Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезектен тыс он төртінші сессиясы болып өтті.
Сессияның қарауына «Ақмола облыстық мәслихатының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы № 8С-7-2 «2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» сұрақ енгізілді.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шұғырмақова түсіндіргеніндей, бюджетті кезектен тыс нақтылау «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыру қажеттілігіне байланысты туындады.
Ағымдағы жылдың 7 ақпанында ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету үшін пилоттық жобаны іске асыруды тапсырған болатын. Ақмола облысында бұл пилоттық жоба агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығындардың бір бөлігін өтеуді субсидиялау, сондай-ақ, ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі «Ауыл Аманаты» шағын кредиттеу бағдарламасы бойынша іске асырылатын болады.
Қосымша қаражат сайлау процесіне қатысушыларды оқытуға бағытталған.
Бұдан басқа, халыққа уақытылы медициналық көмек көрсету және ағымдағы жылы қаржы лизингі шеңберінде сатып алынған 50 жедел медициналық жәрдем автокөлігін мақсатты пайдалану үшін 53 миллион теңгеден астам қаражат көлікті сақтандыруға және техникалық қызмет көрсетуге бағытталды.
Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша қаражат облыс аудандары арасында қайта бөлінді.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.