Қазақтың рухани бай тұлғасы

Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Қасым Аппасұлы Тәукенов – 90 жаста

Қасым Аппасұлы Тәукенов ағамызды жастау кезімде сырттай білуші едім. Олай білуімнің себебі, ол кісінің бажасы  Бурабай ауданындаотыз жылға тарта білім саласын басқарған. Осы саланың жоғары марапаттарына ие болған, бүгінде марқұм Исай Ибраевпен ұзақ жыл дос болдым. Сол кезде  Қасым ағаймен бір-екі рет кездесіп едім. Бірде сәті  түсіп, ол кісінің  үйіне  Исаймен қонуымызға да тура келіп еді. Ол кезде ағамыз Целиноград облыстық атқару комитетінің  төрағасы болатын. Біз барғанда бір ауданға қызмет бабымен жол жүріп  кетіпті. Қонақ аз отырып, көп сынайды демекші, үйдің бөлмелерін аралап көрдік. Сонда байқағаным, бір бөлмесін қазақи дәстүрмен жабдықтап, безендіріп қойыпты.

Еденде баяғы аналарымыз тоқыған алаша, қабырғада ұлы батырларымыздың қару-жарақтары, қамшы, ата-бабаларымыздың күнделікті тұрмыста пайдаланған тағы басқа да заттары. Екінші бір бөлме ол кісінің қағаздармен жұмыс істеп, шығармашылықпен айналысатын кабинеті екен. Бұл бөлмеде үстел, сосын бір қабырғасы еденнен бастап,төбеге дейін  кітаптар сақтайтын орын. Былай көз жүгіртіп қарап едім, неше түрлі құнды кітаптар бар екендігіне көзім жетті. Бұрын еститінмін барған жерінде кітап дүкеніне кірмей кетпейдідеп. Бір ауданға бірінші хатшы болып барғанда,  кітап қоймасын  аштырып,  шашылып жатқан кітаптардың ішінен бірнеше өзіне керек кітаптарды тауып алыпты. Бірде өз көзіммен көрдім, Сілеті ауданына келгенде екі-үш кітапты  қолтығына  қысып ұстап жүргенін.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Мұзафар Әлімбаев пен көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев «Сәкен жүрген жолдармен» дегенэкспедицияға  шыққандарында, Атбасарда Қасекеңнің үйінде болғандығын Алматыда  Мұзағаңның үйінде  қонақта болғанымда ақын ағамыздың өзі айтты. Сондағы «Қасымның үйінде Алматының ұлттық кітапханасында жоқ кітаптар бар екен» деген сөзі есімде қалыпты. Ағаның өз үйінде болғанда да зайыбы  Майраш апайдың аузынан: «Қай кітаптың қай жерде  тұрғанын біледі. Біреу байқаусыз орнын ауыстырса, қатты ренжиді» дегенді естідім. Міне, осыдан-ақ ол кісінің кітапқа сүйіспеншілігін байқауға болады. Менің болжауымша, ол кісі өз заманындағы жақсы маман, білікті басшы ғана емес, рухани бай адам. Сол кітаптардан алған білім мен ерен қабілетінің арқасында, өзі де бірнеше көлемді, мазмұнды кітаптың авторы атанып отыр.

Менің кітапханамда ол кісінің қазақ және орыс тілдерінде шыққан бес кітабы бар.Олар «Кешеден келдік бүгінге», «Абай бол, арлан», «Поклонись тюркам» және тағы басқа жинақтары. Қасекеңнің досы, белгілі ақын, марқұм Нұрғожа Оразов бір кітабының алғашқы бетінде жазған алғысөзінде: «Сіздерге ұсынылып отырған осы бір естелік эсселерінде автор намыс туын  жоғары ұстап, елінің елдік қасиетін  сақтап қалуға тырысқаны жөніндегі жайларды оқып, танысасыздар» деп ой қозғайды. Ал, автордың өзі болса, «қысқасы көп ойланып, көп толғанып, көрген-білгенімді, өмірден жиған ойымды, тергенімді, ой елегінен өткізіп, жылдар бойы, іштей қорыта жүрдімде,  қалтқысыз қаз-қалпында айтып беруге бел будым. Бұл менің имандай шыным. Соны қағазға түсіріп отырмын» дейді. Кітап өте-мөте ақиқаттың тілімен жазылған, оқи отырып жазғанының бәрі шындық екеніне көз жеткізесің.

Ағамыз өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында өмірге келсе, ол қандай заман болғанын кітап арқылы болса да білесіздер. Ауылдарда көшпелі халықты тұрақтандыру мақсатында ұжымшаралар құрылып, байдың малын, жерін тартып алып, кедейлерге беріп, халықтың хал-жағдайын теңестіремін деп асыра сілтеушілікке ұрынып жатқан кез еді ол. Одан отыз жетінші жылдардың қуғын-сүргіні, екінші дүниежүзілік соғыс, сол соғыстан кейінгі халықшаруашылығын қалпына келтіру кезеңі, елуінші жылдардың басындағы тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны… Осылардың бәрінде біздің кейіпкеріміз өз басынан кешірді, соның куәсі болды. Сол бір қиыншылықтарды ата-анасымен бірге көріп, белгілі бір ой түйді. Ақмола облысының Целиноград, Астрахан, Ерейментау және Атбасар аудандарында, одан Ақмола, Көкшетау қалаларында небір биік лауазымды қызметтерді атқарып, сол өңірлердің  халқымен  етене араласып, табиғатымен жақындасып, өз адамы болып кетті. Мысалы, Ерейментау ауданында аңшылықпен айналыса жүріп, тарихи орындармен танысты, олардың қадір-қасиеті, маңызына жете бойлай түсті. Онымен қоса, сол елдің  атақты қарты Көшербай ақсақалмен жолдас болып, аңшылық өнері мен сол өңірдің  аңыз-әңгімелерін тыңдап, зердесіне түйіп жүрді.

Қасекең онымен қоса, әлі күнге облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында да көпшілікті толғандырған, қоғамға ой салған маңызды мәселелерді көтеріп, өз ойларымен бөліседі.

Мысалы, соңғы уақытта шыққан «Атты адамның ақылы төбесінде» мақаласында елімізде жол апатынан  мыңдаған адамның опат болып  жатқандығын қынжыла жазады. Шындықты дөп басқан бұл мақаласында мынандай жолдар бар. «Бүгінде  жол апаты әліде өршіп тұр. Бүгінгі заманның аты автокөлік.  Көлік тізгінін қолға алған әр адамның арқасы қозып, қызбалыққа салынуы бекерден-бекер болмас».

Қасым Аппасұлықатардағы мал дәрігерінен облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін көтерілгенде, ол кісіні бойына, түріне  қарап, өсірмеген шығар. Бәрінен бұрын ағамыздың білімділігін, басқару қабілетінің жоғарылығын, халықпен етене жақын жұмыс істей алатындығын ескерген болуы керек деп ойлаймын. Қазір кешегі партиялық функционерлерді дәріптей бермеу керек дегенді де естіп қалып жүрміз. Ағамыз сол дәуірде өмір сүргеніне, қызмет атқарғанына кінәлі емес қой. Меніңше, адамды дәуірге емес, еңбегіне қарай бағалау керек. Сол екінің бірінің қолы жетпейтін қызметтерде жүріп, біраз адамдарға шапағаты тиген шығардеген пікірдемін. Шынтуайтына келгенде, солардың біреуі өзіммін. Ана бір жылдары студент балаларымның жағдайына байланысты көлік қатынасы жақсырақ жаққа қарай ауысқым келіп, сол кездегі облыс басшыларының бірі, марқұм М.С.Есмағамбетованың алдынан өткенімде, облысқа жұмысқа аламын, әзірше істей тұрдегені бар еді. Бір жылдан аса уақыт өтіп, ол кісіден хабар болмаған соң әрі қарай амалсыздан өз бетімменәрекет жасап,  Ақкөл ауданына барсам дедім. Алайда, жұмыс істеп жүрген ауданым жібермеді. Сосын Қасым Аппасұлының қабылдауына кіріп, жағдайымды айтып түсіндіріп едім, Ақкөл, Сілеті аудандарының басшыларымен менің көзімше сөйлесіп, орынбасары С.Ж.Жалмағамбетоваға тапсырма берді. Сөйтіп, сол кісінің  көмегімен  Ақкөл ауданына қызметке ауыстым. Ол кісінің  әр жерде  қызмет істеген кезінде мен сияқты осындай өтінішпен алдына барғандар аз болмаған шығар. Соларға да көмегін аянбағанына өз мысалым арқылы айқын көз жеткізе аламын.

Сонымен Қасым аға, тоқсанның төріне шықтыңыз, бұл үлкен, қадірлі жас. Осы мерей жасыңыз құтты болсын! Бізде Сіздің  өкшеңізді  басып келеміз. Сіз өзіме сыйлаған бір кітабыңызға былайдеп жазып едіңіз: «Ереке! Ұзақ ғұмыр, бақыт тілеймін. Естелік жазуыңа да тілектеспін, көрген-білгенің мол. Ел азаматысың!Ағаң Қасым». Сол ұсынысыңызды орындап, ел ардақтылары Жайық Бектұров, Сағадат Нұрмағамбетов сияқты ағаларымыздың өнегелі өмірімен айналыстым. Қазір қазақ халқы үшін орны бөлек Жұмабек Ташеновта тарихтан өзінің лайықты орнын алса деген ойдамын. Бірақ, әзірше ол жағын тыңдайтын құлақ болмай тұр.

Аға, өзіңіздің асқар таудай орныңызға қарап, аз-мұз көңіл сырын шертіп жатқаным ғой бұл. Осылай әрдайым алдымызда жүре беріңіз. Алла тағала біздің, інілеріңіздің де соңыңыздан еруімізге жазсын  демекпін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Астана қалалық ардагерлер кеңесінің және
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

*** 

Ініден ізет

(Қасым Аппасұлына)

 Беу, Аға, бір қазақпыз–сіз де, мен де,
Үлкенсіз, табылатын іздегенде.
Інінің ізеті ғой деп біліңіз,
Өзіңді қосар болсам ізгі өлеңге!

Кейбіреу сәлемін де бұлдағанда,
Ойлаймын: жыр бағам ба, мұң бағам ба?
Аға деп сосын Сізге сөз арнадым,
Арлысы аз, азғыны көп бұл қоғамда!

Шырқалып ел мен жер деп жаның әні,
Күн кешкен бір адамсыз мағыналы.
Ағалық, даналық та –бәрі, бәрі,
Бір Сіздің бойыңыздан табылады!

Ілгері сүйреп бізді алағай күн,
Ізіне жүрміз еріп сан ағайдың.
Қазақта ақсақалмын дегендерді,
Мен сосын сізге қарап бағалаймын!

Осынау тірлік деген дүрмекпенен,
Кім келіп бұл дүниеге, кім кетпеген.
Адамсыз – арыңызды биік ұстап,
Жаныңның тазалығын кірлетпеген!

Тойым деп жинасаңыз көпті бүгін,
Демегін: артық сөйлеп кетті ме інім.
Асылдың сынығындай бір адамсыз,
Қанында жоғалтпаған тектілігін!

Ел жетсе бүгін енді шын бағаңа,
Әйтеуір, еңкеймесін тұлғаң, Аға!
Сіздің де салып кеткен ізіңіз бар,
Сарыарқа деп аталар бұл далада!

Ал, Аға, құтты болсын, тағы да бір,
Жаратқан құя берсін жаныңа нұр.
Қарттыққа жақсы жеткен бір адамсыз,
Жұқтырмай жаныңа кір, арыңа кір!

Жүрсе де әр заманда әркім күндеп,
Ешқашан айтпадыңыз сарқылдым деп.
Төрінде Астананың бүгін енді,
Отырсыз секілденіп алтын діңгек!

Бәріміз бір Аллаға пендеміз бе,
Пәниге аз күн қонақ келгеміз бе.
Ортада дәл осылай жүріңізші,
Дүрсілдеп аппақ жүрек кеудеңізде!

Тірліктің тарқамайтын базарында,
Ағалық айбын тұрсын ажарыңда.
Айнала алқалаған ел-жұрт үшін,
Жүріңіз Жаратқанның назарында!

Ізгі тілекпен ініңіз Сайлау БАЙБОСЫН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар