Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астық – құт қамбада, ендігі міндет – дұрыс сақтап, сату! - АРҚА АЖАРЫ

Астық – құт қамбада, ендігі міндет – дұрыс сақтап, сату!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік отырысында биылғы ауа райының күрделі жағдайында өткен егін орағы жұмыстары қорытындыланып, өңірдің ағымдағы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланды және алдағы күннің міндеттері белгіленді.

Әдеттегідей кадрлық ауыс-түйістерді таныстырудан басталған әкімдік отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудан және қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – егін ору науқанының қорытындысы. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, алдын ала құрылған арнайы штабтың ұйымдастырушылығының, үйлесімді жұмысының нәтижесінде өңір диқандары ел қамбасына 6,6 миллион тонна астық құйды. Осы игі іске атсалысқан барлық аудандардың басшыларына облыс әкімі Марат Ахметжанов алғыс білдіріп, осы жоғары көрсеткішті келесі жылы да сақтап қалу, тіпті одан да еселей түсу мақсатында қазірден бастап келер жылдың егіс науқанына дайындықты жоспарлай беруді орынбасары Мұрат Балпан бастаған штабқа тапсырды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов өз баяндамасында биылғы егістік алқабының 5,4 мың гектар аумақты қамтығанын, одан жоғарыда атап өткеніміздей, 6,6 миллион тонна астық жиналғанын, биылғы мол ырыздық орташа есеппен гектарынан 14,1 центнерден айналғанын айтып, әр ауданның жұмысына жекелей тоқталып, үздік нәтиже көрсеткен өңірлерді үлгі етті. Мәселен, Сандықтау, Зеренді, Бұланды секілді аудандарда агротехнологияларды тиімді қолданудың және сапалы тұқым себудің әрі алқаптарды  минералды тыңайтқыштармен қоректендірудің арқасында гектарынан 20-22 центнерден өнім алынғаны тілге тиек етілді. Соның ішінде «Максимовка», «Диқан плюс» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер егіншілік мәдениетін көтеру және мол ылғалдың арқасында кей алқаптардан гектарына 60 центнерден астық жинағанын айтса, кейбір аудандарда өте төмен нәтиже көрсеткен шаруашылықтардың да барын атап өтті. Мұндай төмен көрсеткішке ие болған шаруашылықтары бар аудан басшыларына осы шаруашылықтармен сапалы тұқым алып, себу, агротехнологияларды пайдалануда ғалымдармен кеңесіп ақылдасу секілді түсіндірмелік жұмыстарды ұйымдастыру қажеттігі ескертілді.  Сөйтіп, биылғы егін орылды, енді алынған астықты дұрыс сақтап, сату да маңызды міндет. Бұл мақсатта облыста 7,2 миллион тонна астық сиятын қоймалар бар, оның 4,3 тоннасы астық қабылдау кәсіпорындары.

–Жалпы, егін орағына 9 мың комбайн, 2,6 мың ауыл шаруашылығы жаткасы, 5 мың жүк көлігі жұмылдырылды. Астықтың 60 пайыздан астамы үшінші класты бидай, – деп басқарма басшысы биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға мемлекеттен 135 миллиард теңге қарастырылғанына назар аударып, шаруаларға 1 қарашаға дейін «Азық-түлік корпорациясына» көктемде алған көмектері үшін бидай тапсыруды аяқтау қажеттігін еске салды. Сонымен бірге, облыста «Ауыл аманаты» жобасының тиісті деңгейде орындалмай отырғаны да кеңінен талқыланды.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баян етті. Тау-кен өндірісі, өңдеу салалары бойынша биылғы 10 айда облыс көрсеткіштері біраз төмендегені байқалады. Биыл негізгі капиталға 349,2 миллиард теңге қаржы түсіпті. Жалпы, статистикалық мәліметтерге сүйеніп жасалған баяндаманы облыс әкімі қатты сынға алып, басқарма басшысына келесі жолы сараптамалық талдау жасалған, артық-кемі бүтін көрсетілген ақпараттармен бөлісуді талап етті.

–Мұндай статистикамен мен аудан әкімдерінің жұмысына баға бере алмаймын. Биылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі ұйымдастырушылық жұмыстарымен айналысып, егін орағы кезінде диқандардың қасында жүрген әкімдер мынадай құрғақ статистикадан соң, жұмыстан кетіп қалады ғой. Сондықтан, әр ауданның статистикалық көрсеткіштерін көрсеткенде ауданға түскен нақты инвестиция көлемі, ондағы ашылған нақты жұмыс орындары, ол жобадан халыққа қандай пайда келді деген дұрыс сараптама жасаңыздар, саннан гөрі сапаны ойлаңыздар,–деп бірер ауданның басшыларын тұрғызып, олардың жұмыстарын атап өтті. Мысалы, Зеренді, Бурабай аудандары мен Степногорск қаласы әкімдерінің жұмысына риза көңілін білдіріп, олардың биылғы жылы жасаған нәтижелі істерін өзге аймақ басшыларына  үлгі етті.

Бұдан әрі әкімдік отырысында облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндама жасап, биылғы бюджетке түскен қаржының қаншалықты екенін, оның кіріс-шығысын баяндады.

Отырыс соңында аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларының кейбір көрсеткіштері республикада 19-15 орындарда тұрғанын ескертіп, аудан басшыларына әрбір көрсеткіш бойынша қолға алынған жобаларды жыл соңына дейін аяқтап, тым болмағанда үздік ондықтың қатарынан көрінуге талпыну қажеттігін тапсырды. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовке облыстағы орташа еңбекақыны өсіру бойынша шаралар қарастыруды тапсырды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар