Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің сүйікті жазушым - АРҚА АЖАРЫ

Менің сүйікті жазушым

Егер де менен «Сүйікті жазушың кім?» деп сұраса «Сәуле Досжан» деп жауап берер едім. Соңғы кезде Қазақстан жазушыларының ішінен Сауле Досжанның шығармаларын сүйіп оқитын болдым. Себебі ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сауле Досжанның қаламынан туған шығармалары кез келген жанға ой салады, қай шығармасы болса да оқырманды толғандырмай қоймайды.

Оның әрбір шығармасы адамдықтың алтын діңгегі адамгершілік екенін насихаттайды. Тілі тартымды, шұрайлы, түсінікті. Оқиғасы қызық, дәлелдері берік. Әйел кейіпкерлері арқылы өмірдің шындығын, тағдырдың тақсыретін, ғаламның аманаты мен қиянатын қатар суреттейді.

Оқырмандар назарына «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханаға келіп түскен Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романын ұсынар едім. Шығарма халқымыздың басына қайғы салған Семей полигоны мен одан келген зардап  пен зауал жайлы. Романның басты кейіпкері Аяулымның тағдыры арқылы біз Семей полигоны туралы көп мәліметтер аламыз. Аяулым өмірге мүгедек,  басы үлкен қыз бала әкеліп, көп ұзамай ол бала шетінеп кетеді. Артынан полигонның кесірінен жолдасы да ауырып қайтыс болады. Кітаптағы кейіпкерлердің полигондағы жарылыс қалай болғандығы туралы әңгімелерін оқи отырып, көзімнен жастың қалай шығып кеткенін байқамадым. Қайран қазақтың жерлері!.. Батыр аталарымыз найзаның ұшымен жеңіп берген қазақтың кең даласын Совет үкіметі ластап, бүлдіргенін білгенде кеудені өкініш басады.

Жергілікті тұрғындардың өздері у ішіп, қан құсып жатып, балаларының ауру болып туғанын көре отырып, ұрпағына үш жүз жылға кететін қасірет барын білсе де ата-баба мекенін, туған топырағын қимай, қымызын дәрі етіп, жақсылықтан үміттерін үзбей қара шаңырақтарында отырғанын оқи отыра таң қаласың. Қазақ халқының шыдамды, көнбіс екеніне көзің жетеді.  Қайран қазағым-ай!..

Кітаптың тағы бір кейіпкері – белгілі суретші Кәріпбек Телтайұлы Күйіков. Қазіргі кезде әлемге аузымен және  аяғымен сурет салатын суретші ретінде танылған. Кәріпбек ядролық полигонның салдарынан қолы жоқ болып туса да, әкесінің қамқорлығымен, қолдауымен бар әлемге танымал болып отыр. Кейбір кезде жастарымыздың азғантай бір қиыншылыққа шыдай алмай, өз өмірлерін қиып жатқанын естігенде, Кәріпбектің қайсарлығы еске түседі. Оның әр күні ерлік. Романда полигонның жабылуы туралы да көп тың  деректер берілген.

Шығарма Аяулымның бала махаббаты Мэлспен кездесіп, отбасын құрғанымен аяқталады. Мэлс бала кезінен мүгедек болып, арбаға таңылады. Сүйіктісі Аяулыммен қосылғаннан кейін ол өз аяғымен жүріп кетеді. Жазушының шеберлігі сондай махаббаттың құдіреті күшті екеніне оқырманын сендіреді.

Кітапханамызда Сәуле Досжанның «Тағдырлар тоғысқанда» атты хикаяттары бар. Кітапқа «Тірі жесір» хикаяты мен «Анасын іздеген ұл», «Шаштараздың махаббаты» және тағы басқа әңгімелері енген. Шығармаларының негізгі тақырыбы – әйел тағдыры, әйел махаббаты.

Сәуле Досжанның ересектерге және балаларға да ұсынуға болатын кітапханамызда бар кітабы – «Ауылдан шыққан миллионер» хикаяты. Шығармада еңбектің қадірін, жастайынан нарықтың талабын біліп өскен Жомарттың жетістіктері шынайы оқиғалармен өрбіген. Автор осы шығармасы арқылы қазақтың бизнес бастауға ниетті жастарына жол көрсетеді. «Бай болсам!» деп армандаған балаға рухани тәлім береді.

Жазушының «Өгей жүрек» атты шығармасын кітапханамыздан алып, оқи аласыздар. Бұл тұңғыш рет жасалған жүрек алмастыру операциясының тарихынан жазылған деректі хикаят.

Құрметті оқырмандар! Сәуле Досжанның кітаптарымен таныс боламыз десеңіздер, «Достар» мәдениет сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапханаға келіңіздер. Әр оқырман жазушының шығармаларынан әсер алатынына сенімдімін.

Алтын ІЛИЯСОВА,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық
үлгілі 
кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар