Жомарт Әбдіхалық – жалынды журналист, зерделі зерттеуші, ұлағатты ұстаз
Жомарт ағаны студенттік кезден білетінмін. Сырттай. Республикалық «Лениншіл жас» газетіндегі солтүстік өңірден – ол кездегі Целиноград облысынан жолдаған материалдарынан оқып, біліп отыратын едік. Сол заманның әлеуметтік желісі саусақпен санарлық республикалық, одан қалды облыстық, аудандық газеттер еді. Жұрт мұқым жаңалық – хабарды сол дәстүрлі басылымдардан оқитын, елең еткізерлік танымдық, сараптамалық материалдарды астын сызып отырып мұқият зерделейтін. Ордалы ойларды саналарына сіңіретін. Тағы бір қызығы республикамыздың төрт бұрышындағы қаламының желі бар журналистер бір-бірлерінің есім-сойларын жатқа білетін.
Қазақ журналистикасындағы сондай аты-жөні журналистік ортада жиі ауызға алынатын, мақалалары республикалық «Социалистік Қазақстан», кейіннен «Егемен Қазақстан», «Лениншіл жас», қазіргі «Жас алаш» газеттерінде жарияланып тұратын қаламгердің бірі Жомарт Әбдіхалық болды. Жомарт Сафиұлының танымдық, әлеуметтік-саяси тақырыптарды қаузаған публицистикалық туындылары «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Жалын», «Ақиқат», «Таң-Шолпан» журналдарында дүркін-дүркін жарияланып жататын.
Қара сөздің хас шеберімен ең алғаш бетпе-бет жүздесуім 1986 жылдың мамыр айында болса керек. С.М.Киров атындағы КазГУ-дің журналистика факультетін бітіріп жатырмын. Алдымда екі жол тұрды: біріншісі – осы университеттің журналистика факультетінің аспирантурасына қалдыру туралы кафедра меңгерушісі профессор Тауман Амандосовтың ұсыныс-шешімі. Екіншісі – оқу ордамыздың ректорына шақыру-ұсыныс форматында жолданған «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Балғабек Қыдырбекұлының хаты. «Қайсысына тоқталсам екен» деп екі ойлы болып жүргенде факультетімізге медианың екі майталманының келіп қалмасы бар ма.
Әдеттегідей сабақта отырғанбыз. Бір сәт факультет деканы Темірбек Қожакеев бастап аудиторияға екі аға кіріп келсін. Деканымыз аңқылдаған қалыпта дәңгірлеп сөйлеп жүр: «Сіздер сұраған Тоқтағазин осы жерде сабақта отыруы тиіс, сабақ кестесі бойынша» деп қояды. Топтың алдына шыққан Ақселеу Сейдімбек ағамды бірден таныдым. Ал, жанындағы ұзын бойлы, кәстөм-шалбары шыттай әдемі, ойлы, салмақты, найзадай тік аққұба ағаны тани қоймадым. Ақселеу ағаммен еркін тілдесіп, жылы жүзімен аудиториядағы студенттерді баурай жөнелгеніне қарап Ақаңның досы болар деп тұспалдадым. Өздері Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газетіне журфактың бір-екі студентін шақыра келгендерін баяндап үлгірді. Арада 10 минут өткенде мені деканның кабинетіне барып әңгімелесуге шақырды.
Шынымды айтсам, Алматыда қалуға толық мүмкіндігім белгілі болған маған облыстық газет деген тақырып онша қызық көрінбеді. Бірақ, «Білім және еңбек» журналының редакторы қызметіндегі Ақселеу ағаның кабинетіне жиі барып, ақылын тыңдап жүрген мен еңселі екі ағаның көңілін қимай, соңдарынан ілестім. Деканның кабинетіне келген соң Ақселеу аға алыстан келген досын таныстырды: «Мұратжан, бұл ағаңның есім-сойы Жомарт Әбдіхалықов» дегенше тек тұрмай: «Целиноградтан жиі мақала жазып тұратын аға, білем», – дедім жедеғабыл тіл қатып. Бұйымтайының шет жағасын естідің. Қазір өз аузынан естисің. Менің айтпағым мынау: «білем, «СҚ»-дан шақыртып жатыр екен – журфакты тәмамдағасын. Бірақ, мынаны көкейге түюге ақыл-кеңес берген болар едім. Шын мәнінде республикалық деңгейдегі журналист болғың келсе, Алматыда бірден қалуға асықпа. Мен «Лениншіл жастың» Қарағанды, Мұхтар Шаханов Шымкент, Фариза Оңғарсынова Батыс облыстардағы, мына отырған Жомарт ағаң Целиноград облысындағы меншікті тілшісі болды, солай шыңдалдық. Содан жаман болдық па? Қазір бәрі де республикалық деңгейдегі қаламгерлер. Сондықтан, алысқа сілтеу үшін елге барып, журналистік мектептен өткен жөн дер едім.
Келесі сәтте бізге байыппен қарап, үнсіз тыңдап отырған Жомарт ағам әңгімесін бастады: «Ақаң өте құнды ақылын айтты. Кезінде біз де астанада бірден қалмай елге кеттік, бірден қалу мүмкіндігіміз болса да. Алайда елге, аймаққа жақындағанның журналист ретінде шыңдалуға берері мол. Кабинетте қамалып отырмайсың, қалаған уақытыңда аудан, ауылдарды аралап, қайнаған тіршіліктен очерк, мақалаларды өндірте жазуға мол мүмкіндік бар. Оның үстіне Алматыда қалған курстастарымыздың пәтерден пәтерге көшіп, қиналып жүргендерін көріп жүрміз ғой.
Аққұба ағамның бұл айтқандары онсызда белгілі ғой деген оймен көңіл үшін тыңдап отырған мені келесі сөзі елең еткізді: «Целиноградта неміс тілінде шығатын «Фройндшафт» газеті Алматыға көшкелі жатыр, 32 пәтер босайды. Соның жартысы біздің редакцияға, 16-сы орысша шығатын облыстық газет қызметкерлеріне бөлінеді. Газетіміздің басшысы Октябрь Қайырұлымен, редколлегия мүшелерімен ақылдасып, ұжымды университеттің журналистика факультетін жаңа бітірген, талантты бір кадрмен толықтырсақ деп шешім қабылдадық. Сенің мақалаларыңды «СҚ»-дан, «ЛЖ»-дан оқып тұрамыз, жазбаларың ұнады. Оның үстіне Ақселеу ағаң да сенің кандидатураңды ұсынды. Оның үстіне бара салысымен бірден пәтердің кілтін қолыңа ұстатамыз.
Жомарт аға сөйлегенде көздерімен адамның бетіне тік қарайды екен. Сөздерін түйдектете төккеннен кейін, жылы жүзімен «бұған не айтасың» дегендей сәл кідіріс жасады. Ақаң да іліп әкетті: «Мұндай тамаша ұсынысқа келіспеу мүмкін емес қой» деп жадыраңқы, сұңғыла дидарымен тесіле қарады. Алдында жәй тыңдап отырған мен екі алыптың ортасында сасқалақтай бастадым. «Арман қала – Алматы деп келіп, осында тұрақтасам деп армандаған едім» дедім күмілжіп. Маңдайымнан қара тер бұрқ ете қалғанын сездім. Асқар таудай екі ағаның мысы басып, не сөйлеп, не қоярымды білмей отырып, аузыма келгені мынау болды: «Ойлансам бола ма?»
– Әрине, айналайын, ойлануыңа, ата-анаңмен ақылдасуыңа кешке дейін уақытың бар. Жомарт ағаң түнде ұшады. Соған дейін қабырғаңмен ақылдасып, қандай шешім қабылдағаныңды бізге, редакцияға келіп айтып кет, ағаң өз құлағымен естіп аттансын.
Қос қыранның ортасында қалған сары үрпек балапандай дағдарып отырдым да, рұқсат сұрап, деканның кабинетінен «ух» деп шықтым. Маған ең үлкен әсер қалдырғаны Жомарт ағаның жылы, мейірімді, ойлы жүзі болды. «Неткен кең пішілген, ақыл-парасаты дидарынан нұр боп төгіліп тұрған жан. Ой-ұсынысын жылы жеткізеді, тықпаламайды, соңғы шешімді қабылдауды өзіңе қалдырады. «Талантты жас кадрмен толықсақ» деген параметрге мені сиғызып тұрғаны ғой, бұл сені бағалау, пәтердің кілті келген бойда…»
Он сан ой құшағында қалдым. Қысқасы, «СҚ»-дағы ағаларға, әкеме айтып түсіндіріп, дипломдық жетекшім Тауман ағайға бетім қызарақтап айтып, Целиноградқа баратынымды асыл текті қос ағама жеткіздім-ау.
Университеттен диплом алысымен сәл демалған соң қасиетті Қараөткелге жеттім. Облыстық «Коммунизм нұры» газеті ұжымы құшақ жая қарсы алды. Әсіресе, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын Жомарт ағаммен әрбір жүздесу ерекше бір сәттер еді ғой. Ол кісі бастығым ғана емес туған ағамдай болып кетті. Очерк пен мақаланы қалай төгілдіріп жазу керектігі туралы бір сағаттық әңгімесі күні бүгінге дейін санамда сайрап тұр.
Ол кісі медиамәтін жазудың майталманы еді ғой. «Публицистиканың көркем жанрларымен жазғанда әрбір сөз, сөйлем ән салып тұрғандай әуезді, мағыналы болуы тиіс» дейтін сөзінің өзі неге тұратын еді. Мақалаңды қарап отырғанда кейбір сөйлемдеріңді «билетіп» жіберетін еді-ау! Облыстық ресми басылымда басшылық қызметте отырса да кейде публицистикалық пафостағы материалдар жазып, сол нөмірге «жан бітіріп» жіберетіні бар. Ал философиялық ой-тебіреністері мұхиттай терең болатын.
Ақселеуін асылындай қастерлеп…
Дос ұғымы бар. Әркімде кемінде 2-3 яки 4-5 дос болады, әдетте. Жолдас көп. Достың да досы бар. Кейбір досың туысыңнан да жақын болып кетуі мүмкін. Әсіресе, жан дүниеңнің қырық қатпарын, сезіміңнің сілкіністерін терең сезінетін, қуанышыңа ортақтасып, ренішіңді бөлісетін, ой тастап жұбататын дос өмірде сирек-ау.
Жомарт ағаның жан досы Ақселеу Сейдімбек еді. Зиялылығымен, теңіздей терең, телегей білімімен бөліскенде екеуін тоқтату қиын еді-ау. Алматыдан Астанаға ат басын бұрғанда Ақселеу ағаның басты түсетін үйі Жөкемнің шаңырағы еді ғой. Руханияттың тоқсан толғау тақырыптары лек-легімен кетіп жатады. Батыстың философтары мен шығыстың шайырларының шығармалары талданғанда жарыса сөйлеп, тереңнен таразылайтын.
Жомарт аға мен Ақселеу ағаның бір-біріне жазысқан хаттары сұрапыл еді-ау. Қайсар Әлім ағам құрастырған «Ақселеуге жаздым хат» жинағында небір жүрекжарды тебіреністер тізбектелген. 1986 жылы жазған хатында Жомарт аға досына былайша сыр сабақтапты: «Анамыз көз жұмғалы, міне, бүгін аттай 50 күн! Өзегім суырылып, егілмей еңіреген күндер марқұмның бүкіл ғазиз дидарын жадыма қайта бір сіңіріп кетті… Мен Әлтай, Алдоңғар, Алдаберген есімді үш ұлы бас-аяғы бір жұманың ішінде қайтыс болып, тұлыпқа мөңірегендей сәттерінен кейін дүниеге келсем керек. Ол кездегі ел-жұрт қандай бауырмал, маған деген ықылас-тілеуде, айтуларынша, шек болмаған. Атымтай Жомарттай болсын деп ат қойған, тағы-тағы көптеген ырым-жырым, әлпештеулер болған. Әйтеуір оттың алды, судың тұнығын көріп ержеттік; әке мен шешенің қолынан келгенінен кенделік көрдім деп айта алмаспын, сірә. Осы күндері өзек суырған ойдың бір пұшпағы үнемі: «Баланың ата-ананың рухына мәңгілік тағзымынан басқа парыз өтеу шарасы түкке тұрғысыз екен-ау» дегенге сая берді. Ақ сүт ана мейірі немен өтелмек?! Өтей алармысың, сірә?!
Сенің жазған хатың, Серіктен, Болаттан келген көңіл-демеулері, басқа да ишарат-ықыластар желеп-жебегендей; есті іске, құнға тұрар жұмысқа маңдай тіреп, парыз өте, ғұмыр жалғастыр дегендей. Қайтерсің шарасыз жалғанға, дұрыс қой бәрі… Дұрыс.
Опасыздарға, ұсақ-күйкінің құлдарына отбасынан бастап Отан ауқымындағыларға дейін лағынет айтқың келеді, алысып, алып ұруға да бел буып шыққандайсың, бірақ… Бірақ қолбайлаулар қаншама? (201-бетте).
Енді бірде өзі өмір сүріп отырған қоғамының былық-шылығына ренішін білдіреді: «Біздін төлтума болмысымыздың тегі әріден екендігіне дәлелдер көбейді, бірақ ауызға алынып, ірге теуіп, әлемдік мәдениет шеңберінен орын алып орныққаны жоқтың қасы. Не саналы түрде ысырып ұстағысы келеді (оған кешегі съездегі ат-тонын ала қашқан байбалам сөздер желеу) немесе осы тектен қатерлі қауіп сезінеді. Көптің күнкөріс өктемдігі төмендей бермек қой!.. Бұған жуыр маңда дауа жоқ. Сонда ше?..
Социалистік ұлттық өркендеу одақтық деңгейдегі экономикаға бағындырылған. Экономикадағы үлкен үлесің – мәдениетті өркендетудегі үлкен үлес емес, мөлшерлі тиын-тебен ғана. «Правда» жариялаған съездің есебінде республиканың мемлекеттік музейін салуға жұмсалған аз-мұнша (9 миллион сом үшін!) қаржыға ирониялы кекесін айтылды. Не деген сорақылық?! Театр, мектеп, балалар бақшасы бәрі қосымша! Ақша, қосалқы шығын! Сөйтіп те социалистік ұлттық өркендеу болғаны ма?! Сөйтіп те марксшіл-лениншіл боламыз ба?!
Мазмұнға мән бермей үрке қараушылық дендеп тұр: япыр-ау, «алашордашылдық» қайдан тіріліп, ауыздарына қатер ретінде алынды? Тарих тереңіне бойлғанды біздің әдебиетшілер үшін неге жөн-жосықсыз іс деп қарайды? Иван Калита туралы шығарма үздік туынды ретінде «Роман-газетада» жарияланады, Чавилихан СССР Мемлекеттік сыйлығын алады, ал, біздегілер хан мен байдың қақтығысын дәріптеген ғана болып шығады? Өте қатерлі социологизм!
Бұған, ең алдымен, өзіміздің көрсоқырлығымыз желеу. Басқасын айтып қайтейін…».
Өмір болғасын бәрі тақтайдай тегіс емес қой. Жөкең Ақаңа кейде көкейін қынжылтқан ой-толғамдарын да жолдапты. Соның бірінде мәдениетті түрде бүй дейді: «Ақселеу! Үй іші амандық па? Шетел сапарың қалай болды? Мұндағы тіршілік те жүріп жатқан. Биыл демалыс өзіңмен дидарласқан сәттерден басқа мәнді із қалдырған жоқ. Ауыл-орамға, әке шаңырағына барып сәл-пәл көңіл құлазытып, күйзеліп қайттым. Семьялық шеңбердегі иті-тырқы жайлар етектен тартпай қала ма… …Абайды еңіреткен, Махамбеттің жүрегін қақыратқан тіршіліктен аса зауық, апа-мейірі, рахым табылар дейсің бе?! Бұған оқтай әзір, тастай бекемдік қана қажет екен де. Содан Нұрғиса жүрек жылытып (әрине, дарыны, халықтығы), біраз жадырағандай, тегеурін тапқандай халге келдім. Және сол күндері Серік келді Алматыдан. Оған да ойлағандай бап, құрмет бола қоймады, бірақ татаусыз көңілмен бір жасап қалдық. Келгенде алдынан шығып,кетерде соңынан қарағаннан өткен ықыластан басқа не бұйырады адамға?» (23.09.1986).
Қос зиялының интеллектуалдық биік деңгейін аңғартатын хаттары да аз емес. Өз басым Жомарт ағаның жұмыстан ерте шыққан сәттерінде «Кеңестер үйі» ғимаратына (Қазіргі Астана қалалық әкімдігі) 500 метрдей жақын орналасқан «Абай кітап дүкеніне» тартатынын байқадым. Кейіннен мені де жанына ертіп алатын әдет шығарды. Соның нәтижесінде мен де біраз кітап сатып алып, ағамен пікір бөлісетін болдық. Ол кісі кітапты тез оқитын: мен 300 беттік кітаптың 100-ші бетіне келгенде ағам аяқтап қоятын. Және қолынан қызыл, жасыл бояулы қаламдары түспейтін, ойдың орам ерекшеліктеріне орай астын сызып, түрлі белгілер қойып отыратын.
Жомарт Сафиұлы философия ғылымына ерекше ден қойды. Қашан көрсем де ол кісінің жұмыс үстелінде Аристотель, Иммануил Кант, Платон, Гегель, Гераклит, Конфуций, Рене Декарт секілді философтар мен қазақ ойшылдары Абай Құнанбайұлы, Жүсіп Баласағұн, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және басқа ойшылдардың кітаптары кезектесе орын алып жататын.
101 толғам, 1001 түйін (философиялық байып) атты кітабында қазіргі қоғамдық-әлеуметтік ахуал, еліміздің өміріндегі мәдени-рухани үрдіс, күнделікті өміріміздегі әр тұлғаның адами болмысының сыры бүкіл адамзаттық дамудың аясында және тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі, болашақтағы өркениет, демократия, жаңаша даму жағдайына байланысты ой тезіне салынып, өрнектелген.
Талай ғасырлар бойы миллиардтаған жандарды баураған даналардың ойларын дәріптеп, осы шағын кітабында тамаша пікір-ойларымен, толғаныстарымен оқырманды баураған. Жомарт Әбдіхалық дүние-тіршіліктің қалпы мен парқын біздің әрқайсымыз ұдайы еркін кешіп, терең байыптау үшін мынадай құрылым-жүйеге мән беруді ұсынады:
І. Болмыс — Ғалам — Уақыт.
ІІ. Тіршілік — Заман — Қоғам.
ІІІ. Адам — Ақиқат — Таным.
ІѴ. Тілек — Мұрат — Үміт.
Ѵ. Талап — Әрекет — Нәтиже.
- Шындық — Ғұмыр — Тағдыр.
ѴІІ. Арман — Жалған — Өмір.
Әрқайсысы бір-бірімен ажырағысыз тоғысып, өрімдесіп ұштасқан осы үш арқау жеті желіден тұратын 21 түйін ұғым-категория бойынша дүние – тіршіліктің бітімі мен қозғалысын бір аңдап, әркім ой-санасы, ақыл шамасы жеткенше берік көзқарас қалыптастыруға пейіл бұрса екен дейді автор.
Кітаптың әлқиссасында автор былайша атап көрсетеді: «…Қалай дегенмен, Дүниеде бәрі өзді-өзінен болып, өз ағысымен өтіп жатқандай. Бірақ осы жайға Адамның араласуына – демек, сол әлемді қабылдап түсіну-түсіндіруінен бастап оның алып іс-қимыл әрекеттеріне дейін мән беріп қарай бастасаң, – бәрін басқаша тұрғыдан байыптауға мәжбүрсің.
Адам өзі өз болғалы Дүние тылсымның да, өз болмысының да дәйегіне жетіп, таңдауын дөп баса алмай келеді. Осылайша қаншама ұрпақ алмасты.
Мен ондай дәйек енді де дәл және тез арада біржола табылады деп ойламаймын. Дегенмен, оны іздеуден еш жалықпаймыз.Ешқайсымыз да одан жалығып-жабықпауымыз керек! Мәселе осында.»
Жомарт Сафиұлының тәпсірлеуінде БОЛМЫС – бастапқы бар негіз. Ал, оның бастауы кеңістік-уақыт аясындағы материя қозғалысы. Ол бізге өзгермелі және шексіздік, тылсымдық сипатында көрініс береді. Оның мәніне жетіп, мағынасын ұғуға талпыныс Адам табиғатының ең ұлы қасиетіне айналған. Бірақ сол ұлы қасиеттің ауқымы мен нәтижесі әркім үшін әрқалай…
Ал, болмыс – алып Жаратылыс, ашық мәселе, оны біле беру, ұға беру ғана проблема, – дейді. Әзірге оны «біреу жаратыпты-мыс» немесе ол «өз-өзінен пайда болыпты-мыс» деген теологиялық, ғылыми болжамдар жете дәлелденбеген. Ал, көз жетіп тұрған дәлелдеулерді екінші жақ күні бүгінге дейін мистикалық желеулер тауып, мойындамай әлек. Мұны «күнәға» да, кінәға да айналдыру артық. Дегенмен, мына бір жай анық: Ғаламдық болмысты танып-білудің ғылыми парадигмасы, яғни, ХХІ ғасырдың 20-40 жылдарына дейінгі жинақталған деректер мен мәлім болған зандылықтар Болмыс әлемінің түзілісі, қалыптасу, даму бағдары өз-өздігінен, демек, материялдық құрылымдардың өзара байланыс, қозғалыс, өзгеріс ықпалдастығынан туындап отырғанына көбірек көз жеткізеді…
Автор сонымен қатар ҒАЛАМ, УАҚЫТ, ТІРШІЛІК, ЗАМАН, ҚОҒАМ, АДАМ, АҚИҚАТ, ТАНЫМ, МҰРАТ, ҮМІТ, ТАЛАП, ӘРЕКЕТ, НӘТИЖЕ, ШЫНДЫҚ, ҒҰМЫР және басқа ұғымдар туралы пәлсапалық терең ойларын ортаға салып, ғылыми-танымдық, публицистикалық сипатта терең талғаммен саралайды. Автордың білімінің тереңдігі мен ойлау жүйесінің өзгеше ауқымдылығына таңданбау мүмкін емес. Жомарт ұстазымыз өмір бойы жиған-терген, көкейге түйген ойларын сом алтындай кесек-кесегімен алдыңызға жайып салады. Автор сараптамаларынан еш мін таппайсыз, олардың баршасы логикалық түрде бір-бірінен өрбіп, дамып, сабақтастырыла баяндалады.
Кітап үш түрлі тараудан – кіріспеден, «Деректер. Тоғысқан ойлар. Толғамдар», «101 толғам, 1001 түйін» атты бөліктерден тұрады. Қара сөзбен жазылған бұл кітабында Жомарт Сафиұлы адам, қоғам, заман хақында өзінің көл-көсір білімімен маржан ойларын алғаусыз төккен. Автордың ойларын, жазбаларын терең түсіну үшін де арнайы ілім-білімнің болуы артықшылық етпес дегім келеді. Әсіресе, батыс философтарын талдай жөнелгенде қатардағы кейбір жандар сөйлемдерді аяғына дейін түсінбеуі де мүмкін. Алайда назар салып, ой жүгіртіп, жүректен өткізген адам зияллы, парасатты қаламгердің жазбаларына терең бойлары хақ.
Иә, Жомарт Әбдіхалық қазақ өркениетіндегі қайталанбас тұлғалардың бірі. Әттең, ғұмыры өлшеулі болды. Жазары әлі де көп еді. Хатқа түскені айсбергтің көрінетін тұсы ғана болатын деп сеніммен айта аламын. Жөкеңнің жарияланбаған қолжазбалары мен хаттары терең зерттелетін болса әлі де талай мағынасы мұхиттай терең маржан ойлары оқырманға жетеріне бек сенімдіміз!
Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі.
***
Жол үстінде үзілген өмір
Жалынды журналист, публицист Жомарт Сафиұлы Әбдіхалықты еске алу
Өлім – ғапыл, ажал – болжаусыз. Арада жиырма жыл өтсе де сол күнгі уақиға күні кешегідей жадымда.
Аздап салқын тиіп, емделіп, жұмысқа шыққан едім. Әдеттегідей ерте келіп, газеттің соңғы сандарын қарастырып отырған болатынмын… Телефон безек қағып қоя берді. «Шучье қалалық ауруханасынан хабарласып тұрмын. Кезекші дәрігермін. Сіздің редакторыңыз жол апатына тап болып, біздің ауруханаға жеткізілді. Ота жасауға алып кетті… Бізбен хабарлас болыңыз». Не дерімді білмей абдырап қалдым.
Ол кезде газет редакциясы әлі Көкшетауға қоныс аудармаған болатын. Жомарт Сафиұлы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясына қатысуға ерте жолға шыққан екен…
Арада екі сағаттан кейін қаралы хабар Астанаға жетті…
Жөкең, Жомарт Сафиұлымен алғашқы жүздесуім өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Қорғалжын ауданындағы «Қорғалжын» кеңшарының орталығы Шалқар елді мекеніндегі сегіз жылдық мектептің қабырғасында басталып еді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып біздерге дәріс берді. Осыдан кейінгі байланысымыз ұзақ жылдарға созылды.
Азаматтық борышымды өтеп, еңбекке араласа бастаған кезде, 1971 жылы редакцияға қызметке орналасуыма да дәнекер болған осы Жөкең еді.
Ол кезде Жомарт Сафиұлы С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін бітіріп келіп, «Коммунизм нұрында» (бүгінгі «Арқа ажары») қызмет ететін.
…Қазақтың біртуар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктен» бастау алған облыстық басылымның бір ғасырдан астам шежірелі тарихында күні бүгінге дейін 18 қаламгер ұжымға басшылық жасаған екен. Әрине, заман толқынына сай басылымның атауы сан рет өзгергенімен, оның тізгінін ұстаған басшылар облыс өңірінің айнасы аталған басылымның мазмұн-мағынасын заман ағымына, қоғамдағы саяси ахуалға орай бағыштап үн қосып отырғаны анық. Осы ретте Жөкең шығармашылық ұжымды басқарған жылдары да редактор ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды деп толық сеніммен айтуға болады. «Арқа ажары» сол жылдары оқырмандарыңыздың берер бағасына сілтеме жасасақ, өзіндік бұқаралық сипатымен, байсалды да орнықты мазмұнымен облыс өңірінің айнасына айналған республикадағы танымал басылымдардың қатарында аталғанының куәгеріміз.
…Газет аптасына бес рет шығады, материалдарды конвейерше жұтып жатқаны. Әсіресе, қауырт науқан – көктемгі егіс, егін орағы кезінде қарбалас жұмыстан бас алмаймыз. Жөкең партия тұрмысы бөлімінде. Басшысы – Октябрь Әлібеков. Бөлімдегі «Өркен» деп аталатын жастар бетіне жауапты. Қаламын қолынан тастамайды деуге болады. Газетіміздің күн ара санында көлдей материалы жарық көріп жатқаны. Біз, жастар «осының бәрін қалай үлгереді?» деп те таңданатынбыз.
Осы орайда айта кететін бір жай, Жомарт Сафиұлы жеті жылдай республикалық «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінің Целиноград, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі болып қызмет етіп оралды. Міне, осы кезеңнен бастап оның шығармашылық қызметі өмірінің соңғы сәттеріне дейін облыстық басылыммен тікелей байланысты өтті. Бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1995 жылдың тамыз айынан «Арқа ажарының» шығармашылық ұжымын басқарды.
…Оқырманның қолына күнде ертеңгілік тиіп жатқан газеттің жұртқа беймәлім ішкі жұмыстарының қым қиғаш, сан алуан сырлары болады. Кезекті нөмірдің идеясы, оны жоспарлау, әр бетке түсетін материалдарды екшеп, іріктеп, күн тәртібіне сай орналастыру, материалдардың орналасуы, пішімін белгілеу. Авторлардың аудандарының географиясын анықтау, әрине, бір адамның шаруасы емес, бүкіл ұжым атқаратын қарекет. Міне, осы жағдайда Жөкең өте көрегендік танытатын.
Ал, мерекелік нөмірлер, арнаулы беттерді әзірлеуде «жеті рет өлшеп, бір рет пішетін» кездеріміз болатын. Заман ағымын ескеріп, жоғары жақтың кейбір тосқауылдарын, «артық кетпеңдер» деген ескертулерін де ескере отырып, газет өз идеясын ешкімге зиян тигізбей жүзеге асыратын. Жаңашылдыққа, тыңнан сүрлеу салуға Жомарт Сафиұлы қаламдастарына жөн сілтеп, қолдап, қамқоршы болып отырды.
Жомарт Сафиұлы облыстың, қаланың қоғамдық өміріне белсене араласты. Сол жылдары қаламыздағы қазақ мектептерінің, қазақ сыныптарының ашылуына, ұмытылып бара жатқан ақындар айтысының жандануына, Ақмола атауының қайтарылуы, қазақ тілі мәртебесінің артуы, «Наурыз» мейрамы негізінде «Қымызмұрындық», «Той бастар», «Беташар», «Қыз ұзату» сияқты салт-дәстүрлеріміздің жандануы сияқты мәселелер газетіміздің негізгі тақырыптары еді. Ол сол кездегі құрылым қалалық партия комитетінің бюро мүшесі, халық депутаттары қалалық Кеңесінің депутаты ретінде облыс орталығындағы алғашқы қазақ басылымы «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Астана ақшамы») газетін ұйымдастырып, негізін қалаған болатын.
Шығармашылығын да ұмыт қалдырған жоқ. Газетімізде «Не оқып жүрсіз?..», «Не көріп жүрсіз?..» деген айдар ашып, апта сайын материал жазып, оқырмандар ықыласына бөленді. Проблемалық, публицистикалық мақалалары, философиялық эсселері, көлдей-көлдей очерктері өз алдына.
Жиырмасыншы ғасырдағы әлем ойшылдарының ой қазына антологиясының жобасын құрастырып, авторларының шығармаларын астаналық қаламгерлерге қазақшаға аудартып, баспаға әзірлеп, редакторлық етіп құрастыруды қолға алды. Бұл толымды жинақ өзі марқұм болғаннан кейін жарық көрді.
Осы дүниелерді оқығаннан кейін өзім ой елегінен өткізіп, ойлайтынмын: «мыналар дайын тұрған диссертация ғой, неге кәдеге жаратпасқа…» деп. Оған оның қаламынан шыққан «Шарболат сенім», «101 толғам, 1001 түйін» еңбектері куә. Арманы – ұлт философиясын ғылыми негіздегі жүйемен ұсыну еді. Жоғарыдағы антологияны құрастыру да осы бағыттағы алға қойған мақсаты болатын.
Халқымызда «Хас жүйріктің белгісі, аз оттар да көп жусар, Азамат ердің белгісі, аз сөйлер де көп тыңдар» деген даналық сөз бар. Бұл сөз қай кезеңде, кім айтса да – ықылым заманнан бері көшімізге ілесіп келе жатқаны анық. Мәңгілік мекеніне қоныс тепкеніне жиырма жыл толып отырған Жомарт Сафиұлына осы ойдың тікелей қатысы бар деген ойдамын. Табиғат бойына дарытқан мінезінде сабырлылық басым болатын. Өте сырбаз, аса сыпайы еді. Өзін тік, жаратқан сәйгүліктей қағылез ұстатпайтын. Талғаммен, әдемі киінетін. Артық сөзге жоқ, сезімталдығы ерекшеленіп тұратын.
Тағы бір айтып өтерлік жай, өзіміз куә болған, Жомарт Сафиұлы басшылық жасаған жылдары газет шежіресінде талай аумалы-төкпелі кезеңдер болды. Нарық қыспағына алды, қаржы тапшылығы деген сияқты. Міне, осы кезеңдерде Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық өзінің беделі, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабылеті арқасында облыстық басылымның оқырман талғамына сай дер кезінде басылып шығуын, таралымының сақталып қалуына қол жеткізгенін ұмытуға болмайды.
Иә, 2004 жылдың 1 сәуір күні Жомарт Сафиұлы 60 жасқа толған болатын. Осыған орай облыс орталығы – Көкшетау қаласында басшылық, зиялы қауым өкілдері, белгілі жазушы Естай Мырзахметов бастаған қаламгерлердің қатысуымен мәдени шара ұйымдастырылған-ды.
Осындай бас қосуды кейінірек Елордада өткізу жоспарланған болатын. Осы кезеңде облыс басшылары ауысып, қат-қабатымен келетін маусымдық жұмыстар жалғасып, оның мерзімі жиын-терін аяқталған соң, күзге шегерілген еді.
Осы сапарында Жөкең басшылықпен оны өткізу мерзімін белгілеуді анықтап келуі тиіс еді.
Алаштың азаматын аза тұтқанымызға да 20 жыл өтті. Ұрпақ жалғасуда. Біршама өзгерістерді бастан кештік. Сөзден сурет салған, қаламгер басшымыздың жарқын бейнесі көзден көмескіленгенмен көңілден берік орын алғандай.
Жомарт Сафиұлы Әбдіхалық республикалық Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, екі мәрте «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
Иә, қазаның арты өкініш. Өкіне отырып, өкси отырып, шүкіршілік етеміз. Заман өзгеріп, көш ілгері тартар. Ұрпақ ауысар. Қалай дегенмен де «Еліне елеулі, халқына қалаулы» атанған қаламгердің, қоғамқайраткерінің, іскер басшының болмыс-бітімі, текті тұлғасы ұмытылмайтыны ақиқат.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
«Арқа ажары» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары.