Ақмола облысының әкімі Марат АХМЕТЖАНОВ:
«Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туған ауылы Тайтөбедегі мына ескерткіш те біздің бүгінгі және келер ұрпақтарымызды Отанға, тәуелсіздікке адал қызмет етуге мәңгі үндеп тұратын болады!»
Биылғы жылдың 19 қазан күні Ақмола облсының Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылында аса бір ерекше салтанат болып өтті. Бұл салтанатта туғанына сол 19 қазан күні 100 жыл толып отырған Қазақстанның халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткіш бюсті және саябағы ашылды.
1924 жылдың 19 қазанында дүниеге келген Рақымжан ҚОШҚАРБАЕВ анасынан да, әкесінен ерте айырылады. Өмірі Тайтөбедегі балалар үйінде өтеді. Әкесі отызыншы жылдардың құрбаны болған-ды.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Рақымжан әскерге баруға жасы толмаған еді. Соған қарамастан 1942 жылдың тамыз айында әскерге алынғанда, жасы 18-ге толар-толмас қана болатын.
Біздің даңқты жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев Ұлы Отан соғысының қан майданында от пен оқтың арасында жүріп, талай мәрте ерліктер көрсеткен болатын. Сол ерліктің ең бір айтулысы – 1945 жылдың 30 сәуірінде 14 сағат 25 минутта лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов Рейхстаг ғимаратының орталық бөлігіне қарай жер бауырлап жылжып жетіп, бас есіктің баспалдағы жанындағы колоннаға қызыл туды бекітіп қадағаны болатын.
Бұл-Ұлы ерлік! Бұл-Ұлы Жеңіс болатын!
Алайда Кеңес Одағы қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың бұл ерлігін мойындамады, бағасын бермеді. Туған халқы мен туған елі өз батырының ерлігін ешқашан ұмытқан емес. Лейнтенант Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайлы атақты Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов сынды батырлар көздері тірісінде айтып кетті. Көрнекті жазушы Кәкімжан Қазыбаев үлкен еңбек жазды.
Тәуелсіздігіміздің бір құндылығы сол болар, ешкімге жалтақтамай өз ерлерімізді өзіміз аспандататын күнге де жеттік!
1999 жылғы 7 мамырда Рақымжан Қошқарбаевқа Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді! Батыр бұл атақтың Жұлдызын омырауына қадай алмай кетті. Алайда батырдың өзі өлсе де, батырдың ерлігі оның өмірі болып, мәңгілік ерліктің мәңгілік жыры болып Қазақ даласында асқақ естіліп тұр!
Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Тайтөбе ауылындағы ескерткіш бюстін салтанатты жағдайда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықов, Қазақстанның Халық Қаһармандары Мұхтар Алтынбаев пен Бақытжан Ертаев және батырдың қызы Әлия Қошқарбаева ашты және салтанатта сөз сөйледі.
Батырдың ауылының сәні де әні бөлек бүгін! Соңғы жылдары Астана маңындағы елді мекендерді көркейтуге айрықша көңіл бөлініп отырғандығының бір жақсы жағдайын осы Тайтөбенің бүгінгі келбетінен тануға болар еді.
Енді, міне… батыр ауылының орталығындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы саябақтағы тұғырда Көк Туымыз желбіреп тұр! Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың асқақ мүсіні айбатымен ажарланады!
– Біздің халқымыз өзінің даңқты батырларымен мақтана алады. Биыл біздің жерлесіміз Сағадат Нұрмағанбетовтің туғанына да 100 жыл толып отыр. Батырдың туған жері –Ақкөл қаласында тастұғырлы батыр ескерткіші соғылды, – дей келіп облыс әкімі Марат Ахметжанов биылғы жылдың 17 сәуірінде Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сұрапыл соғыс жылдарында тамаша ерлік көрсеткен халқымыздың үш перзенттері Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевтың есімдерін айрықша атап көрсетіп, «Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ, награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін», – деген болатын.
«Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туған ауылы Тайтөбедегі мына ескерткіш те біздің бүгінгі және келер ұрпақтарымызды Отанға, тәуелсіздікке адал қызмет етуге мәңгі үндеп тұратын болады!», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Дәл бүгін… 2024 жылдың 19 қазан күні… Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толған күні батырдың туған ауылы Тайтөбеде батырдың атындағы саябақ және ескерткіш бюсті ашылды.
Бұл игі іс Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың батырға деген, аға ұрпақтың ерлігіне деген шынайы құрмет көрсету ниетімен іске асырылды.
Ерлікке бас ию де, ерлерге құрмет көрсету де азаматтық әрі парасаттылық әрі отансүйгіштік!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.