Күй қонған кеудесіне «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін таққан белгілі музыкант, дарынды дирижер Тұрлықожа Базаровтың жан сарайы жарқыраған нұрлы сәуле, уыз сезімге толы.
Әлбетте, музыка – жүрек тілі, сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы. Жалаулы жасыл дүниеде көңілдің қуаныш көбелегін ұшырып, барша дүниеге ғашық етер құдіретті күш ұлы музыкада жатыр. Жалпақ әлем бір-бірімен іштей байланыста ымыраласа дамыса, пенде біткеннің де пешенесіне жазылған бір сыбаға осы музыкада.
Бүгінде асқаралы 75-тің зәу биігіне табан тіреген Тұрлықожа Биназарұлы алдымен адамгершілік ажары, парасат-пайымы өте жоғары, ішкі жан дүниесі әдемі мәдениетке толы тұлға. Оған алдынан сан шәкіртті ұшырған ұстаздығын қоссаңыз, кескіні кемелдене түсер еді. Майталман музыкант, дарынды дирижер Тұрлықожа Биназарұлы музыка әлеміне кездейсоқ келген кісі емес. Алдымен атақонысы, туған топырағы туралы бір ауыз сөз айта кету парыз. Атажұрт дегенде ауызға Алтай, Тарбағатай тауларының сұлу сымбаты, таңғажайып табиғаты бар көркімен кілкіп, көз алдыңызға келер еді. Баяғыда, бала кезінде Тұрлықожа да асқары көк тіреген заңғар таулардан көз алмайтын. Биікке ғашық болған адамның өзін-өзі қамшылап алға ұмтылары хақ. Ал, сол биікке шығарған, қос қолтығынан демеген, жаратқан ие сыйлаған дарын қабілеті. Оның үстіне мерейлі отбасы тәлімді тәрбиенің ошағы болды. Бажайлап қарасаңыз, байыптап санасаңыз өзгеше бір өнер мектебі. Тәлімі мол, тәрбиесі ересен әдемі орта. Анасы Сүйімханның ақ сүтімен тараған алпыс екі тамырында ойнап жатқан құдірет. Әрідегі нағашылары үлкен өнерпаз болыпты. Әлгі біздің Алашта тек дейтұғын ұғым бар емес пе?! Ақбас толқындары аспанға атқан асау өзен іспетті дарын атажұрт пен нағашы жұрттан тармақтала құйылып кеп, әр тамшысы күй ойнайтын, әр толқыны өзгеше әуен шертетін кең арнаға айналған. Ол арна бүгінде табиғат сыйлаған тамаша өнерімен тәмам жұртты тәнті еткен Тұрлықожаның бойында шымырлап қайнап, зәмзәмімен замандастарының көкірегін мелтектете суарып, құдіреті күшті музыка әлеміне құлаш ұрғызып, қайнарымен сусындатып, ағысымен алға асықтырып, жып-жылы рәуішті сезімге бөлеп, өмірге ғашық, өнерге тәнті етіп келеді.
Ертеңіне асыққан жас ұлы өнердің алғашқы соқпағын, баспалдағын қалай басты деген сауалға жауап беретін болсақ, Семейдің музыкалық училищесіндегі оқу екен. Арада біраз жыл өткен соң Тұрлықожа Биназарұлы Алматыдағы Ұлттық консерваторияға аттанған. Осы бір сәт жадында мәңгілікке жатталып қалыпты. Көңілі қалаған, жүрегі іңкәр, тілегі құмбыл сәт еді бұл. Алда асыл арманы қол бұлғап шақыратындай. Бірақ, сол арманның биігіне жету үшін табиғи талант аздық етер еді. Білім керек, білім болғанда да жүйелі, берік білім. Музыка әлемі сырт адамдар ойлағандай оңай-оспақ дүние емес, шытырманы мол, терең ойың жеткенмен бойың жетпестей тым-тым алыста.
Көп дүниені аңғарды. Балапандай баулып, баптап ұшырған отбасындағы ұлыөнерге деген ұмтылысына қанат бітірген тәрбие мектебінің тәліміне консерваторияның білімі қосылды. Оқу орнын аяқтаған екі жас, Тұрлықожа Биназарұлы мен Бақыт Дөненбекқызы киелі Көкшетауға аттанған. Бұрын дасан мәрте естігені бар. Көгілдір мұнар сағымға оранып тұрған ән-жырдың бесігі атанған Көкшетау өзгеше бір әлем. Өнер аспанында шуақты нұрын себезгілеген сансыз жұлдыз. Алқаракөк барқыт үстіне шашып жіберген бір уыс жұлдыз іспетті. Ішінде мәңгі сөнбес нұрлы сәулелісі мол.
Жас маман арнайы жодамамен Көкшетауға келген. Әдемілікке құмар, әсемдікті аңсап тұратын көңіл шіркін, Көкшенің көркем табиғатына тояттар емес. Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай аққайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Көкшенің қыраты мен белесі, орманы мен тоғайы, күміс көлдері лүп еткен желмен қосыла ән салып тұрғандай. Сол бір жаныңа байыз таптырмайтын әсем музыканың ырғағы бар даланы тебіренте теңселтіп, Бурабайдың биігінен, Оқжетпестің асуынан Алаштың бар даласына тарап жатқандай. Көкше топырағы талапты жастан, талантты ұрпақтан кем емес екен. Алдына келген оқушысын гауһар тастай қырлап, сырлап, жарқырата тазалап, ұлы өнердің әдемі аспанына ұшыруға тырысты. Саралап санасаңыз, білікті ұстаз Тұрлықожаның алдынан жүзге жуық домбырашы тәлім алып, көкіректеріне күйдің күміс ырғағын сіңірген екен.
Дарынды дирижер Тұрлықожа Базаровтың еңбегі ересен. Саналуан дыбыстың өзара үйлесімді, үзіліссіз, қапысыз өрілетін әсерлі үнін тұтас сомдау қияпат шаруа. Жаңсақ шыққан бір дыбыс күллі оркестрдің талай күнгі еңбегін жоққа шығарар еді. Мінсіз болуы үшін айрықша шеберлік қажет. Әр саусақ жаза баспауы керек. Міне, дирижердің мойнындағы міндет осы. Музыка әлемінің майталманы Нұрғиса Тілендиевтің өзінен бата алған Тұрлықожаның шығармашылық ғұмыры Кенжебек Күмісбеков атындағы оркестрмен бірге жасасып келеді. Осы арада асқаралы асуға табан тіреткен еңбекқорлығы туралы айта кетпеске болмас. Оркестр ұжымының репертуарында отандық және шетелдік композиторлардың жүздеген шығармалары бар. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Динаның, Қазанғаптың, Сүгірдің сазды да назды күйлері ойып тұрып орын алған. М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, Н.Тілендиев, К.Күмісбеков, Е.Рахмадиев тәрізді айтулы композиторлардың ғажайып туындылары жалғасып жатыр. Ол аз десеңіз, А.Моцарт, Дж.Верди, И.Штраус, И.Чайковский тәрізді алыптардың шырайлы шығармалары оркестрдің нәшіне келтіре ойнауы арқылы талайды таңдай қақтырған.
«Музыка ұлтқа бөлінбейді» дейміз. Иә, біз кез келген елдің музыкасына құдды бір ана тілімізде тыңдап отырғандай құмарта құлақ тосамыз. Ондағы тылсым күш жүрек түкпіріне терең бойлап, саз сиқырына қалай арбалып қалғаныңды сезбей қаласың. Музыка жан дүниемізді өзге бір әлемге жетелеп, сезім пернелерін дәл басады. Әсем әуен ой-қиялымызғақанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді.
Алдына мақсат қойып, ұмтылған жанның жолы бола бермек. Ең бастысы, өнер адамдарының ынтымағы мен бірлігі. Бір-бірін толықтырып отыратын, рухани теңізге құяр жып-жылы жылғалар іспетті таланттардың тағылымды тармағы тұтаса келе ғажайып бір әлемді құрар еді. Қаншама жылдан бері көгілдір Көкше топырағында шырайлы шығармаларымен өнерді ардақтай білетін қауымғақуаныш сыйлаған композиторлармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Оркестрдегі ұзын-ырғасы елуге жуық музыканттарды айтпағанның өзінде республиканың еңбегі сіңген әртістері Шолпан Дүкімбаева бастаған жезтаңдай әншілердің деайтар алғысы аз емес. Күні кеше арамызда жүрген ақмаңдайәншілер Ғазиза Жұмекенова мен Мереке Бекмағамбетовтер де ағаларымен ән әлемінің шұғыласын жарқыратып, себезгілеген нұрын шашқан болатын.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Тұрлықожа аға алдымен өзіне, содан соң өзгеге талап қоя білетін адам. Алматыдағы біліктілік жетілдірудің сорабынан сан мәрте өткен. Өзге марапатын былай қойғанда күй қонған кеудесіндегі «Құрмет» ордені көп жайды аңғартып тұрған жоқ па?
Ұлы өнердің қарапайым бір өкілі, ешқашан шыққан биігін айтып мақтануды білмейтін осы бір жанның ішкі мәдениетінетаң қалатын адам көп. Кісілік келбеті сонадайдан менмұндалап тұрады. Бәлкім, өнердің кез-келгеннің қолына түсе бермейтін кірпияз құсы осындай таза, мөлдір көкірекке қана қонатын шығар. Иә, солай ғой!..
Байқал БАЙӘДІЛОВ.