Бүгінгі таңда мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл болып отыр. Жемқорлық – қауіпті әлеуметтік құбылыс. Сондықтан да, бұл індет бір күнде жойылатын іс емес. Осыған еліміздің әр азаматының белсенді қатысуымен жүйелі және кешенді тәсілдерді қолдану қажет.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан осысаладағы бүгінгі жағдайды баяндады.
– Негізгі бағдар сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын түбірімен жою арқылы азаматтардың әл-ауқатын кешенді түрде қамтамасыз ету. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін шаралар қабылдануда. Өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып құрылған «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы» жұмыстың негізгі бағдары болып табылады. Бұл – үдерістердің әлсіздігіне, әкімшілік кедергілердің болуына, шенеуніктердің кері әрекеттеріне және заңнаманың жетілдірілмегеніне байланысты өзекті мәселелердің тізбесі. Осының негізінде сыбайлас жемқорлық сұлбалары мен мәселелерді заңсыз шешу мүмкіндіктері туындайды. Бүгінде Ақмола облысының Жол картасына агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, экология, жолдар мен басқа да инфрақұрылым, әлеуметтік сала, кәсіпкерлік, сондай-ақ, проблемалық құрылыс нысандары мәселелері енгізілген. Картаға енгізілген әлеуметтік мәселелер мониторинг және сыртқы талдаулар арқылы шешіледі. Бұл біздің негізгі профилактикалық құралдарымыз. Ал, нәтиже сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған, – деп Асхат Оразхан алдымен атқарылатын жұмыстың бағыт-бағдарына тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылдың 9 айында ғана сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне көбірек ұшырайтын әлеуметтік маңызы бар салаларда 4 сыртқы талдау және 3 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілген. Талдаулар мен мониторинг нәтижелері бойынша уәкілетті органдарға анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 40 ұсыныс жолданған.
– Мысалы, спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу кезінде бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, футболшылардың жалақысының мөлшерден асып кетуі және «Оқжетпес» футбол клубының қызметінде сыйақы төлеудің анық емес жүйесі анықталды. Осылайша, 6 жыл ішінде «Оқжетпес» клубын қаржыландыруға 11 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген. Оның 9 миллиард теңгесі еңбекақыға, сыйақыға және іссапарға кеткен шығындар. Біздің ұсынысымызды негізге ала отырып, клуб директоры негізгі құрамға 2 миллион теңгеден, ал әкімшілік қызметкерлерге 1 миллион теңгеден аспайтын жалақы шегін бекітті, – деді спорт саласындағы заң бұзушылықтарды атап өткен спикер.
Сондай-ақ, бұған дейін айтылған ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық Gosagro.kz ақпараттық жүйесінің жетілдірілмегендігінен қайталанып келген. Салдарынан субсидияларды негізсіз төлеу, оның ішінде кезексіз және талап етілетін сомадан артық қаржы төлеу фактілері анықталған. Бұл мәселенің шешілу жолын департамент басшысы: «Біздің ұсыныстарымыз негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Gosagro.kz жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы органдары өтініштерін дер кезінде қарастырмағандықтан, субсидия алмаған 250 шаруаның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесін қолдап отырмыз. Осыған орай, біздің бастамамыз бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия алу үшін фермерлерге қайталап өтініш беруге рұқсат беру мүмкіндігін қарастыруда», – деп атап өтті.
Сонымен бірге, осы саладағы қордаланған мәселе ұзақ мерзімге созылған құрылыстар. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдан бері облыс бойынша проблемалық әлеуметтік нысандарға қолдау көрсету жұмысы басталып, барлығы 15 осындай ұзақ мерзімді құрылыс нысандары анықталған. «Бүгінгі таңда 5 нысан пайдалануға берілді, оның 4-еуі көппәтерлі тұрғын үй және біреуі тұрғын үйді абаттандыру жобасы, Нұра су құбыры мен «Алаш арыстары»саябағы іске қосу кезеңінде тұр», – деді өз сөзінде Асхат Оразхан. Яғни, бұл бағытта атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Ал, департаменттің «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік кедергілерді жою арқылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау қамтамасыз етілетінін айта кеткен жөн. Өйткені, бұлда экономикаға кері әсерін тигізетін мәселе. Бұл ретте, ағымдағы жылы 330 миллион теңгеден астам қарыз төленіп, 318 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 8 лауазымды тұлға жазаланған. Құқық бұзушылықтардың көбі тапсырыс берушілердің тауар құнын төлемей, кешіктіруінен орын алуда. Мысалы, кәсіпкерлердің бірі Бұланды ауданындағы мектепке 3,5 миллион теңгеге спорттық құрал-жабдықтар жеткізген. Алайда, шенеуніктер қосымша қаржының жоқтығынан төлемді кешіктірген. Білім басқармасы басшыларымен кездесуден кейін тапсырыс беруші кәсіпкердің алдындағы қарызын өтеді.
– Білім басқармасымен бірлесіп ай сайын аудандарды аралау арқылы қазынашылық есептерді есеп жүйелерімен салыстыру жұмыстарын жүргіземіз. Әрбір күдікті транзакцияны білім бөлімі және өзіміз қайтадан тексереміз. Осылайша, жалпы сомасы 6,8 миллион теңгені құрайтын 25 тәуекелді аударым анықталды. Оның 17-сі қате аударымдар және 8-і жоғарылатылған аванстық төлемдер. Әрбір фактізерттеліп, 6,8 миллион теңге толығымен қайтарылып, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Жалпы алғанда, департаменттің сатып алынатын тауарлардың бағасын төмендетуге бағытталған ұсынымдарына сәйкес, жыл басынан бері мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезеңінде 1,1 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемделді. Оған қоса, облыста еріктілер 373 азаматқа құқықтық көмек көрсетіп, мемлекеттік сатып алулар барысында 619 миллион теңге үнемделген. Осы алаңды пайдаланып, тұрғындардан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат болса немесе облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен инфрақұрылымын жақсарту бойынша ұсыныстарыңыз болса, департаментке жолдауыңызды сұраймыз, – деп Асхат Оразхан өз сөзін түйіндеді.
Айта кетейік, департаменттің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа барынша бейім әлеуметтік маңызды салалар – ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарын сатып алу, сондай-ақ, мақсатты пайдалану салаларында цифрлық теңге арқылы «ақшаны бояу» пилоттық жобасы іске асырылуда.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.