Жуырда тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өтіп, оған Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңадан тағайындалған басшылары Джанет Микишев пен Ардақ Төлендин шақырылды.
Отырыс барысында пікір алмасу ұйымдастырылып, жаңа басшылар өз салаларын дамытуға қатысты көзқарастарымен бөлісті, сондай-ақ, өткен жылдардағы тәжірибе негізінде тәлімгерлерден жұмыстың тиімді тұстары мен әдістеріне қатысты ұсынымдар алды.
Тәлімгерлер кеңесі мемлекеттік басқарудың сабақтастығы мен өңірлік кадр құрамының тұрақтылығын қамтамасыз ету, жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсету мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған болатын.
Оның құрамынатәлімгерлер кеңесінің төрағасы ретінде Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекеттік қызметтің ардагері Ермек Нұғыманов, тең құқылы төрағасы ретінде аталған департамент басшысы Думан Әбілев, сондай-ақ, кеңес мүшелері ретінде мемлекеттік қызмет ардагерлері Марат Құлмағамбетов, Ақмола облысы «Демалыс және туризм индустриясының ассоциациясы» ЗТБ президенті, ҚР туризмінің құрметті қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов, ҚР Әділет органдарының құрметті қызметкері Павел Трищ және Ғалия Ташкина кірді.
Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби тұрғыдан дамуы үшін тәжірибе алмасудың маңызы зор. Ал, тәлімгерлер кеңесінің отырыстарында ұйымдастырылатын осындай диалог алаңдары тиімді шешімдер қабылдау және кеңес беру, сол сияқты, басқа да өміршең мәселелерді қарастырып, шешу тұрғысынан өте тиімді.
Жазира СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің ресми өкілі.