Адам баласы дүниеге шыр етіп келгенде бойына анасының сүтімен бірінші тіл дариды. Сондықтанда, тіл мәселесінде әке тілі немесе іні тілі демей, ана тілі деп ардақ тұтамыз. Ал, баланың өз тілінде еркін сөйлеп, қалыптасуына отбасынан бастап, қоғамның әрбір мүшесі әсер етеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап дамылсыз көтеріліп келе жатқан тіл мәселесі назардан тыс қалған емес. Өнімді жұмыс істеліп, көңіл көншімесе де, тіл жанашырларының еңбегін жоққа шығара алмаспыз. Бүгінде әр өңірде осы бағыттағы жиналыстар өткізіліп, талқылаулар болып жатады. Соның жалғасы ретінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Қазіргі қазақ тілі: әдістеме және тәжірибе» тақырыбында облыстық конференция өткізілді.
Шара басында тақырыпқа сәйкес көрме ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылса, конференцияға қалалық және аудандық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары қатысып, жаһандану кезеңінде мемлекеттік тілді оқытуда ересектердің коммуникативтік, функционалдық дағдыларын қалыптастыру жолдарымен танысып, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, әдістемелік шеберліктерін дамыту бағытындағы баяндамаларды тыңдады. Конференцияны модератор ретінде қаламгер, тіл жанашыры Каратай Төлекеев ашып, алғашқы сөзді Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алинге берді.
– Өз ұлтының болмысын терең таныған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екендігіне зор мән берді. Оның «Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, тіліміздің де сақталуын қатар ойлауымыз керек», деген сөздері соның айқын дәлелі. Тіл – ұлтымыздың ұлы қазынасы, халқымыздың рухыныңнегізі. Бүгінгі шараға негізінен, қазақ тілін оқытып жүрген оқытушылар қатысып отыр. Оқытушы тыңдаушыларына қазақ тілін үйретіп қана қоймай, рухани байлыққа да жетелейді. Халқымыздың тілге деген махаббатын арттыруда оқытушылардың орны ерекше. Тәуелсіз елдің ертеңгі ұрпағы өз тілінің жанашыры ғана емес, кез-келген ортада ғылымның қай саласын меңгерседе, ең алдымен өз ана тілінде ойлап, сөйлей алатын өзіндік мені бар тұлға болуы шарт, – дей келе, Алмас Аянұлы бірқатар ақмолалық тіл жанашырларын Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Сондай-ақ, конференцияның алғашқы баяндамасын Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының әдістеме Lab бөлімінің ғылыми қызметкері Жұлдызай Ербатырова жасап, орталықтың тіл үйретудегі атқарған жұмыстарымен бөлісті.
– Орталықтың әдістемелік Lab бөлімі 2023 жылы туыстас тілдерді үйрету әдістемесін басшылыққа алып, күнделікті жиі қолданылатын лексикалық тақырыптар мен сөйлемнің төрт дағдысын тез әрі тиімді меңгертетін тапсырмалардан тұратын төрт тілді аудиторияға арналған оқу құралын әзірлеп, 20 өңірлік тілдерді оқыту орталықтарының кітапханаларын толықтырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ішкі саясат комитетінің тапсырысымен «Қазақ тілі» әмбебап басылымын әзірледі. Бұл – Абай институты бағдарламасы іске асырылғаннан бері ең ауқымды жұмыс. Қазақ тілін оқытудың бұған дейінгі әдістемесін жетілдіре отырып, әлемдік стандартқа сай қазақ тілін оқытудың бірегей нұсқасы жасалды. Осылай тілімізді шетелдіктерге насихаттаудың алғы шарты қамтамасыз етілді, – деді Жұлдызай Қабділмәжітқызы.
Ал, «Жаһандану жағдайында қазақ тілін жаңаша оқыту және филологиялық зерттеулердің функционалдық негіздері» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Гүлгүл Ысқақова, «Статистикаға көз жүгірсек, Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша 5 жастан жоғары жастағы халықтың 80 пайызы, яғни, 13,7 миллион адам мемлекеттік тілді меңгерген. Оның ішінде күнделікті өмірде қолданатыны 49,3 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш халықтың басым бөлігінің қазақ тілінде ауызша түсінетінін, еркін ойлайтынын көрсетеді. 2022 жылы жүргізілген Қазақстан Республикасының Тіл саясаты мәселелері бойынша ономастикалық реттеудің нәтижелерінде өзге этнос өкілдерінің 0,4 пайызы ғана «Қазақ тілін» ана тілі ретінде көрсеткен. Өкінішке орай, қазіргі таңда халықтың мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткішінде өңірлер арасында бірыңғайлылық жоқ», – деп тілдік қолданыстың әсіресе, солтүстік облыстарда ақсап тұрғанын айтып өтті. Бұл өңірлердің географиялық орналасуы немесе этностық құрамын алға тартсақта, мемлекеттік тілдегі көрсеткішті өзге өңірлермен теңестіретін уақыт келді, мүмкіндіктер де бар» деді.
– Сөйлемді дамыту кезінде жалпы әдістеме ғылымында теория бойынша тыңдау, бағдарлау, оқу, ойлау, дайындау, жүйелеу қадамдары өрбиді. Бұл қадамдар жас ерекшеліктеріне байланысты жұмыс істейді. Мысалы, кішкентай баланың тілі бірден шықпайды. Ол әке-шешесінің айтқандарын ести келе, тыңдау қабілеті қалыптасып, сөйлеуге дағдыланады. Бұны физиологиялық құбылыс деуге болады. Ал, үлкен адамға тілді үйрету кезінде тыңдау, көру мен қайталау процесі қатар жүреді. Және де, мәтінді жазу барысында бірнеше рет оқып, жаттыға алады. Тілді үйретуде жүйелілік маңызды. Алайда, ересек аудиторияда осы жүйелілік жағы ақсап жатыр. Яғни, адамдардың сабаққа қатысуында тұрақтылық жоқ. Іссапар, жұмыс, анау-мынау деп, ең соңында оқытушы немесе оқулықтар ұнамады деген пікірлер пайда болады. Сондықтан, тілдерді оқыту орталықтарында жүйелілікті, үнемі сабаққа дұрыс қатысуды қамтамасыз ету де басты талап, – дедіНазарбаев университетінің қазақ тілі және түркітану департаментінің нұсқаушысы, филология ғылымдарының магистрі Айдар Балабеков. Мемлекеттік тілді оқытуда 23 жылдық тәжірибесі бар Айдар Қалайбердіұлы осы кезге дейін 6 жастағы баладан 60-тағы қарияға дейін қазақ тілін үйретумен айналысып келеді.
Сонымен бірге, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Айгүл Мусина функционалдық сауаттылық мәселелері және оны шешу жолдарын атап, функционалды сауатсыздықтың адам өміріне кері әсеріне назар аударды. Оған қоса, «Қазақ тілін үйретудегі тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбында Қосшы қаласы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әдіскері, оқытушылар арасында А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқаудың жүлдегері Сәулет Төкен дебаяндама жасады. Оның айтуынша, қазіргі кезде тілдерді үйретудің тиімділігін арттыратын әдіс-тәсілдер көп. Онлайн платформалар арқылы тыңдалым, жазылым, оқылым мен сөйлеуді жеңілдететін түрлі қосымшалар қолданысқа енген.
Конференцияның қорытынды бөлігінде Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, ақын-журналист Серік Жетпісқалиев баяндама жасаған тіл жанашырларына алғыс білдіріп, конференцияның маңыздылығына тоқталды. «Бүгінгі конференцияға қатысып, көп мағлұмат алдық. Тілдік орта, тілдік қор туралы баяндамалар көңілге қонымды болды. Шын мәнісінде біздің тіліміз әлемдегі бай тілдердің бірі. Сол тіліміздің екінші кезекке ысырылуы өте өкінішті. Алдымен, оны өзіміздің ұрпағымыз білуі керек. Содан кейін өзге ұлттар біліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді» деп түйіндеді сөзін Серік Сапарұлы.
Қорыта айтқанда, қазақ тілін үйретуде, оның мәртебесін көтеруде елеулі еңбек етіп жүрген оқытушылардың тілге деген қамқорлығы мен жанашырлығы көпке үлгі. Әрине, басқарма құзырындағы шағын орталық болғандығы көңіл көншітпейді. Тіл басқармасы қайта құрылады деген үміт іске асса, тілдерді оқыту орталықтарының да жүйесі өзгеріп, бір серпіліс болар деген жорамалда жоқ емес.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.