Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүрегіне күй көңіліне нұр тұнған дирижер - АРҚА АЖАРЫ

Жүрегіне күй көңіліне нұр тұнған дирижер

Өткен жұма күні Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Күмбірлеткен кеудемді күй еркесі» деген тақырыпта «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дарынды дирижер Тұрлықожа Базаровтың 75 жылдығына арналған шығармашылық кеш болып өтті.

Концертке өнер иесінің шәкірттері мен әріптестері және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, өнерпазын құрметтей келген дүйім жұрт жиналды.

Жалғанда бар ғұмырын өнермен сабақтастырған адамдардың болмыс-бітімі, мінезі, ой-танымы, адамгершілік қыры, таным-талғамы биік болары сөзсіз. Себебі, өнер, соның ішінде музыка адам жанын сұлулыққа, сөз жеткізгісіз жылылыққа бөлейді. Тұрлықожа ағамыздың болмысында осындай көркем мінез, жақсылық тұнып тұрғаны байқалып-ақ тұрады. Ал, майталман маманның еселі еңбегі өскелең ұрпаққа өнеге екендігі даусыз. Жасырары жоқ, дирижерлік екінің бірі меңгере алмайтын мамандық. Сан түрлі аспаптың үнін, дыбысын құлақпен естіп қана қоймай, шығарманың құрылыс-бітімін жүрекке сіңіре білу, сол әуен-ырғақты  оркестр үнімен үндестіріп, көрерменге  жеткізу шын мәнінде үлкен қабілет пен қарымды талап етері сөзсіз.

Музыка әлемінің майталманы Нұрғиса Тілендиевтен бата алған  дарынды дирижер  Тұрлықожа Базаровтың есімі Көкше, Ақмола өңіріне жыға таныс. Ол К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің іргетасын қалаушылардың бірі және шығармашылық жолын осы оркестрмен байланыстырып, оның өсіп-өркендеуі жолында зор үлес қосып, бас дирижері ретінде де шығармашылық ұжымды абырой биігіне көтерген бірден-бір өнерпаз. Осы жылдар аралығында бас дирижердің бастамасымен оркестр құрамының шеберлігін жетілдіріп, репертуарды  толықтыру мәселесіне де зор көңіл бөлді.

Тұрлықожа аға тек дирижер ғана емес, қаншама шәкіртті өнер жолына баулыған ұлағатты ұстаз.  Екі саланы қатар ұстап, шығармашылық қызметін Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжіндегі педагогикалық  жұмысымен ұштастырып, шәкірт тәрбиеледі. Оның өнегесін көріп, тәлімін алған жүздеген шәкірт күні бүгін Көкше, Ақмола өңірінің өнер саласында еселі еңбек атқарып жүр. Т.Базаровтың тәлімін алған оқушылар консерваторияларға, музыкалық университеттерге оқуға түсіп, жыл сайын филармония оркестрлерінің  құрамын толықтырып келеді.

Міне, осындай тұғырлы өнерпаздың өнер кешінде әрине, сөзсіз сыр тұнған сұлу әндер, күмбірлі күйлер кезек-кезек орындалып, тыңдаушысын тәнті етті. Шәкірттері мен бір сахнада жүрген әріптестері өз өнерлерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналды. Тарқатып айтар болсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Шолпан Дүкімбаева мен Бисара Мәкенова, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегерлері Гүлжан Ахметова, Жанат Есов пен Толғанбай Сембаев және  «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Валерия Болиева, филармонияның белді әншілері Аягөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Абзал Ес, Ринат Нұрмұхан, Қоныс Жүкенов, Әсел Тоқсановалар  бірінен соң бірі сахнаға шығып, өнер кешін әсем әнмен ажарландыра түсті. «Гәкку» халықтық би ансамблінің орындауындағы шұғылалы билер концерттің шырайын келтірсе (жетекшісі Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Гүлмира Ордабаева), К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі (дирижерлары Руслан Қойшыбаев пен Жанат Рашит) тыңдарман көңілін бір серпілтіп тастады.

Тұрлықожа Базаров өз өнегесімен өз жұрағатына үлгі бола білген жан.  Олар отбасымен өнерпаз. Бір ғана мысал, өнер кешінде  ұлы Ербол Базаров ксилофонда ойнап, туысқан қарындасы Гүлден Әлменова  бір сахна төрінде тұрып, мерейтой иесімен бірге өнер көрсетті.

Жүрегіне күй тұнған дирижер, ұлағатты ұстаз, өнегелі отбасы иесі Тұрлықожа Базаровтың шығармашылығына арналған өнер кеші осындай салтанатты рәуіште өтіп, ән мен күйге құмар өнерсүйер қауым рухани қуат алып, ақжарма тілегін арнап, риза болып  тарқасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар