Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі талантты жастарға арналған облыстық жастарфестивалін өткізді.
Бүгінде өңір жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін арттырумаңызды қадам болып табылады. Аталған фестивальдің конкурстық бағдарламасы сахналық өнер, зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және вокалдық бағыттарды қамтыды. Бағдарлама «Соvеr-нұсқасын орындау», «Домбырамен дәстүрлі ән айту», «Тапқырлар алаңы», «Қазақ аруы-2024» және «Үздік мобилограф» сияқты номинациялардан тұрды. Барлығы 100-ден аса өтінім жіберген студенттер арасында 73 өтінім беруші ақтық кезеңге өтіп, бақтарын сынады. Ал, фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр номинациясы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын бекітті.Фестивальдің ашылуы Ақмола облысы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ басшысы Дастан Ермековтің қатысуымен өтті.Ол жастарға алдағы ойында сәттілік тілеп, аталмыш фестиваль жыл сайын өтетіндігі туралы тоқталып өтті.
Ашылу салтанатынан кейін ақын, әнші-композитор Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 190 жыл толуына орай, «Соvеr-нұсқасын орындау» және «Домбырамен дәстүрлі ән айту» номинациялары өткізілді. Жас байқаушылар көрермендердің көзайымына айналғанымен, қазылар алқасы кей тұстарын сынға алды. «Көш жүре түзіледі» демекші, төрешілер студенттердің бұл кемшіліктерін жай ғана ескерту деп түсінуге шақырды.
Келесіде көрнекті прозашы, драматург, жерлесіміз Сәкен сері Жүнісовтің 90 жылдығына арналған «Тапқырлар алаңы» зияткерлік ойыны жалғасты. Бұл ойынға 20 команда қатысып, әр команда 4 қатысушыдан тұрды. Байқау барысында кино және музыка әлемі, Қазақстан тарихы және Сәкен Жүнісовтің өмірбаяны мен шығармашылығы бойынша сұрақтар қойылып, қатысушылардың білім деңгейлері анықталды.
Және де қазақтың опера әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығын арқау еткен «Қазақ аруы-2024» сұлулық байқауына жалпы 14 үміткерқатысты. Оған қоса, әрбір номинацияны «Үздік мобилограф» номинациясының қатысушылары ұялы телефондарына түсіріп, фестиваль соңында оны да аталмыш номинация бойынша қазылар алқасы қорытындылап, ең үздіктерін айқындады. Айта кету керек, фестивальдің артықшылығыда осы болды. Себебі, өткізілген барлық кезеңдер мобилографтардың үздік видеосы арқылы таспаланып жатты.
Үш күнге созылған таланттар фестивалінің жабылу салтанаты облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алинніңқатысуымен өтті.
– Баршаңызды жыл сайын дәстүрге айналған облыстық талантты жастар фестивалінде көріп тұрғаныма қуаныштымын. Бүгін облысымыздың дарынды студенттерін бір шаңырақ астында көру мен үшін зор мәртебе. Биылғы жылы бәсекеге қабілетті жастардың топ жаратын сайысы ғана емес, жоғары деңгейдегі мереке іспетті болған фестиваль төрт бағытқа бөлінген 5 номинация бойынша өткізілді. Аталмыш шараға 2 миллион теңге жүлде қоры бөлінген болатын. «Жас сарбаз» атты алтыншы номинация кейін өтетін болады. Алдағы уақытта осы тәріздес жүлде қоры бар басқа да шараларды өткізу көзделуде. Мысалы, «Жайдарлы жайдарман» ойынында әкім кубогының жүлде қорына 2,2 миллион теңге қаражат бөлінсе, жастар кубогына 800 мың теңге қаражат қарастырылды. Сонымен қатар, «Үш би» пікірсайыс турниріне 700 мың теңге, «Aqmola power» инновациялық жобасына 1,3 миллион теңге жүлде қоры бөлінді. Баршаңызды жастар саясатын дамыту жолындағы іс-шараларға атсалысып, қоғам белсендісі болуға шақырамын, – деп атап өтті Алмас Аянұлы.
Басқарма басшысының құттықтау сөзінен кейін фестиваль жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазылар алқасының шешімі бойынша «Соvеr-нұсқасын орындау» байқауында үшіншіорынды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің «Жауқазын» триосы, 2-ші орынды аталған университеттің тағы бір студенті Нұрлан Байбек иеленсе, «Көрермен көзайымы» номинациясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледждің студенті Эвелина Титова топ жарды. Ал, бас жүлдені Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінен қатысқан «Дексия» ансамбліиеленді. «Домбырамен дәстүрлі ән айту» номинациясында үшінші орын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Гульфайрус Жүгініске, екінші орын гуманитарлық-техникалық академияның студенті Нұрқасым Хасеновқа, бірінші орын Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенті Дидар Қабиденовке бұйырды.
Сондай-ақ, үшінші номинация – «Тапқырлар алаңы» зияткерлік ойынында М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясынан қатысқан «Арыстан» командасы 3-ші орынды, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен «Алаш» командасы 2-ші орынды, осы университеттен «3+1» командасы 1-ші орынды жеңіп алса, «Қазақ аруы-2024» сұлулық байқауының қорытындысы бойынша «Көрермендер көзайымы» номинациясын М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғаныс академиясынан қатысқан Дана Мамыртай жеңіп алды. Сұлулық байқауында жүлделі үшінші орын жүлдесі Көкшетау медициналық колледжінің студенті Наталья Андрееваға бұйырса, екінші орын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінен Арунас Қуандықтың еншісіне бұйырды. Ал, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Айсұлу Лұқман номинация жеңімпазы атанды. «Үздік мобилограф» номинациясында 3-ші орынға Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледж студенті Арайлым Бекқожина, 2-ші орынға Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенті Жансұлу Теміртас ие болды. «Үздік мобилограф» атағына Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің студенті Ержан Қайрат лайықты деп танылды.
Барлық фестиваль қатысушылары ұйымдастыру комитеті тарапынан сертификаттармен, ал, лауреаттар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.