың гектар алқапта жүргізілді, өнімділік гектарына 16 центнерге жетіп, 340 мың тонна астық жиналды. Айта кету керек, астықтың сапасы өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда жоғары, яғни, 60 пайыздан астамы үшінші класты өнім. Алғашқылардың бірі болып «Петровское» және «Октябрьское» серіктестіктері күзгі жиын-терін жұмыстарын аяқтады, оның ішінде механизатор Александр Ковалев, бригадир Андрей Синяк, комбайнерлер Азамат Күйтенов пен Иван Высочинский есімді азаматтар  алғашқы лектен көрінді.

Биылғы жылы ауданның аграршыларын мемлекеттік қолдау мақсатында 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаражатқа техника паркін жаңарту, сапалы тұқымдардың, минералды тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының қолжетімділігі үшін қайтарылмайтын субсидиялар ұлғайтылды.

– Аудан аграршылары мемлекеттік бағдарламаларды белсенді пайдалануда. Мысалы, «Кен дала» бағдарламасы бойынша тоғыз өтінім, «Кен Дала-2» бойынша – жеті өтінім төленді. Жыл басынан бері 89 бірлік техника сатып алынды. Мемлекет тарапынан қолдау айтарлықтай. Сонымен қатар, ауылдың дамуы, оны абаттандыру және ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау бойынша әлеуметтік жауапкершілік түрінде агробизнестен қайтарым болуы тиіс, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы өз сөзінде  ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға және табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше тоқталды. Мәселен, өткен жылы ауданда 53 миллион теңгеге 10 жоба несиелендірілген. Солардың қатарында Мықтыкөл ауылында өз кәсібін дөңгелетіп отырған «Рысбек Дәулет» жеке кәсіпкерлігі жолаушылар мен багажын тасымалдау бойынша қызметтер көрсету ісін қолға алып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде, сондай-ақ, Дамса ауылында «Хуан Манарбек» жеке кәсіпкерлігі қой шаруашылығын дамытумен айналысса, Шортанды кентінің тұрғыны Жайнагүл Ерланның «АЙЗЕРЕ» жеке кәсіпкерлігі бетон блоктарын дайындау бойынша цех ашуды қолға алып отыр.

Ауданның тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Тарқатып айтар болсақ,  Бозайғыр мен Төңкеріс ауылдарындағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Егемен, Гуляй поле, Бозайғыр, Жолымбет, Ключи, Шортанды ауылдарында су құбырлары желілерін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынған, Дамса және Научный кенттерінде кәріз жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ, Новокубанка  мен Төңкеріс ауылдарында электрмен жабдықтау желілерін қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биылғы жылы Новокубанка ауылында дәрігерлік амбулаториясы және Ключи ауылы мен Төңкеріс станциясында фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің   құрылысы басталды. Аудандық аурухананың жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Мемлекет тарапынан ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелері жоспарлы түрде шешіледі. Бөлінетін қаражаттың едәуір көлеміне қарамастан, ауданда әлі күрмеулі мәселелер жеткілікті. Сондықтан, кіріс бөлігін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс істеу қажет, бұл облыстық бюджетке тәуелділікті азайтады және көптеген мәселелерді өздігінше шешуге мүмкіндік береді, – деп қорытындылады облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар, есептік кездесу барысында өңір басшысы Мықтыкөл және Новографское ауылдарынан балаларды тасымалдау үшін автобус сатып алуға қаражат бөлуді, сондай-ақ салынып жатқан нысандарға, оның ішінде құрылысы 2018 жылы басталған Төңкеріс ауылындағы көптен бері көп ауызында жүрген, құрылысы ұзаққа созылған балабақшаға бақылауды күшейтуді тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда аудан тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы, инфрақұрылымға және жылыту маусымының барысына қатысты мәселелерді көтерді.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

 Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар