Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, экономикалық өсуді тұрақтандыру үшін тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету маңызды қадам. Бұл ретте, Ақмола облысында осы жылы барлық бағдарламалар бойынша 2 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартады. Соның ішінде Көкшетау қаласында 600, облыстың басқа аудандарында 1500 пәтерді тұрғындар игілігіне беру жоспарлануда.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Республика күніне орай, облыс орталығы мен Бурабай ауданының біраз тұрғындарын жаңа пәтерлердің кілтімен қуантты.
– Бұл елПрезидентінің қойып отырған талаптары бойынша үлкен бағдарлама. Өткен жылдан бастап пәтерлерді сатып алудың жаңа механизмі енгізілді. Тұрғын үйді таңдау талаптары күшейтілді. Қажетті инфрақұрылымы бар жайлы баспаналарды ғана сатып алуға рұқсат етіледі. Барлық шаралар кешені шамамен 2 мың отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ең бастысы, тұрғын үй кезегін қысқартуға мүмкіндік береді, – дей келе,облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінен кейін Көкшетау қаласының 20 отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстады. Жоғары деңгейдегі жөндеуден өткен пәтерлер «Ақ бидай» тұрғын үй кешенінен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жаңа механизм бойынша сатып алынған.Айта кетерлігі, бұл механизм алғаш рет облыс орталығында іске қосылды. Тұрғындардың кейінүйлердіжекешелендіруге де мүмкіндігі болады.
–Бүгін ұлым көптен күткен пәтерін алды. Пәтер жылы, жарық, жайлы, төбесі 3 метрге жуық. Жақын жерде мектеп, балабақша бар. Ыңғайлы тұрғын үймен қамтамасыз еткені үшін Президентімізге алғыс айтамын, – деп қуанышымен бөлісті көпбалалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері Назым Кенжеғалиева.
Сондай-ақ, атаулы күн қарсаңында Бурабай ауданының 50 отбасыжаңа пәтер иелері атанды. Бурабайлықтарға көптен күткен жаңа әрі жайлы санаттағы пәтерлердің кілттерін облыс әкімі Марат Ахметжанов тапсырды.
–Бұлқазіргі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан жоба. Екінші мәрте келіп пәтер кілтін табыстап жатырмыз. Салынып жатқан үйлерді күтпей, жаңа әдіспен дайын үйлердің ішінен таңдап алып, сіздерге жайлы, ыңғайлы болсын деп талапқа сай баспаналарды берудеміз. Және де бұл жаңа бағдарлама бойынша алып жатқан пәтерлеріңізді ертең өздеріңіз жеке меншікке аударуларыңызға толық мүмкіндік бар, – деді аймақ басшысы.
Аталған тұрғын үй кешені Бурабай кентінде орналасқан. «11 жыл бойы кезекте тұрғанбыз. Көп балалы отбасымыз. Өзім 5 баланың анасымын. Міне, бүгін үлкен қуаныш болып жатыр. Пәтер алып жатырмыз. Үй ұнады. 3 бөлмелі, алаңы 84 шаршы метр. Күн салқын болғандықтан, бір баламмен ғана келдім. Қалған балаларым да бұл жаңалыққа қатты қуанып жатыр», – дейді кент тұрғыны, көп балалы ана Наталья Уәйісова.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.