Жүрегі ізгі жандар марапатталды

Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы көптеген жылдар бойы республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауын өткізіп келеді.  Өңір-өңірде өткізілетін аталмыш байқаудың облыстық кезеңі таяуда біздің Ақмола облысында да қорытындыланып, байқаудың лауреаттары мен қатысушылары марапатталды.

Іс-шара барысында бейбіт күннің батырлары туралы айтылып, жаны ізгі, жүрегі жомарт жандардың еселі еңбегі аталып өтті. «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы Тұңғыш Президент қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылуда. Аталмыш байқау Ақмола өңірінде алты жыл бойы өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысамын деушілер қатары арта түскен. Бір ғана мысал, 2018 жылы 19 өтінім қабылданса,  2019 жылы 23 өтінім, 2020 жылы 39 өтінім, 2021 жылы 108, 2022 жылы 110 өтінім, ал, өткен 2023 жылы 87 өтінім түсіп, биыл Ақмола облысынан республикалық деңгейде екі жерлесіміз лауреат атанып отыр. Байқауға өткізу шарты бойынша әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатысу мүмкіндігіне ие.

«Қайырымдылық керуені» облыстық байқауының үйлестірушісі Раушан Тұранованың айтуынша,  байқау жеңімпаздары 5 аталым бойынша анықталды. Мәселен, «Асар» аталымында халық дәстүрін сақтай отырып, қайырымдылық қызметпен айналысатындар марапатталса, білім беру, экология және абаттандыру, мәдени орындарды қалпына келтіру бағытында «Туған жер» аталымы сарапқа салынған. Ал, «Мейірім жолында» аталымы белгілі бір уақыт аралығында тұрақты тегін көмек көрсететіндерге арналса керек. «Батыл жүрек» аталымы ерліктері мен жанқиярлығы үшін беріледі.  «Қайырымдылық тарихы» аталымында қайырымдылық тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған журналист немесе шығармашылық ұжым марапатталады. Мәселен, «Батыл жүрек» аталымында үздік танылған Марат Ысқақов тұрғын үйден өрт шыққанын байқап, өрт құшағында қалған  қарт адамдарды ажалдан құтқарып қалған.

– Далада тұрған қалың жұрт үйде ата мен әже бар екенін айтқанда, әрине, тілсіз жауға қарамастан оларды құтқаруға бел будым. Ол кезде адреналинді бір сөзбен айтып, жеткізу мүмкін емес. Шынымды айтсам, өзім сондай ерлікке баратынымды күтпедім, – дейді Марат Ысқақовтың өзі.

Осындай елгезек, жаны ізгі, біреуді құтқару жолында өз тағдырын сарп етуге де бар, батыл жүректі жандарды бүгінгі күннің батырлары десек те, артықтық етпейді-ау! Аталмыш іс-шарада ізгілікті насихаттап  жүрген бұқаралық ақпарат өкілдері де марапатталды. Солардың арасында облыстық кезеңде үздік деп  танылған, әріптесіміз, «Тurar Media» ақпараттық порталының шеф-редакторы Әсел Тұрар бар. Әселдің әлеуметтік тақырыптағы өткір, сыни мақалалары көп көңілінен шығып жүргендігі анық. Ол адалын айту арқылы қаншама адамға көмегін тигізіп келеді, нешеме тың жобалардың жаршысы болып жүр.

«Қайырымдылық керуені» байқауы шынымен де өскелең ұрпаққа үлгі болар жақсы бастама. Бүгінде бұл байқау мейірімділік пен ізгіліктің, адамдық пен кісіліктің жарқын көрінісіне айналып отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар