Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы – облыстың бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігері Талғат Жүнісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жануарлар арасында қауіпті аурулардың таралуының алдын алу және бақылау жөніндегі шаралар туралы мәлімдеді.
Ақмола облысының ветеринария басқармасының негізгі міндеттері осы саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру, халықты жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардан қорғау болып табылады.
Ветеринария басқармасы 32 функцияны жүзеге асырады. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізіліміне сәйкес басқарма және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары 4 мемлекеттік қызмет көрсетеді, олар – ветеринария саласындағы қызметпен айналысу үшін лицензия беру, ветеринариялық паспорт беру, ветеринариялық анықтама беру, ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтерді өзектендіру.
–Жыл басынан бері 38 412 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Облыстық, қалалық және аудандық ветеринарлық станцияларда жалпы саны 619 маман жұмыс істейді. Облыс ветеринар мамандармен 82 пайыз қамтылған, – деді өз сөзінде Талғат Жүнісов.
2024 жылға ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау үшін облыстық бюджеттен 3,1 миллиард теңге бөлінді. Эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру үшін қосымша 122,2 миллион теңге бөлінуі қажет. Бүгінгі таңда жоғарыдағы қаржының 2,1 миллиард теңгесі немесе жоспарланған көлемнің 98,7 пайызы игерілді.
6,7 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын вакцинациялау, 1,3 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарын бруцеллезге және басқа да аса қауіпті ауруларға зерттеулер жоспарланған.
Бүгінгі таңда ветеринарлық мамандардың жалақысы өткен жылдармен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Ол енді 200-220 мың теңгені құрайды. Соған қарамастан ветеринарлық мамандардың жалақысы төмен болып қалуда. Жергілікті елді мекендерде бос жұмыс орындары көп. Мамандарды осы салаға шақыру мақсатында есептеулер жүргізіліп, ветеринариялық іс- шаралардың бағалар тізімі қарастырылып жатыр.
–2025 жылы ветеринария мамандары орташа есеппен 300-350 мың теңге жалақы алатын болады. Бұл дегеніміз жаңадан колледж, жоғарғы оқу орнын аяқтаған мамандарды жұмыспен қамтуға септігін тигізіп, кадрлар мәселесін шешеміз деген ойдамыз, – деді бас ветеринариялық дәрігер.
2024 жылы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 50 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 150,8 мың бас ірі қара мал бірдейлендіріліп, жылдық жоспардың 95,4 пайызы орындалды.
Ақмола облысының елді мекендерінде 201 мал қорымы, оның ішінде 8 типтік және 193 қарапайым мал қорымдары бар. Елді мекендерді үлгілік мал қорымдарымен қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі «Облыс аумағында қолда бар мал қорымдарын сәйкестендіру және жаңа үлгілік мал қорымдарын кезең-кезеңімен салу жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекіткен болатын. Осы бағдарламаны іске асыру үшін 108 жер телімі ресімделді
Облыста сондай-ақ жануарлардың өлекселерін жағуға арналған 31 инсиниратор бар, оның 11-і жылжымалы және 20-сы стационарлық пункт.
58-і заңдастырылып, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілді. Дегенмен, 8 ауданда санитарлық талаптарға сәйкес емес 22 сібір жарасы көмінділері бар.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы Заңына сәйкес қаңғыбас жануарлардың санын реттеу адамгершілік әдістермен жүргізіледі. 2024 жылға Ақмола облысы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу үшін 96,5 миллион теңге бөлінген.
Басқарма осы бағытта қаңтар-ақпан айларында төрт бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алулар жүргізді. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпаздары «Қазшосқұрылыс», «Альянс Строй Инжиниринг», «Aziya Str», «Kaz Torg» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Әліп», «Арыстан» жеке кәсіпшіліктері. Бүгінгі таңда облыста 5,5 мың бас ит ауланып, 1,6 мың бас қаңғыбас ит өлтірілді. Сөйтіп, бұл жұмыста 79,0 миллион теңге игерілді.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.