Ғылымға адал қызмет еткен тұлға

Тастағы мүсін мен тастағы жазу жеке тұлғаның өмірінен ғана емес, тұтастай дәуір шежіресінен сыр шерткендей әсерге бөлері хақ. Әрине, әр адамның ғұмыры түрліше өрнектелгенімен, бәріне ортақ басты ұстаным – ел игілігі жолындағы адал еңбек пен туған халқына деген шынайы сүйіспеншілік. Саналы ғұмырын отандық ғылымды өркендетуге арнаған Көкшенің есіл ері, қоғам қайраткері Қуанышбай Рақышұлы Нұрмағамбетов елін сүйген тап осындай адал азамат болатын.

 Ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған Қошқарбай тауының баурайында бірге өскендіктен, ғалым-азамат Қуанышбай Рақышұлының тәлім-тәрбие алған ортасы мен қазақстандық ғылымды дамытуға қосқан үлесі туралы пікір білдіруді інілік парызым деп санадым. Саятшылық өнерімен Арқаға танылған Жаулыбай-Дүйсеннің Қойайдар-Көкеқұл ұрпағынан тарайтын Нұрмағамбет әулеті білім қуған зерделі де өнерлі жандар.

Алып бәйтеректей тамырын тереңге жайған осы қасиетті шаңырақтың үлкені,83 жасында дүниеден өткенМұса атамыз арабша сауатты қария болыпты. Он сегіз жасында Фин және Ұлы Отан соғысына қатысқан үлкен ұлы Қайырбай өзінің іскерлік қабілетімен әулеттің мақтанышы атанды. Ал, Іңкәр апамыз әрі жеңгеміз сонау алпыс алтының күзінде облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің табалдырығын аттағанымда осы басылымның корректоры екен. Маңдайымнан сипап, баласындай мәпелегені әлі есімде.

Балта ата мен Қайни әженің ұл-қыздары Қапиза, Қазима, Дәмеш, Қазинаш жәнеАмангелді жездем жұптары жазылмастан Заборовка ауылындағы ауыл шаруашылығы өндірісінде абыройлы еңбек етсе, Шәріп ағаның қызы Қалима –қазақ және шет тілдерінің білгір маманы. Әлі күнге қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр. Нұрмағамбет қарияның кенжесі Мағзұм ағаның төрт ұлы мен екі қызы шетінен заңгерлік және қаржыгерлік мамандықты жете меңгерген. Алты перзентінің ішінде өзіме етене таныс – Қазақстан Конституциялық сотының судьясы болған, заң ғылымдарының докторы Аманжол мен Көкшетау қаласында тұратын Дулат бауырыммен жақын араласып тұрамын.

Нұрмағамбет қарияның аяулы перзенті Рақыш ақсақал адамгершілік қасиеттері жоғары, халқымыздың салт-дәстүрі мен шешендік сөздеріне өте зирек, оқығаны да, тоқығаны да мол азамат болатын. Балжан әжеміз екеуі үш бала тәрбиеледі. Тұла бойы тұңғыштары Әбілқайыр аға мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде абыройлы қызмет атқарып, майор шенін алды.

Ері ерте дүние салғандықтан, қос перзентін аналық мейіріміне бөлеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мәпелеп өсірген Әсмә жеңгей қазақ әйеліне тән инабаттылықпен имандылықты, кішіпейілділікпен парасаттылықты тал бойына жинақтай білген асыл жан еді.

Анасының қамқорлығымен ер жеткен ұлы Амантай кезінде Қазақстан Республикасы Президенті аппаратында мемлекеттік инспектор, саясаттану ғылымының докторы болса, келініміз Ләйлә да саясаттану ғылымының докторы, ҚазМУ-де кафедра меңгерушісі. Гүлнәр қарындасым да ғылым жолын таңдап, ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Облыстық «Степной маяк» газетінде хат тіркеуші, «Көкшетау правдасында» машинистка болып істеген Әсмә апамның қамқорлығын көп көргендіктен, қос перзентіне ағалық ізгі тілегімді арнаймын.

Рақыш ата мен Балжан апаның сүт кенжесі Қуанышбай ағай 1940 жылы өмірге келіп, орта мектепті күміс медальмен бітіргендіктен, үлкендер оған Мәскеуге барып оқуға ақыл-кеңес береді. Алайда, Целиноград қаласында ауыл шаруашылығы институты ашылып, инженер-механик мамандығы бойынша сонда оқиды. Таңдаған кәсібіне адалдық танытқан алғыр жігіт біраз уақыт ауылдық жерде машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып істепті.

1979 жылдан тағдырын  отандық ғылымды, оның ішінде тауарлар өндірісі мен қызмет көрсетуді нарықтық жағдайда реттеуге, бәсекелестікті қамтамасыз етуге арнаған экономика ғылымдарының докторы Қуанышбай Нұрмағамбетов – Көкшетау-Ақмола өңіріне танымал тұлға. Ол 1981-2003 жылдары Көкшетау ауылшаруашылығы институтында кафедра меңгерушісі, 2004-2014 жылдары Көкшетау экономика және менеджмент институтында ғылыми-зерттеу жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды.

Саналы ғұмырының отыз бес жылын қазақстандық ғылымды өркендетуге арнаған Қуанышбай Нұрмағамбетовтың құрметіне Көкшетау қаласындағы Елемесов көшесіндегі №45 үйде мемориалдық тақта орнатуға арналған салтанатты митинг болды. Аталған жиында облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, Халықаралық экологиялық академияның академигіБақыт Жүнісов, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры, академик Сағынтай Елубаев, заң ғылымдарының докторы Қуанышбай Рақышұлының туған бауыры Аманжол Нұрмағамбетов, Көкшетаудағы гуманитарлық-техникалық академияның ректоры, профессор Әбілмәжін Аюлов сөз сөйлеп, Қуанышбай Нұрмағамбетовтың ғылыми-ағартушылық қызметіне кеңінен тоқталып, адамгершілік қасиеттері жайлы тағылымдық естеліктерімен бөлісті.

Халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсете білген Қуанышбай Рақышұлы сүйікті жары Күлтай Бәздауиқызы екеуі бес перзентін өнегелікке, адалдыққа тәрбиелей білді. Әке жолын қуған ұл-қыздары Қайрат, Талғат, Самат, Майгүл, Айгүл ғылымға, жаңа технологияға ден қойып, өз ісінің білгір мамандары атанды.

Әке рухына тағзым етіп, мемориалдық тақта орнату идеясына қолдау көрсеткені үшін Көкшетау гуманитарлық-техникалық академиясының ректоры Әбілмәжін Мұсайыпұлына, жалпы, көпшілік зиялы қауымға шынайы ризашылығымызды білдіре отырып, ел мәртебесін асқақтатқан асылдарымызды ардақтауды ұмытпайықшы дегім келеді.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар