«Astana Hub» – Орталық Азиядағы ІТ стартаптардың ірі халықаралық технопаркі. Ол 2018 жылы негізі қаланған, инновациялық жобаларды, стартаптарды және IT компанияларды қолдауға және дамытуға арналған платформа.
«Astana Hub» платформасы 2026 жылға дейін IT қызметтері мен өнімдерінің жылдық экспорт көлемін 1 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. 2027 жылға қарай құны 1 миллиард доллар болатын отандық стартаптың пайда болуы мүмкін. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Astana Hub» Халықаралық IT стартаптар технопаркінің Ақмола облысы бойынша өңірлік менеджері Диан Айбашпан осы саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен оның нәтижесі туралы айтып берді.
– Технопарктің барлық резиденттік компаниялары салықтық преференцияларды алады және көптеген салықтардан босатылады. Бұл олардың жылдам өсуін ынталандыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау шарасы біздің бағдарлама, бастамаларымызбен ұштасып, жақсы нәтиже беріп үлгерді.Қазіргі уақытта «Astana Hub» резиденттерінің саны 25 мыңнан астам қызметкері бар 1,5 мыңнан астам компанияны құрайды. Компаниялардың 5 жылдағы жалпы табысы 800 миллиард теңгеден асты.Бұл стартаптар мен компаниялар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамытудың әртүрлі бағыттарын көрсетеді және толық қолдауға ие. 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Astana Hub» тәжірибесін кеңейтуді және барлық облыс орталықтарында тұтас инновациялық экожүйені құруды тапсырды. Қазіргі уақытта 16 аймақтық IT хабы ашылды. Жыл соңына дейін тағы үшеуін ашу жоспарлануда, – деді Диан Мұратұлы жұмыс барысын таныстырып.
Оның айтуынша, 2023 жылдың 27 қыркүйегінде Ақмола облысының цифрландыру және мұрағаттар департаментімен және «Smart Aqmola» ҚМУ-мен бірлесіп Көкшетау қаласында «Aqmola Hub» өңірлік IT хабы ашылған. «Aqmola Hub жұмыс істеген бір жыл ішінде «Astana Hub»-тың барлық қолдау тетіктерін, бағдарламаларын және тәжірибесін қабылдаған аймақтық экожүйе құрылды. Компаниялардың, стартаптардың және IT мамандарының қарқынды дамуына жағдай жасалып, IT қауымдастығын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде, USAID, IT Park Uzbekistan, ЮНИСЕФ, GameLab KBTU, Digital Nomads және тағы басқа ұйымдармен бірлескен бағдарламалар жасалуда, – деп тоқталды өңірде жеткізілген нәтижелерді атап.
Сондай-ақ, жыл бойы 100-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңнан астам адам қатысқан. Олардың ішінде семинарлар,әртүрлі бағыттар бойынша кіріспе сабақтары, IT саласына қызығушылықты арттыруға арналған «Speaker Talks» мотивациялық іс-шаралары және кездесулер мен IT викториналары бар.
«Ең танымал іс-шаралар «Roasting Startups», «Pizza Pitch», сондай-ақ 90 команда қатысқан алғашқы Көкшетау цифрлық хакатоны болды. Дәл қазір біз ақпараттық қауіпсіздік бойынша хакатонды өткізіп жатырмыз, ал 18-19 қазанда блокчейн, жасанды интеллект және ойынды дамыту салаларында «Decentrathon – Хакатон» өткізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Диан Айбашпан.
Қазіргі уақытта, жаңа IT мамандарын дайындау үшін білім беру бағдарламалары жүргізіледі. Ақмола облысының 300-ден астам тұрғыны Astana Hub бағдарламалары бойынша, соның ішінде веб-сайт құру және IT-кәсіпкерлік курстары бойынша оқытылған. Бұл ретте, жеке IT-мектептерде оқыту үшін 600 мың теңгеге дейін гранттар қарастырылған. «Tech Orda» IT секторында адами капиталды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Бағдарлама түлектерінің орташа жалақысы 453 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда Көкшетауда «Tech Orda» бағдарламасы бойынша 3 IT мектеп аккредитациядан өткен. Олар Python бағдарламалауды, деректерді талдауды үйретеді. Бұл бағдарлама бойынша өткен және биылғы жылдары 100-ден астам ақмолалық оқуға жіберілген.
– Жеке стартап ашқысы келетіндерге кеңес беру жұмыстары үнемі жүргізілуде. Биыл алғаш рет «Стартап-гараж» инкубациялық бағдарламасына Ақмола облысынан 14 стартап жібердік. Болашақта ең табысты стартаптар «Google» үшін стартаптардан және «Драпер» университетімен бірлесіп жүргізілетін акселераторлық бағдарламалардан өтеді. Табысты істердің қатарында әртүрлі жастағы адамдар, соның ішінде мектеп оқушылары да жасаған стартаптар бар. Мысал ретінде Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Юсуп Тумгоевты келтіруге болады. Ол MyMind стартабының негізін қалаған. AI-дың көмегімен Альцгеймер ауруын ерте кезеңде анықтауға болады. Юсуп 2023 жылы Astana Hub Battle-да жеңіске жетіп, 20 мың доллар жүлде алды. Сондай-ақ, АҚШ-та өткен «Astana Hub»-тың Hero оқу бағдарламасына қатысушы болды, – деп өңірлік менеджер жетістіктерімен де бөлісті.
Айта кетейік, IT және стартаптар саласында даму үшін Ақмола облысының тұрғындарына @aqmola.hub инстаграмм желісінде немесе «Community Aqmola Hub» жеделхат тобына жазу арқылы хабарласу жеткілікті.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.