Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ТҮРКІСТАН - АРҚА АЖАРЫ

ТҮРКІСТАН

Қанша жыл жүрегімді,
Арман боп аймалаған.
Көрсем деп гүл өңіңді,
Таңғы шық тайғанаған.

Жеттім-ау Тәңір ием,
Бұйыртып пешенеге.
Әмірдің әмірімен,
Салынған кесенеге!

Маздатып жыр отынан,
Мен келдім сағынышпен
Күбірлеп дұға оқыған,
Аумадым дәруіштен.

Жетелеп Ғайып Ерен,
Қолтықтап Қырық Шілтен.
Қуаныш райыменен,
Жасымды күліп сүртем.

Атыңды мұң ардақтар,
Өзгеше хәл қысталап.
Бас идім, Ұлы Әруақтар,
Сендерге сансыз тәуап!

Тұмары Тұранымның,
Шіркіннің тұрпатын-ай!
Тарқамай құмарымның,
Жүректі жұлқатыны-ай!

Сипалап қабырғаңды,
Тамсанам күмбезіңе.
Шақырып сағымдарды,
Талпынған күн көзіне.

Ұқсаған мәрмарыңа,
Жүрекке қашалды өлең.
Киелі заңғарыма,
Қайтадан қашан келем?!…

  1. 10. 24. 

ОТЫРАР

Кешегі көне шаһардың,
Аралап орнын келемін.
Өткеннің сырын ашар кім?!
Кім айтып берер дерегін?!

Шыңғысты жауыз дер бірі,
Тарихтың бар ма тұмасы?!
Дау айтып, бірі ендігі –
Қайырдың дейді кінәсі.

Шыңғыс хан шауып кеткесін,
Көп өтпей қала гүлденген.
Қалдан кеп қолын төккесін…
…Ее,  оның бәрін кім көрген?!

Мирас боп бізге жеткені –
Үйілген мына бархандар.
Өкініш – жаудай шептегі,
Жүректің ішін талқандар.

Осында бұрын Ел тұрып,
Қайнаған өмір дуылдап.
Тіршілік мәнін келтіріп,
Ойнаған бала шуылдап.

Мына бір тарлау көшемен,
Ару қыз шықты сыңғырлап.
Ұсынды шұбат кесемен,
Күміс шолпысы сылдырлап.

Ғайып боп сусын қолымнан,
Тұрар ма көңіл мұңданбай,
Жалтақтай бердім соңымнан,
Сол ару қарап тұрғандай.

Анау жер ханның сарайы,
Медресе, мешіт жағалай.
Оба боп жатыр жабайы,
Обал-ай, әттең, обал-ай!

Табанға жатқан тапталып,
Көрініс неткен қайғылы.
Ғалымдар жатқан хатталып,
Кітапханаң қайда әйгілі?!

Құм басып жатқан алапқа,
Уақыттың, шіркін,  өктемі-ай.
Кептеліп бір тас тамаққа,
«Құм түсіп» көзге кеткені-ай.

«Атағы шыққан Ғаламға,
Қош,  Фараб!» дедім дірілмен.
Әбу-Насыры бар заманға,
Қожанасыры көп бүгіннен…

                           13.10.24.

 КОФЕ

Көп нәрседен кеткені-ай көңіл ғапыл,
Карта қапты көзірсіз қолымда кіл.
«Өмір ғой – бұл!» – жалтарма, ыңғайлы сөз,
Жоқ-ау  демек, менде емес, Өмірде – ақыл!

Сенімімді не істейіндалада өлген,
Дұрыс шығар өмірге жаба берген!
Пикассоның абсурды – біздің қоғам,
Неге адамдай боламын жаңа көрген?!

Сансыз сауал өзіме қоямын көп?!
Қоя алмаймын осыны қоямын деп.
Есуастай жүремін аласұрып,
Әппақ түске Өмірді бояғым кеп!

Ақ жүректен бәрі – әппақ күй ақтарып,
Бар дүние тазарса ұяттанып!
Әй, бірақ та кетеді-ау, Өмір онда,
Жындыхана дәлізі сияқтанып.

Америка ашпақ боп күйремейін,
Ақыл болса басымда түймедейін.
– «Американо», құйып бер, даяшы дос,
Өмірге сергек қарап үйренейін!

  1. 10. 24.

ІҢІР

Арудай бетін басып, жылай қашқан,
Бұлты – ерке күздігүнгі ұнайды аспан.
Тас жолға жапырақтың сыбдырымен,
Асықпай, діріл қағып, құлайды ақшам.

Күбірлеп, уақыт дейсің, өмір дейсің,
Уақыт-ай, бір мезетке көз ілмейсің.
Бақыт-ай, неге сен де жапырақтай,
Төбемнен сау-сау етіп төгілмейсің?!

Қаланы жүрдек басып, кезеді іңір,
Жұтылып дымды асфальтқа безеді нұр.
Сары түсі сияқты бағдаршамның,
Жанады қысқа ғана неге ғұмыр?!

01.10.24.

Қуаныш ОСПАН

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар