Айтыс өнерінің көкжалы атанған Халық ақыны Көкен Шәкеевтің төл шәкірті, арқалы ақын, менің анда-досым Құдайберлі Мырзабек 60 атты асқарға ту тігіп отыр.
Осыған орай Ақмола облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен қазан айының 10-ы күні Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Құдайберлі Мырзабектің «Менде бір бұлбұлыңмын!..» атты шығармашылық кеші өтті.
Аяқ жетер жердегі барша айтыс жанкүйерлері осы кешке тілекші болып келген Көкше халқына «Айбоз ақындарыңның қуанышы ұзағынан болсын!» демекпін.
Ал, асқаралы 60-қа толып жатқан досым Құдеке!
Шабыттың шарықтаған көгінде,
Халықтың көңілінің төрінде болғайсың!
2012 жылы «Фолиант» баспасынан «Жырлаумен өткен 20 жыл» атты эссе-баяным жарық көрген болатын. Сол кітабымда Құдайберлі екеуіміздің таныстығымыз қашан, қай жерде, қалай басталғандығы баяндалатын бөлімі бар. Соны Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы жақсы-жайсаң оқырманның назарына ұсынуды жөн санап отырмын.
Атығай-Қарауылдың ақтаңгері
1988 жылдың қаңтар айында Павлодар облысының құрылғанына арналып, 50 жылдық тойы кең ауқымда аталып өтетін болды да, барлық аудандар өз өнерпаздары арасында түрлі сайыстар өткізе бастады. Ондағы мақсаттары, аудандық сайыстың жеңімпаздарын облыс орталығында өтетін аймақтық ақындар айтысына қатыстырып, өнерлерін облыс жұртшылығына насихаттау болса керек. Осыған байланысты Екібастұздың «Энергетиктер» мәдениет сарайында желтоқсанның басында термешілердің сайысы өтіп, ауданның барлық жыршы-термешілері өз өнерлерін ортаға салып бақты. Екі күнге созылған өнер бәсекесінде қазылардың шешімімен Екібастұз қаласына тиесілі жүлделі үш орынды өзара жеңіп алған көкшетаулық Қадіржан Мәкенов, екібастұздық Оразбек (фамилиясын ұмытып қаппын) және мен аймақтық ақындар айтысына бөлінген үш жолдамаға ие болдық.
Енді Алла қаласа қаңтарда Көкшетау, Ақмола, Қарағанды, Семей, Алтай өлкесі және Павлодар облыстары арасында өтетін аймақтық ақындар айтысында өнер көрсетпекпіз.
Сонымен асыға күткен аймақтық ақындар айтысы өтетін облыс орталығы – Павлодар қаласына да келіп жетіп, қаланың қақ төріне орналасқан «Ертіс» қонақ үйіне ат басын тіредік. Әр ауданның мәдениет бөлімдерінің басшылары аудан атынан үкілеп әкелген ақындары мен басқа да өнерпаздарын қызғыштай қорып, бейтаныс адамдарға көп жолатпай, шыр-пыр болып қонақ үйге орналастырып әлек.
Қонақ үйдің кіре берісі ығы-жығы адам. Қолдарына ұлттық киімдері мен домбыраларын ұстаған өнерпаз қыз-жігіттер. Кенет қатар келе жатқан Қадіржан қарсы алдымыздан жолыққан арықтау келген қараторы жігітті көріп, «Өй, Құдаш, сен қайдан жүрсің, бауыр-е-е-м?!» деп әлгіні бас салып, екеуі бір-бірімен құшақтасып амандаса кетті.
Дауыстары да дабырлай шығып, маңайдағы жұрттың назарын еріксіз өздеріне аударды. Сөз ыңғайларына қарағанда, екеуі бұрыннан таныс, тіпті ауылдас секілді. Қадіржан әлдебір адамдардың атын атап, амандық-саулықтарын сұрап жатты…
Қонақ үйге орналасып, түскі асымызды ішкен соң бөлмемде домбыра тартып отыр едім, есіктен манағы Қадіржанның жерлесі келіп кірді. Екеуіміз қысқаша амандасып, танысқан болып жатырмыз. Сөзі кесек, жүріс-тұрысы маңғаз. Әр сөзін мысқылдап, мығымдап, мақал-мәтелмен тұздықтап сөйлейді екен.
Ауыз екі әңгімеден соң ол жай отырмай домбырамды сұрап ап, әрі-бері шертіп көрді де, «ештеңе ұқпадым ғой» дегендей, сұраулы жүзбен бетіме қарады. Мен домбыраның солақай күйленгендігін ескерткеннен кейін ғана «Ә, бәсе, елде жүргенде өзімді әжептәуір домбырашы санаушы ем, мұнау не боп кетті деп, қайран қалып отырмын ғой баяғы» деп, домбыраны өз қолына келтіріп күйлей бастады.
Осы кезде мен де қарап отырмай, «Бұл дәу де болса бір термеші болар, жақсы терме айтып қалса жазып ала қояйын» деген оймен өзіммен бірге алып келген магнитофонымды ыңғайлап қойдым.
Алайда, мен күткендегідей болмады. Ол қолындағы бөтен домбыраға қолын үйретпек болды ма, әуелі иірім-қайырымы мол, маған беймәлімдеу бір қара шертіске басып, домбырамды ұзақ тартты. Үнемі солақай күйінде тұратын домбырамның құлағы да қайта-қайта бұралып кетіп, менің де, оның да шыдамын тауыса бастаған. Кенет домбыра ыңғайына көнді-ау деген кезде:
Отырсаң замандас деп, базына қып,
Көңілімді домбырамның сазынан ұқ.
Естелік бұл сапардан болып қалар,
Даусымды қалсаң егер жазып алып, – деп өлеңдете жөнелді.
Мен әрине, әуелде ештеңе ұқпай қалдым. Қосып қойған магнитофонымды «не ажыратып, болмаса қосылған күйінде қала берсін бе?» деп, ойлап үлгіргенімше болған жоқ, алдымдағы «жұмбақтау» қонағым домбырасын ерекше бір құштарлықпен қағып-қағып жіберіп:
Білерсің дұшпан қандай, жақын қандай,
Білерсің әнші қандай, ақын қандай,
Домбыраңның күмбірлеген әсем даусы,
«Кел-кел!» деп мені осында шақырғандай.
Танысам жақын досты қабағынан,
Алдында асқақтатып саламын ән.
Ақандай ақтангердің асыл үнін,
Домбыраның іздеп жүрмін шанағынан, – деп тағы да бірнеше шумақ өлеңді түйдектетіп, төгіп-төгіп жіберді.
Алғашында аузымды ашып аңырып қалған мен, енді-енді ғана бір нәрсенің байыбына бара бастағандаймын. Ұққаным, мына жігіт ақын секілді. Ол маған, мен күткендей дайын терме емес, табан астында суырып салып жыр айтып отырғанға ұқсайды.
Сонымен әлгі жерде менің қолымның солақайлығы да, бір саусағымның жоқтығы мен дене бітімімнің палуандарға келетін шымырлығы да бірінен соң бірі өлеңге айналып сала берді.
Сол күні мен ойламаған жерден өмірімде тұңғыш рет суырыпсалмалық өнердің кереметтігі мен құдіреттілігіне тәнті болдым. Сөздің шыны керек, бұрындары айтыс өнеріне онша мән бермейтінмін. Теледидардағы айтысып жатқандарды көрген сайын «Осылар-ақ жазып алғандарын айтып, жұртшылықтың көзін бояп жатады екен» деп, орынсыз сынап-мінеп, айтыскерлерге сенімсіздікпен қарайтынмын.
Сөйтсем, оным балалық па, әлде шалалық болған ба, әйтеуір, өзімнің сол күнге дейінгі сөз өнеріне деген дүдәмәл көзқарасыма әлі күнге дейін қайран қаламын.
Иә, сол бір қаңтардың қысқа күні Құдайберлі екеуіміз әншілік пен айтыс өнері жайлы, жалпы, өнер адамдарының өмірі жайында біраз пікір алмасып, сыр шертістік. Ол сөз арасында өзінің Қазақстанның халық ақыны, атақты Көкен Шәкеевтің төл шәкірті екендігін мақтанышпен айтып өтті. Өзін осы жолы да Ұлы Отан соғысының мүгедегі, арқалы ақын ұстазы Көкен ағаның баптап әкелгендігін жеткізді…
…Мен біразға дейін ұйықтай алмадым. Ойыма қайта-қайта Құдайберлінің сөздері оралып, оның арқаланып, өлең айтып отырған бейнесі көпке дейін көз алдымнан кетпей қойды. Түсімде мен де біреулермен айтысып жүрген секілдімін. Бірақ, ол кезде менің айтыскерлігім расында да түс болатын.
Екі күнге созылған аймақтық ақындар айтысы да өз мәресіне таяп қалған. Бір сөзбен айтқанда, бәрі ойдағыдай, бәрі де алдын ала жазылып-сызылған сценарий бойынша өтуде. Ақындар алдын-ала жұпталған қарсыластарымен қапысыз айтысып, бір сөзбен айтқанда жазып, жаттаған дүниелерін көңілшек көрерменге еш қиындық-кедергісіз өткізіп жатты.
Сол жолы Лебяжье ауданынан келген (негізі шымкенттік) Атымтай Құрманәлиев пен керекулік дәрігер-ақын Мұхамбедия Ахметовтың айтысатын ақындары әлдеқандай себептермен келмей қалды. Ақындардың айтысқа бір емес, бірнеше ай дайындалған еңбектері зая кетпесін деді ме, қазылар алқасы екеуіне де ортаға шығып, бірер ауыздан өлең айтуларына рұхсат берді.
Сахнада алғашқы болып сөз алған Атымтай сол кездері ел аузына ілініп қалған өнерпаз екен. Ол өзінің Ақмоладан келмей қалған әріптестеріне деген өкпе-ренішін, осынау ұлы тойда айтыса алмай қалған арыз-арманын:
Айтысқа келмесе де, керекті адам,
Жырыммен көңілімді демеп бағам.
Үкілеп, үміт артып аттандырған,
Ағайын, ауылыма не деп барам? – деген секілді тыңдарманның сезімін қытықтайтын жыр жолдарымен жеткізіп, көрерменнің қошеметіне бөленіп жатты.
Атымтайдан кейін сахнаға шыққан Мұхамбедия ағамыз да ішінің біраз қыжылын қара өлең арқылы жеткізе келіп, көкшетаулық Көкен Шәкеевтен бата беруін сұраған. Алайда, айтыс басталған күні халық ақыны ортаға шығып, керекуліктерді 50 жылдық тойларының басталуымен құттықтап, айтысқа келген барлық ақындарға өлеңмен ақ батасын берген болатын.
Негізі «ақында арқа болады» деген сөздің жаны бар. Халықтың дуылдата соққан шапалағы шабыттандырып, арқасын қоздырып жіберді ме, Мұхаң да сөз нөсерін төкпелеп-төкпелеп кеп:
Иса мен Жаяу Мұса ұрпағына,
Уа, Көке ақ батаңды бермейсің бе? – дегендей өтінішін айтып, жуық арада сахнадан кете қоймады.
Көкен ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан жараланып қайтқан, таяқпен ғана жүріп-тұратын. Оның үстіне кеше ғана айтарын айтып қойғандықтан ба, залдың орта тұсына жайғасқан қазылардың қатарындағы халық ақыны жуырмаңда орнынан қозғала қоймады.
Осы сәтте залда отырған мыңға жуық көрермен күтпеген тосын жағдай болды. Алдыңғы қатарда, менің қасымда отырған Құдайберлі маған қарап, «Мынау ана шалдың жанын қояр емес, мен барып басу айтайын» деп, домбырамды алды да, лып етіп сахнаға көтеріле берді.
«Енді не болар екен» деп сілтідей тына қалған халық, кенет нағыз айтысқа куә болатындарын сезгендей ду етіп, қол соғып жіберді. Ақындарғакерегі де осы болатын. Арқаланып алған Мұхаң болса, қасына келіп қалған Құдайберліні менсібегендей сыңай танытып:
Осынау айтыс дейтін аламанда,
Шалдықпай шаршы топта шаба алам ба?!
Ағасына айтары бар секілді,
Домбыра ап шыққанына қарағанда.
«Мен Көкеннен бата бер!» деп сұрап тұрсам,
Құдайберлі бата беруге жараған ба? – деп қасына жайғасып жатқан көкшетаулық жас ақынды бір шумақ жыр найзасымен өңменінен түйреп өтті.
Жалпы, айтыс додасындағы жиырма жылда менің көзімнің жеткені «Сен жақсы да, мен жақсы» деп мәймөңкелеген жерде жөні түзу айтыс шықпайды. Өз басым қарсыластарымнан үнемі ақынның шамына тиіп, шымшылайтын сөз күтемін және өзім де оларға солай сөйлегенді жөн санаймын.
Мұхаңның әлгі сөзі Құдайберліге де қамшы болды-ау деймін, сахнада бұрын-соңды ел көрмеген қызыл-қырғын айтыс басталды да кетті. Ақыры, сахнаға Көкен ақсақал шығып, екеуін әзер дегенде тоқтатты. Делебесі қозып алған елге айтыс керек, «Айтыссын! Айтыссын!» деп, тұс-тұстан шулап жатыр.
Сол жолғы аймақтық ақындар айтысының бас жүлдесін Көкшетаудан келген Құдайберлі Мырзабек қанжығасына байлады. Қазылар алқасында ұстазы отырғандықтан немесе «Елге келген мейман ғой» деген жалпақшешейліктен емес.
Оның теңдесі жоқ табиғи талантына сол күні айтысқа келген мыңдаған павлодарлықтар куә болды. Құдайберлінің сондағы қара өлеңдегі қарқыны ешкімге бет қаратпаған еді. Сахнаның төрінен арқаланып сөйлеген кезде, ол бір сәт өзін-өзі ұмытып кеткендей әсер қалдырды. Аузынан шыққан әр сөзі түйдек-түйдегімен төгіліп, сол жердегі «ақынмын» деп домбыра ұстағандардың талайының мысын басып-ақ тастады. Табан астында тауып айтқан тапқырлығы мен өлеңдегі өресі кез-келген ақыннан оқ бойы озық тұрды.
Айтысты марапаттау сәті аяқталар-аяқталмастан жүлдегер ақындарды құттықтап, суретке түсу үшін сахнаға лап қойған жыр жанкүйерлерінің есебінде шек болмады. Әсіресе, Құдайберлінің маңына жиналған студенттер қауымы қонақ ақынмен естелікке деп қайта-қайта суретке түсіп, жапа-тармағай қолтаңба алып жатты.
Осынау қайталанбас сәттің барлығын сырттай ғана бақылап тұрған менің бойымда Құдайберліге деген қызығушылық пайда болды.
–Япыра-ай! Бұл айтыс деген өнер керемет дүние екен-ау?! Осы уақытқа дейін нағып білмей келгенмін?! Шіркін, күндердің күні менің де үлкен сахнада сөз сайысына қатысып, мына тұрған көкшетаулық жас ақын секілді ел құрметіне бөленер күнім болар ма екен?! – деген тәтті қиял мен арманның жетегінде Екібастұзға қайтқаным әлі күнге дейін есімде…
«Сөз өнері дертпен тең» деп Абай айтқандай, мен сол жолы Керекуден дертке шалдығып қайттым. Жатсам-тұрсам ойымнан ақындар айтысы кетер емес. Солардың сахнадағы сөз саптастары мен мың құбылған мақамдары, маңғаз отырыстары мен шумақ сайын дуылдата соғылған көрерменнің шапалағынан бір сөзбен айтқанда, күндіз естен, түнде түстен шықпайтын күйге жеттім…
Өскемен қаласы.