«Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әли өте орынды және дәл айтқан. Әуелі өз ана тілімізді білуіміз біздің әрқайсымыздың міндетіміз, парызымыз.
Ата дәстүр, ұлттық құндылықтар, қазақы мінез-құлық, осының бәрі бізге ең алдымен, ана тіліміз арқылы дариды. Әр қазақ баласының тілі ана тілімен шығуы, ол оның қасиетін біліп өсуі керек. Ананың ак сүтімен, бесік жырымен, ананың әлдиімен жүрегімізге қонған осы тіл ғана бізді ұлтжанды, отансүйгіш азамат етіп тәрбиелейді.
Оның үстіне біздің елімізде қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясында осылай жазылған. Демек, біз өзіміздің негізгі заңымыздың талабын орындап, қазақ тілін жетік білуге тиіспіз. Бұған қоса, казақ тілі дүние жүзіндегі ең бір әуезді, сөздік қоры өте бай, көркем тілдердің бірі болып саналады. Бұл – ұлы Абайдың, ұлы Мұхтардың тілі!
Сөйтіп, Қадыр ақын айтқанындай, біз ең алдымен өз тілімізді біліп, сосын барып өзге тілдерді меңгеруіміз керек. Бүгінгідей жаһандану заманында, яғни, бүкіл дүние, бүкіл мемлекеттер бір-бірімен араласып-құраласып өмір сүрген кезде басқа елдер тілдерін білу үлкен қажеттілік. Әсіресе, дүниенің қай түкпіріне барсаң да пайдалануға, қолдануға болатын ағылшын тілін, одан кейін неміс, француз, тағы басқа тілдерді білудің маңызы зор. Неғұрлым көп тіл білсең, соғұрлым ой-өрісің кең болып, білімің де толыға түседі. Білмегеніңді басқа адамдардан, ғалымдардан, әріптестеріңнен сұрап білуге жол ашылады. Сол себепті, мен Қадыр ақынның жоғарыдағы жыр жолдарымен өрнектелген азаматтық биік көзқарасын өте орынды айтылған пікір деп, аса жоғары бағалаймын!
Айсана СЕРІКОВА,
М.Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы гимназиясының
11 «б» сынып оқушысы.
Көкшетау қаласы.