Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталғаны белгілі.
Олардың қатарында Ақордада Президенттің өз қолынан «Құрмет» орденін алған Қосшы қаласы мектеп-гимназиясының директоры Дидар Асқарова да бар. Дидар Асқарқызы Ш.Құдайбердиев атындағы Семей педагогикалық институтының «Бастауыш сынып және музыка мұғалімі» мамандығы бойынша түлегі. Санаты – педагог-шебер. Еңбек жолын 1998 жылы Семей қаласындағы Ш.Құдайбердиев атындағы №5 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Бұдан кейін М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде педагогика және психологиядан сабақ берді. Кейінгі жылдары Астана қаласының білім беру ұйымдарында жұмыс істеді. 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін Қосшы қаласы мектеп-гимназиясының директоры болып қызмет атқарады.
Дидар Асқарқызы 2021 жылы «Қайымтану» оқу-әдістемелік кешенінің авторлық бағдарламасын әзірлеп, кәсіби құзыреттілігі жоғары маман ретінде танылды. 2022 жылы Астана қаласында өткен «Үздік пән мұғалімі» байқауының жеңімпазы атанды. Соңғы бес жылда Қазақстан Республикасы бейінді министрлігінің білім беру және тәрбие бағдарламаларының тиімділігін арттыру мақсатында «НЗМ» ДББҰ-мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жанынан құрылған оқу бағдарламасы мен бірыңғай тәрбие бағдарламасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының бірлескен жобаларына қатысуда.
Педагог-шебер Дидар Асқарова республикалық, халықаралық конференцияларда өз тәжірибесімен бөлісіп, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі конференциялар мен семинарлар ұйымдастырып, мектептегі тәжірибелік-зерттеу жұмысында білім беру және тәрбие процестерін жетілдіру бойынша тақырыптық педагогикалық, әдістемелік кеңестерді ұйымдастыру барысында жоғары креативтік танытуда. Ұлағатты ұстаз инновациялық-педагогикалық технологияларды меңгерген, ұжыммен де, білім алушылармен де ортақ тіл таба білетін жан-жақты қалыптасқан маман.
– Еліміздің Ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында ағартушылық салада аянбай еңбек етіп жүрген аяулы ұстаздарға құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына зор алғысымызды білдіремін. Мен өзім үшін үлкен қуаныш деп білетін еліміздің жоғары наградасы – «Құрмет» орденін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан алғанымды ерекше мақтаныш тұтамын. Ұлт ұстазы болу – бізге зор жауапкершілік жүктейді. Жаһанданған заманда қауырсындай қанаты енді қатайып келе жатқан әр баланы тұлға ретінде қалыптастырып, білім нәрімен сусындатудан, тәрбиелеуден тайынбаймыз, – дейді өз қуанышымен бөліскен ұстаз Дидар Асқарқызы.
Сондай-ақ, ерекше екпін түсіре атап өтерлігі, облыстық іс-шарада білім беру және балаларды тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі үшін басқа да бірқатар ақмолалық педагогтар құрметке бөленіп, мемлекеттік наградалармен марапатталды. Атап айтар болсақ, Целиноград ауданына қарасты Родина ауылындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Елена Викторовна Нижник «Құрмет» орденімен, Көкшетау қаласындағы Абай атындағы (қазақ тілінде оқытылатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Алтыншаш Досымбекқызы Ахат, Щучинск қаласындағы №8 мектеп-гимназиясының информатика мұғалімі Оксана Васильевна Шрейнермен Біржан сал ауданына қарасты Қоғам ауылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Сандуғаш Асқарқызы Шәріпова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сонымен қатар, Атбасар қаласы, аграрлық-индустриялық колледжінің жалпы білім беру пәндерінің оқытушысы Эльза Даулетжановна Панаеваға «Шапағат» медалі табыс етілді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.