Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүректерде қалған жарқын бейне - АРҚА АЖАРЫ

Жүректерде қалған жарқын бейне

Шығармашылығы мен ақыл-парасаты кемелденген 54 жасында тылсым дүниемен ерте қоштасқан Көкшеге танымал ақын журналист, сазгер Маман Ементаевтың табиғи дарындылығы мен адамгершіл қасиеттерін бағалай білген облыстық «Арқа ажары» газеті редакциясындағы әріптестері Көкшетау қаласындағы Жеңіс көшесі бойындағы №29 үйге мемориалдық тақта орнатуда бастамашыл болды.

Баспасөздің тарланбозы, нағыз бесаспап дарын иесі Маман Ементаевқа мемориалдық тақта орнату идеясы отбасын да, әріптестерін де көптен бері мазалап жүрген-ді. Ұлағатты осы істің сәті Республика күні қарсаңында түсті. Ел ағасы Жабал Ерғалиев пен қарымды қаламгер Байқал Байәділовтің тікілей қолдауымен орнатылған мемориалдық тақтаның ашылуына арналған салтанатты митингі болды.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің шынайы жанашыры болған қарымды қаламгер Маман Ементаевтай асыл азаматтың ғибратты ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларын ерекше тебіреніспен айтса, Ақмола облысының құрметті азаматы, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаларға құрмет көрсету азаматтық парызымыз екендігін тағы бір еске салып, Мәкеңмен бірге өткізген қызықты сәттерімен бөлісті.

Өңірдегі иманды, игілікті шаруаларға үнемі ұйтқы болып жүретін ел ағасы Шияп Әлиев Көкшетау аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болған сәтте облыстық, аудандық газеттер редакциясымен тығыз қарым-қатынас жасап тұрды. Әсіресе, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің осы аудандағы меншікті тілшілері Қошан Оразалин мен Елубай Жәкеновтің көмегімен егін орағы және мал қыстатудың барысы жайлы репортаждар, совхоздардағы озат тәжірибеге арналған тақырыптық беттер жариялауға қол жеткізді. Осы шығармашылық байланыс бертіндері Маман, Мәтен, Жомарт, Төлегенмен арадағы байланыс та ажырамас жолдастық сезімге айналды.

Ұлттық қолөңеріміздің шынайы жанашыры Үкіжан Қалиақпарқызы Мамандай есіл ерінің рухына, адамгершілігіне, адалдығына өмір бойы табынған асыл жары, аяулы ана. Мәкең дүние салған отыз екі жылдың ішінде өзі туған Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылындағы бір көшеге оның есімін бергізуге мұрындық болса, облыстық филармониядағы К.Күмісбеков атындағы қазақ халықтық аспаптар оркестрінің бас дирежері Тұрлықожа Базаровтың жетекшілігімен өткен концерттерде сахна саңлақтары Бисара Мәкенова, Гүлжан Ахметова, Мара Есмұханова, Мереке Бекмағанбетов, Ерназар Ыбыраев, Әбсалық Салықов, Шолпан Дүкенбаева, Ғазиза Жұмекенова, Жанат Есов Маман ақынның сазды әндерін тамылжыта шырқайтын.

Маман ағаның өнерге құштарлығы отбасынан дарыған қасиет. Атасы Ементай жақсылармен жақындасып, Ақан серінің әндерін ел арасында таратуға үлкен еңбек сінірді. Өз әкесі Баймақ та ортадан жоғарырақ жұмсақ тембрлі дауысымен «Наурызбай-Қаншайым», «Көрғұлы» дастандарын, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын, Орынбайдың, Шал ақынның, Нияз серінің толғауларын шебер орындайтын. Ементай атаның кенже ұлы Тайжан Көкшетау атырабында күйшілігімен танылса, немересінің ең үлкені Ұлан сонау елуінші жылдары Көкшетау топырағынан тұңғыш консерваториялық жоғары білім алған кәсіби музыкант. Ол қазақтың мемлекеттік ән-би ансамблінің хор капелласында бас хормейстер болды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Маман аға облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне алпысыншы жылдың басында орда бұзар отызында, ал мен болсам орта мектепті бітірген соң келдім. Арамызда бір мүшелдей жас айырмашылығы болса да, ағалы-інідей дос болдық. Мәкең де, Үкіжан жеңгей де үлкенмін деп орынсыз ділмарсып, ақылгөйситіндігін көрмеппіз, естімеппіз де.

Маман ағайдың шығармашылық ізденісі, журналистік қабілеті жайлы айтар болсақ, ол кез келген тақырыпта еркін жазатын. Әсіресе, еңбек адамының образын жасаудағы немесе ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы кәсіби біліктілігіне бәріміз тәнті болушы едік. Ал, өлеңдері ақынның өз міңезіндей майда қоңыр, мақпалдай жұмсақ, жатық болып келетін.

Маман да, Үкіжан да, адалдықтың ала жібін аттамаған, кіршіксіз таза келбетін сақтай білген асыл жандар. Әсіресе, достары Түлкібай-Бопаш, Бақытжан-Майра, Жомарт-Шариза, Жұмабай-Мәраш, Төлеген-Ярапия, Атабай-Бибісарамен қызыққа толы шуақты күндерді бірге өткізсе, Алматыда тұратын Әнапия құрбысымен, Көкшетаудағы құда-жекжаттары Әлібек-Балқия, Шортанбай және Мәрашпен сыйластықтары жарасқан.

Маман мен Үкіжан Айыртаудың тумасы болғандықтан, кіндік қаны тамған ата мекендегі туыстарымен байланысты үзбей, қолдары қалт еткенде Егіндіағашқа жиі барғанды ұнататын. Тақта орнату салтанатында сөйлеген сөзінде Айыртау ауданы мәслихатының төрайымы Гүлмира Армияқызы Ементаев пен Әбілқайыров әулеттерінің мызғымас достығын ерекше мақтанышпен атап көрсетті. Сыйластық демекші, Мәскеуден, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде басқарма бастығы болып істеген қайынағасы Сейілхан Шаймерденовтің келуі бәріміз үшін де үлкен қуаныш болатын.

Ементаевтар әулетіне тән кішіпейілділік пен сыйластықтың жарқын көрінісін туған-туысқандарының Үкіжан апаларына деген шынайы ықыласынан аңғаруға болатындай. Абай мен Күміс, Дина ардайымда қол ұштарын беріп жатады. Алайда, шағын мақалада алып байтеректей тамырын тереңге жайған әулетті түгендеу мүмкін емес шығар. Әкеден балаға мирас болатын адами асыл қасиетті Мәкеңнің ұл-қыздары Жанна, Асқар, Қанат, Жазира, күйеу баласы Төлеубек, келіндері Айгүл мен Сәуле «біздің әкеміз» деп тұрғанда аяулы азаматтың есімі еш уақытта ұмытылмайтын шығар.

«Ғалымның аты, ақынның хаты өшпейді»,– дегендейін, қарымды қаламгер Маман аға Ементаевтың есімі ел есінде мәңгі сақталары сөзсіз. Мәдениетіміздің інжу-маржанына айналған әндері әлі де шырқалып жүр. Жетпіс жасқа толуына орай шығарылған «Ауылым қонған Сырымбет саласына» жыр жинағы ақынның туған елге сағынышы мен ел абыройын асқақтатқан есіл ерлер мен ұлы тұлғаларға деген жүрек лүпілі болса, «Туған жер»  шағын кітапшасында негізінен, журналист-сазгер Маман Баймақұлы жайлы әріптестерінің сағынышқа толы лебіздері жинақталған.

Тәлімгерімдей болған ардақты азамат Маман Ементаевтың асыл бейнесін еске түсіре отырып, кезінде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде қызметтес болған аға-апаларымның рухына тағзым етемін.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері, журналистика ардагері. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар