Мәңгі жаса, елім менің!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов егемен еліміздің ұлық мерекесі – Республика күніне арналған салтанатты шараға қатысып, жиналған қауымды осы қуанышты оқиғамен құттықтап, еңбек сіңіріп жүрген бірқатар ақмолалықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Қазақстанның жаңа тарихындағы ұлттық мерекенің қайта жаңғыртылуы –  мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы халықтың еңбегі мен еркіндігін құрметтеудің символына айналып отыр.

«Көкшетау» мәдениет сарайында өткен салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын төрге шығарып,  Әнұранымызды қосыла шырқаумен басталды. Егемендігіміздің қасиетті нышандары саналатын айшықты рәміздерімізге деген құрмет-қошемет қашанда маңыздылығын жоймақ емес. Елдіктіңде, тәуелсіздігіміздің белгісі – осы қасиетті көк Туымыз бен жанға рух беретін Әнұранымыз жасай берсін дегіміз келеді.

–Бұл күн – ата-бабамыздан аңсаған арманының жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің тарихы мен маңыздылығына тоқталып, Республика күні – қазақтың елдік дәстүрінің қайта жаңғырған тарихи күні деп атап өтті. Президенттің бұл сөзі Егемендік туралы декларацияның мән-маңызын арттырып, тәуелсіздіктің тұғырын бекіте түседі. Қазақта «егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті, – деп құттықтау сөзін бастаған аймақ басшысы тарих қойнауына үңіліп, тәуелсіздік үшін күрескен ұлы күрескерлерді тілге тиек етті, егемендік алу жолындағы батыл қадамдардың маңыздылығына тоқталды, тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген жетістіктерге назар аударды, облыстың әлеуметтік-эконокалық саласындағы елеулі оқиғалар жөнінде де кеңінен баяндады.

Біздің өңір – еліміздің стратегиялық даму жолында елеулі рөл атқарады. Ақмола облысында Менделеев кестесінде орналасқан элементтердің барлығы бар деуге болады. Етті-тауарлы сүт өнімдерін өндіру ісі де оң жолға қойылған. Ауыл шаруашылығы техникаларын да құрастыруда ел экономикасына қосып жатқан өзіндік үлесіміз бар. Еліміз бойынша өндірілетін астықтың төрттен бір бөлігі біздің диқандардың жемісті еңбегі. Өткен жыл ақмолалық диқандар үшін қиынға түскені белгілі. Биыл біз егін ору науқанын сәтті аяқтадық. Барша қажетті күштерді тиімді қолданудың, бірігіп еңбектенудің арқасында биыл астықты қамбаға ерте жинап алдық. Біздің облыс аграршылары 6,6 миллион тонна астықты ел қамбасына құйды, – дей келе, облыс әкімі өңірде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады, облыстың дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды атап өтті.

Салтанатты шараның марапаттау рәсімінде өңір басшысы бірқатар азаматтарға Президенттің Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет», ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерін табыс етті. Сонымен, мемлекеттік және қоғамдық қызметте cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Сағынтай Елубаев, «Парасат» орденімен Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Арман Құдайбергенов, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов наградталса, «Құрмет» орденімен Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев, Атбасар ауданындағы «Шуйское-ХХІ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алтынбек Құрманқұлов секілді бір топ азаматтар марапатталды. Сонымен бірге, бұл салтанатты шарада «Ақмола облысының құрметті азаматы» атағы «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиевке, мемлекет және қоғам қайраткері Жексенбай Дүйсебаевқа, биылғы Жазғы паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Еркін Ғаббасовқа берілгенін атап өткіміз келеді. Мұның алдында бұл жоғары атақ Алматыда белгілі журналист-жазушы Сарбас Ақтаевқа тапсырылған болатын. Марапаттау соңы бағдарламалық концертке ұласып, әсем ән мен тәтті күй жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Бұл күні мәдениет сарайының алдында жаңадан сатып алынған жедел жәрдем реанимобильдері, мектеп автобустары, спорттық мектептерге берілетін газельдер де қаздай тізіліп, олар жақын арада тиісті мекемелерге жіберілетіні белгілі болды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар