Елдік – елге мұра, ұрпаққа – ұран  

Ақмола облысының білім беру ұйымдарында Ұлы Отан соғысының қатысушысы, қазақ азаматы, офицер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына орай  бірыңғай  сынып сағаты өткізілді.  Сынып сағатына 138 мыңға жуық оқушы қамтылды.

Қосшы қаласындағы Р.Қошқарбаев атындағы №1 жалпы орта білім беретін мектебінде сынып сағаты салтанатты атмосферада өткізілді. Аталған мектепте Рахымжан Қошқарбаевтың соғыстан кейінгі жылдардағы өмірі мен қызметіне байланысты Мұражай экспонаттары бар. Іс-шара ҚР Қорғаныс министрлігімен өзара іс-қимыл кезінде өткізілді.

Жиынды  ҚР Қорғаныс министрлігінің үрлемелі оркестрі ашты, Ту салтанатты түрде шығарылды. Әскери-патриоттық клубқа қатысушы  оқушылардың  саптық дайындығы мен әскери-қолданбалы дағдылары көрсетілді.

Мереке  қонақтары ретінде  соғыс ардагері мен Рақымжан атамызды көзкөрген Нұрқасым Әжітаев,  сонымен қоса Қорғаныс министрлігінің өкілдері, ҚР ОАМ тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, халықаралық психологиялық ғылымдар академиясының корреспондент мүшесі, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының профессоры Анар Тәңірбергенова шақырылды. Іс-шараны өткізуге  «Даналық мектебі» клубының аға буыны белсенді қатысты.

«Құрметті балалар, бүгін  сіздерде сапалы білім алуға көп мүмкіндіктеріңіз бар,  мен сіздердің терең білім алып, жақсы азамат болуларыңды   тілеймін.  Өз Отаныңыздың  нағыз патриоттары болыңдар», –  деп оқушыларға Қошқарбаев Рақымжанмен жеке таныс болған ардагер Нұрқасым Әжітаев өз батасын берді.

«Рақымжан Қошқарбаев – Рейхстаг белгісі» сынып сағаты аясында оқушыларға ҚР Қорғаныс министрлігі дайындаған слайд материалы ұсынылып, Халық қаһарманының ерлігі мен өмір жолы көрсетілді. Сондай-ақ, оқушыларға Р.Қошқарбаевтың қолтаңбасымен жазылған соғыс жылдары туралы әдеби шығармалар ұсынылды.

Айта кетейік, іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру аясында өтті, қазан айы біздің балаларымыз бен жастарымыздың жүрегінде патриотизм мен Тәуелсіздік құндылықтарын тәрбиелеу тақырыбына арналған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар