Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың қатысуымен агроөнеркәсіптік кешен мен жер қатынастарын дамытудағы негізгі жетістіктер мен басымдықтар туралы брифинг болып өтті.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 48 пайызға өсіп, 655,6 миллиард теңгені құраған. Бұл өсімге өсімдік шаруашылығының айтарлықтай артуы есебінен қол жеткізілген.
–Жалпы облыс бойынша майлы дақылдардан басқа ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерін жинау жұмыстары аяқталды. 4,7 миллион гектар алқаптан соңғы 13 жылдағы рекордтық астық – 6,6 миллион тонна көлемінде өнім жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерден жоғары. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық артық. Бұланды, Зеренді және Сандықтау аудандарының шаруашылықтары орташа облыстық көрсеткіштен айтарлықтай жоғары өнімділікті, яғни 20-21 центнер деңгейіндегі шығымдылықты көрсетті. Журавлевка-1, Максимовское, Дихан плюс сияқты агроқұрылымдардың жекелеген алқаптарында агротехнологияларды нақты қолданудың арқасында өнімділік гектарына 60 центнерге дейін көтерілді. Айта кетерлігі, облыста жиналған астық сапалы. Жалпы өнім көлемінің 60 пайыздан астамы 3-сыныпқа сәйкес келеді. Бұл нәтижелерге басқалармен қатар, қолданылатын минералды тыңайтқыштардың көлемін және элиталық тұқымдар мен дәнді дақылдардың үлесін екі есе арттыру арқылы қол жеткізілді, – деді Кенеш Әлімжанов егін науқанының барысын баяндап.
Бүгінде астық қабылдау кәсіпорындар мен астық қоймаларына 2,4 миллион тоннаға жуық астық немесе барлық өнімнің 55,8 пайызы қабылданған. Оның ішінде 1,8 миллион тонна бидай бар. Астық қабылдау жұмыстары жалғасатыны айтылды. Ал, астықты тәулік бойы кептіру үшін сағатына 9,6 мың тонна астық кептіретін 270 қондырғы пайдаланылуда. «Кең дала» және «Кең дала 2» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары шаруаларды қолдаудың жақсы құралы болып отыр. Оның аясында 600 шаруа 60 миллиард теңгеге қаржыландырылған. Бағдарламаның артықшылығы мөлшерлемені төмендету үшін субсидияға өтініш беру қажет етілмей, жылдық 5 пайызбен несие беріледі. Ең бастысы, несиені сақтандыру 85 пайызға дейін қамтылған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржы институттары алдындағы шарттық міндеттемелерін орындауы өзекті мәселе болып отыр. Мал шаруашылығында Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикасының іске қосылуы және «Ақ Дала Агро» зауытының қуаттылығы кеңейтілуі арқасында облыс республикалық көлемдегі 30 пайыздық үлеспен құс етін өндіруде еліміз бойынша көшбасшыға айналды. Бұл жылына шамамен 125 мың тонна өнім деген сөз.
– Біз тауық жұмыртқасын өндіру бойынша 16 пайыздық үлеспен және орташа жылдық 700 миллион дана өніммен Қазақстан Республикасында бірінші орында тұрмыз. Өңір үшін сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту басым бағыттар болып қала береді. Облыста жалпы 2,4 мың бас малы бар 46 ет бағытындағы шаруа қожалықтары мен бір реттік бордақылаудың жалпы қуаттылығы 36,5 мың бас болатын сегіз ірі бордақылау алаңының желісі бар. Мал басы он бес мыңнан асатын елу жеті мамандандырылған сүт фермасы бар. Инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелендіру аясында облыста тауарлық сүт өндірісін қырық мың тоннаға немесе 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік беретін алты мың басқа арналған жеті ірі сүт-тауар фермасын құру жұмыстары жүргізілуде, – дейді өз сөзінде басқарма басшысы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта үш тауарлы-сүт фермасының қуаттылығы кеңейтілген. Олар 1,1 мың басқа арналған Целиноград ауданындағы «Родина» АФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 1,5 мың басқа арналған «Ен дала» серіктестігі, Аршалы ауданында орналасқан 600 басқа арналған «Темір Агро» кәсіпорны.
Сонымен бірге, алдағы мал қыстатуға мал азықтық дақылдар егілетін алқаптардың ұлғаюына байланысты бір жарым жылдық шөп қоры дайындалған. Жыл басынан бері облыста тірі салмақта ет – 146 мың, сүт – 184 мың тонна, тауық жұмыртқасы 526 миллион дана өндірілген. Өңірде 67 өңдеуші кәсіпорын бар болса, өткен тоғыз айда азық-түлік өндірісі 4,8 пайызға өсіп, 186 миллиард теңгені құраған.
–Агроөнеркәсіп кешенінде облыста жинақтаған қарқынды сақтау және арттыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Саланың дамуына мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жыл сайын жасалып жатқан жан-жақты қолдау септігін тигізуде. Ағымдағы жылы облысқа мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыруға шамамен 140 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 46,5 миллиард теңге қайтарымсыз субсидиялар болса, 93,3 миллиард теңге жеңілдікті несиелеуге және форвардтық сатып алуға бөлінді. Жалпы, облыста агроөнеркәсіп кешеніндегі қарқынды сақтау және арттыру үшін барлық мүмкіндік бар, – деп түйіндеді өз сөзін Кенеш Ғалыбекұлы.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.