Мемлекет құру жолындағы тарихи қадам

Осыдан отыз төрт жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.

Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал, 1995 жылдың қазан айында бұл күн ұлттық мереке болып жарияланды. Бірақ, 2001 жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесін жоғалтып, мемлекеттік мерекелер санатына ауыстырылды. 2009 жылы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы «Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойылды, оған сәйкес елде Республика күнін мерекелеу тоқтатылды, ал, 25 қазан жұмыс күні болды. Арада 13 жылдан кейін 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінгі тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойы жүргізген азаттық күресінің нәтижесі болып табылады. Азаттық, еркіндік, тәуелсіздік жолындағы күресте қолына қару алып, ұлт-азаттық қозғалыстарды басқарған қаһарман батырлармен қатар, Алаш қозғалысының өкілдері де өздерінің қоғамдық қызметі мен шығармашылықтары арқылы халықты ұйқыдан  оятуға тырысып рухани- идеологиялық күрес жүргізді. Қазақ қоғамында ел қамын ойлап, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырған қалың жұрт арасынан шыққан ел азаматтары әрқашанда болған. Н.И.Красовский интеллигенцияға дейін қазақ қоғамында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ойлаған топ – билер мен ақсақалдар рөлін анықтап, оларды мырзалар мен байлардан дараланып тұратын ерекше әлеуметтік категория деп түсіндіреді: «Халықтың құқықтары мен бостандықтарын билер мен ақсақалдар деп аталатын адамдар тобы қорғайды. Сондықтан, бұл топ қазақ қоғамында ерекше жоғары құрметке ие». ХІХ ғасырда Ресей арқылы қазақ қоғамына интеллигенция деген ұғымның енуіне байланысты ресми биліктің ұстанған саясатына сыни көзбен қарап, елдің азаттығы жолында айбынды идеологиялық күрес жүргізген Алаш қозғалысының негізгі дәнекерлері – ұлттық интеллигенция немесе ұлттық зиялы қауым деп атала басталды. ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысының өрістеп қуатты саяси күшке айналуына ат салысқан ұлттық зиялы қауым өкілдерінің тұлға ретінде қалыптасуына оқу орындарында білім алған уақыттары әсер етті. Ресей үкіметі қазақ жерінде қазақ балаларына арналған қазақ-орыс мектептерін ашу арқылы империялық әкімшілік үшін аудармашы шенеуніктерді дайындау мақсатын көздеген. Бірақ, еуропалық үлгідегі білім ордаларында оқыған жергілікті ұлттың жастары демократия, гуманизм, республика және азаттық пен теңдік сияқты көкейкесті мәселелер негізінде өздерінің азаматтық көзқарастарын қалыптастырады.

Сондай-ақ, XX ғасырдың басындағы қазақ ұлттық зиялы қауым өкілдерін бір тудың астында біріктірген Алаш идеясына талдау жасасақ, ол ақтардың да, қызылдардың да саясатымен үйлеспейтін ұлттық жаңару жолы болды. «Алаш» сөзі қазақ тарихында ертеден кездеседі. Оның мағынасы елдік, тұтастық, айбарлық деген бірнеше ұғымдарды жинақтайды. Алаш қозғалысының басында әлемдік деңгейге сай білім алып, демократиялық және азаматтық идеялармен қаруланған, ұлы даланың сан ғасырлық құндылықтарын бойларына сіңірген Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, М.Шоқай, Б.Қаратаев сияқты ұлтжанды тарихи тұлғалар тұрды. Алаш қозғалысына мұрындық болған зиялы қауым саны көп емес еді. Тарихшы ғалым Хангелді Әбжановтың деректеріне сүйенсек, «патшалық құрылыстың соңғы 30-40 жылы ішінде 5 миллион қазақтан 100-ден астам ғана жоғары дәрежелі білім иесі шыққан». Алаш партиясы қатарына кіргендер саны 300-ге жетер-жетпес қана болған. Бірақ, бұлар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар болды. Отарлаушылар сайын даланың серкелерін уысынан шығармау үшін небір құйтұрқы саясат жүргізіп, араларына от тастау, араңдату, жанжалға итермелеу амал-шарғыларын іске қосса да, Алаш зиялылары жеке басының қамын ойламай, ұлт азаттығын  ұлы мақсатқа айналдырды. Азаттық идеяны көздеген зиялы қауым саяси-идеологиялық күресте панисламдық және батысшылдық ағымдарды жақтағандарына қарамастан ұлтының азаттығы жолындағы күресте бір тудың астына біріге алды. Осылайша ұлттық зиялылардың үгіт-насихатының және олардың тікелей араласуымен XX ғасырдың басында бүкіл қазақ даласында азаттық жолындағы саяси күрес өрістеп дамыды. Қазақтардың негізгі орналасқан жерлері жазғы жайылымдар мен үлкен жәрмеңкелерде жиындар өткізіліп ресми билікке петициялар жасалды. Осындай петициялардың бірі Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және Ж.Ақпаевтар дайындаған «Қарқаралы петициясы» болды. Бұл құжатта Ресей үкіметінің алдына экономикалық, мәдени-рухани, әлеуметтік талаптармен қатар алғашқы саяси талаптар да қойылды. Атап айтқанда жергілікті өзін-өзі басқару және қазақ даласындағы отарлау саясатын айыптау.

Сонымен бірге, бірінші орыс революциясы жылдарында шақырылған I және II Мемлекеттік дума жұмысына жергілікті ұлттан сайланған депутаттар қатысып, азаттық жолындағы Алаш идеясына дем беріп, күресті жаңа саяси деңгейге көтерді. Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаевтар орталық билікке туған халқының мұң-мұқтажы мен солақай саясаттың салдарынан тартып отырған қасіретін ашық түрде жеткізіп, ел сенімін ақтай білді. Орал облысынан  II  Мемлекеттік думаға депутат болып сайланған Б.Қаратаев патша үкіметінің қазақ жеріне қоныс аудару саясаты жөнінде былай деген: «Біз қырғыз-қайсақтар (қазақтар) біздің бауырларымыз шаруалардың жерге деген тапшылығын түсінеміз. Біз оларға жер беруге дайынбыз. Бірақ, артық жер өте аз. Ал, қазір жүріп жатқан қоныс аудару қырғыз-қайсақтарды (қазақтарды) көшіруге әкелуде… Қырғыздарды (қазақтарды) жерлерден емес үйлерінен көшіріп жатыр». Осы кезеңде, II  Мемлекеттік дума таратылғаннан кейін патшаның «3 маусымдағы заңы» шығып, қазақтардан III  Мемлекеттік думаға депутат сайланбайтын болды. Бұл оқиға жергілікті өлкедегі саяси жағдайды одан сайын ушықтырып, азаттық жолындағы күресті шындай түсті. XX ғасырдың басындағы қазақ жеріндегі азаттық пен тәуелсіздікті пір тұтқан Алаш идеясының өрістеп дамуы бүкіл әлемдегі азаттық қозғалыстар толқынымен қатар келіп, ұлттық сана-сезімнің оянуына әкелді. Қазақ даласын түгел қамтыған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс барысында азаттық жолындағы күрес жаңа деңгейге көтерілді.

Алаш зиялыларының азаттық жолындағы идеологиялық күресі саяси тұрғыдан әбден пісіп-жітіліп егемен елдің іргесін көтеретіндей дәрежеге жеткенде ұлттық идеяға тірек болып, оны іс жүзінде жүзеге асыратын ұлттық буржуазиялық өнеркәсіптік топ қажетті шамада қалыптаспай, саусақпен санарлы ғана адамдардан тұрды. Дегенмен, ұлттық зиялы қауым өкілдері бастарына төнген қауіп-қатерге қарамастан азаттық жолындағы күресті асқан айбарлықпен үздіксіз түрде жүргізді. М.Дулатовтың «Оян қазағы» мен А.Байтұрсыновтың «Масасы» сияқты Алаш белсенділерінің шығармалары халықтың сана-сезімін оятуда үлкен рөл атқарып, патша үкіметінің озбырлық саясатын әшкерелеп, халықтың мұң-мұқтажын жырлады. «Оян қазақ» идеясының жаңа ұлттық идеяға айналуы 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін іске асырылды. Ендігі жерде 1917 жылдан Алаш идеясы азаттық жолында ашық күреске түсіп, нәтижесінде 1917 жылдың жазында Орынборда жалпықазақ  съезінде  Алаш партиясы құрылды. Съезде дайындалған он бөлімнен тұратын партияның бағдарламасы 1917 жылғы қарашада «Қазақ» газетінің бетінде жарияланды. Партия бағдарламасының «Мемлекет қалпы» деген бөлімінде қазақ елі Ресейдің құрамындағы автономия болып құрылу керек делінді. Оған қоса, баспасөз бетінде партия бағдарламасының басқа бөлімдері де («Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Салық», «Жұмысшылар», «Ғылым білім үйрету», «Жер мәселесі») кеңінен жарияланылды. XX ғасырдың басында жанданған тәуелсіздік үшін күрес жүргізген алаш идеясы, тек XX ғасырдың аяғында, 1991 жылдың желтоқсанында іске асырылды.

Сонымен бірге, XX ғасырдың басындағы жергілікті баспасөз құралдары идеологиялық күресті жүргізудің басты құралына айналды. 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетінің редакторы Алаштың ардақты ұлы А.Байтұрсынов болды. Оның басқа басылымдардан ерекшелігі, ол ресми бағытты ұстанған жалпыұлттық газет  болды. 1905 жылғы патша манифесі сөзбен баспасөз бостандығын жариялағаннан кейін бірқатар газет, журналдар жарық көрді. 1911 жылы Тройцкіде қазақтың алғашқы журналы «Айқап» жарық көрді, оның редакторы белгілі ақын, журналист М.Сералин болды. 1914 жылдан Омбы қаласында ағартушы Қошке Кемеңгерұлының редакторлығымен «Балапан» қолжазбалық нұсқадағы журналы және 1915 жылдан Уфа қаласында Б.Майлин мен Ж.Тілепбергеннің жетекшілігімен қолжазбалық нұсқадағы «Садақ» журналдары шығып тұрды.

Алаш азаматтарының жасаған ерліктеріне қарап, қазіргі кезде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен қазақ тілін дамыту сияқты мәселелерді шешуде бабаларымыздың ғасыр бұрын жасаған ерліктерін неге қайталамаймыз деген ой келеді. Иә, кезінде Алаш азаматтары үшін асыл арман болған тәуелсіздік идеясы орындалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып, әлем елдерімен терезесі тең саясат жүргізеді. Ал, өз елімізде ұмыт болуға айналған ана тіліміз – қазақ тілі мемлекеттік тіл статусына ие болды. Осы емеспе еді Алаш қайраткерлерінің алға қойған басты мақсат мұраты. Ұлттық идеяны қорғаған Алаш қайраткерлері «үлкен террордың» құрбаны болды. «Ғалымның хаты өлмейді, ақынның аты өлмейді» дегендей Алаш зиялыларының шығармашылығы әрқашан туған халқының жадында. Бірақ олар жай ғана ғалым, ақын, ағартушы болған жоқ, Алаш азаматтары қазіргі ұлт тағдырының болашағы мәселесі көтерілген тарихи күрделі кезеңде өмір сүріп, ұлт мүддесін жеке бастарынан жоғары қойған ұлтжанды тарихи тұғыры биік тұлғалар болды.

Қара сөздің шешені халқымыз «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, қазіргі біздің қол жеткізіп отырған тәуелсіздігіміз үшін күресте атылып кеткен Алаш азаматтарының қоғамдық-саяси қызметін лайықты дәрежеде зерттеу біздің тарих алдындағы қасиетті борышымыз. Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін жай ғана зерттемей, олардың ұлттық идея үшін күресін болашақ ұлтжанды азаматтарды тәрбиелеуде басты құрал ретінде пайдалану керекпіз. Қазіргі жастарымыздың әрқайсысы өздеріне-өздері «Мен туған елім үшін не істей алам?» деген сұрақ қойып жатса, егемен еліміздің ертеңінің берік болатынына сеніміміз арта түседі. Өйткені, тәуелсіздік біздің ең басты байлығымыз, ең басты бақытымыз, ең басты жетістігіміз. Сөз соңында, барша Алаш елін айтулы Республика күнімен құттықтап, Отанымыз тыныш, халқымыз аман болсын деген тілегімді білдіремін.

Марат ӨТЕГЕНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
Тарих, география және әлеуметтік-гуманитарлық
пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих
ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар