Сөзден шындық туады сөйлегенде…

Жуырда Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы Біржан сал Қожағұлұлының 190 жылдығына орай студенттер арасында  облыстық пікір-сайыс турнирін өткізді.

Турнир Қазақстан қоғамында орын алған өзекті проблемалық жағдайларды талдау және жария талқылау, Ақмола облысы жастарының әлеуметтік, шығармашылық белсенділігін арттыру, нақты мәселелерді шешу жолдары мен тетіктерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Аталған турнирге өңірдің жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан әрқайсысы екі қатысушыдан құралған 13 команда қатысып, өздерінің шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін көрсетті. Турнирді өткізуді ұйымдастыру өзін мықты спикерлер және объективті төрешілер ретінде көрсеткен тәжірибелі пікірсайысшылардан тұратын бас төрешілер алқасына жүктелді.

– Жоғары оқу орындары мен орта  арнаулы оқу орындарында білім алушы студент жастардың жан-жақты дамуында, олардың азаматтық белсенділігі мен интеллектуалды ізденісін, қоғамда дұрыс саяси бағдарларын қалыптастыруда пікірсайыс додаларының орны ерекше. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің тарапынан да пікірсайыс ойындарын жаңғырту және дамыту ісіне көп көңіл бөлінуде. Бүгінгі турнир өте қызу түрде өтіп, қатысушылардың шабыттары оянып, қара терге шомылғандай жеңіске жетем деген ынталары байқалып, ойларын еркін жеткізуге деген мүмкіншіліктері пайда болды. Іс-шараны Біржан сал ауданының жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, алғаш өткізіп жатқанымызды айта кету керек. Алдағы уақытта әлі де талай шараларды бірлесе өткізетінімізге кәміл сенемін, – деді өз сөзінде Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.

Сондай-ақ, облыстық пікірсайыс турнирінің қорытындысы бойынша бірінші орынды  Щучинск қаласының жоғары педагогикалық колледжінің «Сана серпін» командасы иеленсе, екінші орынды аталмыш колледжден қатысқан «Fire ball» командасы жеңіп алды. Ал, байқаудың қола жүлдесі Щучинск қаласының жоғары техникалық колледжінен қатысқан «Элита» атты командасына бұйырды. Марапаттау рәсімі барысында ұйымдастырушылар тарапынан барлық қатысушыларға сертификаттар табысталып, жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Оған қоса, төрешілік еткен қазылар алқасының мүшелеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар