Аудандағы Айнакөл және Қараөзек ауылының тұрғындары таза ауыз сумен толықтай қамтылды.
Жалпы 2217 адам тұратын қос ауылда бұрын-соңды су құбыры болмаған. Биыл Мемлекет басшысының әр елді мекенге таза ауыз су беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес алдыңғы ауылда 11 шақырым және соңғы ауылда 14 шақырым су құбырын тарту жұмыстары аяқталып, тұрғындарға таза ауыз су толықтай берілді.
–Біздің көптен ойымызда жүрген арманымыз орындалды, ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Өйткені, сусыз өмір жоқ қой. Ауыл алтын бесігіміз. Оның келешегіне сенеміз, жастарымыз қайтып келсе екен дейміз. Сондықтан, осы су келіп жатқанының өзіне өтеқуаныштымыз, – деді Айнакөл ауылының тұрғыны Айман Жылқыбаева.
Биыл аудан бойынша 9 елді мекенде су құбырын тарту бойынша жұмыстар басталды. Олардың ішінде екі ауылда су құбыры тартылып бітсе, тағы екі ауылда ағымдағы айдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бұланды ауданы.