Қаламен бірге, іргелес ауыл да даму жолында

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Республика күні қарсаңында облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында салынғалы жатқан 1000 орындық жаңа заманауи спорт кешенінің капсуласын салу рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, қала құрамына жататын Краснояр ауылындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап көрді.

 – Бүгін біз өңіріміз үшін маңызды оқиғаның куәсі болғалы жатырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үшін спорт ғимараттарын салу мәселесін көтеріп, олардың халыққа қолжетімділігін, қазіргі заман талаптарына, халықаралық стандарттарға сай болуы керектігін баса айтқан болатын. Өйткені, бұл салауатты Қазақстанның басты нышаны. Спортпен шұғылданатын жастарға барлық жағдай жасауымыз керек. Сондықтан, біз салтанатты түрде үлкен құрылысты бастағалы жатырмыз. Елімізде әлі мұндай спорт кешенінің баламасы жоқ. Тапсыру мерзімі – 2025 жылғы 25 желтоқсан. Құрылыс мердігері «BI Group»компаниясы. Міне, бүгін аталмыш ғимараттың капсуласын салмақшымыз. Бұл болашақ спорт кешенінің жанында жайлы мектеп орналасқан, жоспарымызда осы «Сарыарқа» шағын ауданы барынша дамытылып, су, жол, электр, жылу құбырлары осы ғимараттармен қоса салынатын болады. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақмола облысының заңсыз сатып алынған активтерін қайтару шеңберінде Үкімет Зеренді кентінде балалар-спорт мектебін салуға алғашқы транш бөлді. Оның да құрылысын биыл бастайтын боламыз, – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Жаңа жоба туралы өз ойымен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Карина Ибрагимова бөлісті.

–Көкшетаулықтарды осындай тамаша оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа әрі заманауи спорт кешенінде спортпен шұғылдану әрбір спортшының арманы деп ойлаймын. Болашақта салынғалы жатқан керемет орын спорттағы жаңа жетістіктерге үлкен серпіліс беретініне сенімдімін, – деді ол.

Жаңа спорт кешені жобасы 1000 орынға арналған, мұнда екі қабатты ғимарат пен жертөле қабаты қарастырылған. Ғимаратта телескопиялық трибуналары бар әмбебап мәдени ойын-сауық залы, әмбебап спорт залы, үстел теннисі залы, 80 орындық конференц-зал, күрес залы, ринг залдары, асхана және техникалық бөлмелер сияқты әртүрлі функционалды орындар орналастырылатын болады. Құрылыс ауданы 11,5 мың шаршы метрден асады.

Одан кейін облыс әкімі Көкшетау қаласына қарасты Краснояр ауылында үш қабатты алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының күрделі жөндеуі аяқталған емханасына ат басын бұрды. Денсаулық сақтау нысанына шамамен 15 мың адам тіркелген. Ем-дом қызметі тек жергілікті тұрғындарға ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына да көрсетіледі. Жөндеу барысында шатыр, терезелер және есіктер жаңартылып, жылу және дыбыс оқшаулауы жақсартылды, палаталар, кабинеттер, операциялық залдар жөнделді.

Жабдық қорын жаңартуға ерекше назар аударылды. Жаңа медициналық жабдықтар орнатылып, желдету, электр қуатымен және сумен қамту жүйелері жаңартылды, бұл медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Өңір басшысы Марат Ахметжанов жаңартылған орталықты аралап, жұмыс нәтижелерімен танысып, медициналық нысандарды жаңғырту өңірдің басым бағыты екенін атап өтті.

–Жаңартылған орталық – бұл пациенттер мен медициналық персонал үшін жайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге жасалған қадам. Жаңа жабдықтар мен жақсартылған жұмыс жағдайларының арқасында дәрігерлер сапалы әрі жедел қызмет көрсете алады. Қазақстан Республикасының Президенті медицина саласының дамуына ерекше назар аударып келеді. Оның тапсырмасымен өңірде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін медициналық нысандарды жаңғырту жалғасуда, – деді облыс басшысы.

Краснояр ауылының тұрғыны Базарбай Әбуов көрсетілген қамқорлық пен халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған жұмыс үшін алғысын білдірді. Айта кету керек, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында мердігер ұйым жарықтандыру және жалпы құрылыс жұмыстарын жүргізді.

Облыс әкімі одан әрі Краснояр ауылының Нұрлыкөш шағын ауданындағы 280 орындық жаңа балабақшаның жұмысымен танысты. Ол Республика күні қарсаңында ашылған.

Жаңа балабақша заманауи үш қабатты ғимаратта орналасқан, жалпы ауданы 3 мың шаршы метрден асады. Мекемеде балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Кең топтық бөлмелер, заманауи асхана, музыка және дене шынықтыру залдары бар, олар уақыт талабына сай жабдықталған. Балабақшаның ерекшелігі – мұнда тек тәрбиешілер ғана емес, балалардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оларды жан-жақты дамытуға көмектесетін бейінді мамандар да жұмыс істейді.

Өңір басшысы бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтіп, жаңа балабақшаның ашылуы – ауылдық жерлерде білім беру жүйесін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті. Мұндай жобалар мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыруда және балалар мен олардың ата-аналары үшін жайлы жағдай жасауда басты рөл атқаратынын да қоса айтып кетті. Бұл Нұрлыкөш шағын ауданындағы бірден-бір білім беру мекемесі болып табылады.

Бұдан кейін өңір басшысы Марат Ахметжанов аталмыш ауылда орналасқан көпсалалы инновациялық колледжге барып, жұмысшы мамандықтары бойынша білім алу барысымен танысты. Бұл колледж – өңірдің білім беру жүйесінің дамуына белсене қатысып, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарыныңзаманауи оқыту әдістері мен технологияларын енгізген алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі.

Биыл көпсалалы инновациялық колледж 85 жылдық мерейтойын атап өтуде.Құрылған күнінен бастап колледж ұжымы сұранысқа ие кадрларды сапалы даярлауға ерекше назар аударып келеді. Бүгінде мұнда 500-ге жуық студент білім алуда. Олардың кәсіби дамуына 55 педагог пен өндірістік оқыту шеберлері ат салысып келеді.

Сонымен қатар, колледж базасында «Team-Agro» ЖШС-мен бірлесіп, элеватор жабдықтарын өндіру бойынша шағын кәсіпорын жұмыс істейді, бұл студенттерге өндірістік процестерге тікелей қатысып, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік береді. Мұнда оқу және тұрмыстық корпустар, зертханалар, шеберханалар, жатақхана, спортзалдар, стадион және автодром бар. Болашақ механизаторлар үшін 307 гектар аумақта оқу шаруашылығы құрылған, онда студенттер дәнді дақылдар және картоп өсірудің қыр-сырына бойлайды.

–Колледжді бітірген соң, өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді, болашақта өзімнің техникалық қызмет орталығымды ашуды жоспарлаудамын. Қазіргі таңда менің мамандығым ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі, – дейді «Автомобиль көлігін техникалық пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету» мамандығының 2-курс студенті Кирилл Ламзин.

Өңір басшысы педагогтармен және студенттермен әңгімелесу барысында облыс Қазақстанның астық өндіретін негізгі аймақтарының бірі екенін, ауыл шаруашылығы саласының мамандары аграрлық сектор мен өңір экономикасын одан әрі дамыту үшін аса қажет екенін атап өтті.

Одан кейін Марат Ахметжанов ауылдың орталық саябағының қайта жаңарту жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінгі таңда саябақта ескі асфальт жамылғысын бұзу жұмыстары аяқталып, жасыл желектер отырғызылған және электр желісі тартылған. Саябақты жарықтандыру үшін екі көше шамы және Тәуелсіздік көшесінде жарық бағаналары қойылды.

Қайта жаңарту  барысында сахна, субұрқақ, «Алтын адам» ескерткіші және арка орнатылды. Бұл нысандар саябаққа мәдени-тарихи маңыз беріп, оны ауыл тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналдырады. Сондай-ақ, мұнда тұрғындарға арналған демалыс аймақтары мен самалжайлар қарастырылған.

Бұл күні өңір басшысы «Ақсай нан» серіктестігінде де болып, Краснояр шағын ауданында ел игілігі және халықтың тұрмысы үшін біраз тыңғылықты жұмыстардың атқарылып жатқандығына оң баға берді.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар