Қарттар айлығы аға ұрпаққа құрметімізді паш етті

Өмір бойы жинақтаған бай тәжірибесі мен бойдағы күш-қуатын ел игілігі жолына аямай жұмсаған ардагерлеріміз – нағыз құрметке лайықты асыл жандар. Ежелден мирас болған осынау ата салтымыздың бұлжытпай сақталуының нәтижесінде биылғы Қарттар айлығы жоғары деңгейде өтті деуге болады.  «Ақылды қария – ағып жатқан дария», –дегендейін, бабадан балаға мирас болған халық даналығы мен озық дәстүрді ұқыптылықпен сақтап, жастарды отаншылдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрген аға ұрпақ өкілдерін бүгінгі заманның қаһармандары десе болғандай.

Баға жетпес құнды қасиеттерімізді ел тарихының қилы кезеңдерінде де жоғалтпай, қиындықтарды табандылықпен жеңе білген ардагерлер еңбегін бағалау – біздің басты парызымыз. Бұл орайда, облыс әкімі Марат Ахметжанов қарияларымыздың өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласуына мүдделілік танытып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына ерекше көңіл бөлуде.

Осы асыл мұраттарға адалдық танытқан Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі ұйым есебіндегі 29 мың зейнеткердің алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету үшін, бұқарамен жұмыс істеудің әртүрлі формаларын тиімді пайдалануда. Егде адамдарды әлеуметтік қолдау айлығына орай,барлық еңбек ұжымдарында салтанатты жиындар өтті. Бұлигілікті шараға қоғамдық ұйымдар, әсіресе,бизнес құрылымдары белсене атсалысты.

Мәселен, Ақмола теміржол бөлімшесі бойынша Көкшетау қаласында тұратын 180 зейнеткер «Меруерт» мейрамханасында бас қосып, өткен уақытқа ойша шолу жасап, естеліктермен бөлісті. Өнерпаздардың концертін тамашалады. Сондай-ақ, бір топ ардагер Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған ескерткіш медальмен, грамотамен марапатталды. Ал, «Болашақ» сарайында теміржол транспортының өндіріс озаттарымен болған кездесуге жастар шақырылып,өзара тәжірибе алмасты.

«Көкшетау жылу» кәсіпорнының әкімшілігі бұл жолы  ұйым есебіндегі 440 зейнеткер мен бір тыл еңбеккеріне он мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсетуді ұйғарды. Осы ізгі мақсат үшін 3 миллион 700 мың теңге қаржы бөлініпті. «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамы да 307 зейнеткерге 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетті.

Адамдардың денсаулығын қызғыштай қорыған ақ халатты дәрігерлер мен медбикелер де айлық барысында қамқорлықтан тыс қалған жоқ. Облыстық көпбейінді аурухана құрамындағы емдеу мекемелері бойынша 349 зейнеткерге дастархан жайылып, мәдени шара өткізілді. Ал, «Денсаулық сақтау саласының құрметті қызметкері» атағы бар қариялар «Меруерт» мейрамханасында дастархан басында дәм татып, қызықты концерттік бағдарламанытамашалады. Қимыл-қозғалысы шектеулі зейнеткерлерге азық-түлік пакеті мен 5000 теңге көлемінде сыйақы берілді.

Көкшетау қалалық емханасының әкімшілігі 196 зейнеткерді облыстық орыс драма театрында өткен спектакль мен концерттік бағдарламаны тамашалауға шақырды. Емхананың бас дәрігері, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Ғалия Сабатаева жиналғандар алдында сөз сөйлеп, әріптестерінің атқарған еңбектеріне шынайы ризашылығын білдірді. Осы тақылеттес шаралар Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында да өтті.

Қарттар айлығына арналған бағдарламаға сәйкес «Ашық есік күнінде» зейнеткерлерге тегін консультациялық кеңес берілді. Әлеуметтік желі арқылы «Ғасыр құрдасы» акциясы, соңдай-ақ, «Қарттық шекара емес» селфи-челлендж өткізілді. Педагогика қызметінің ардагерлері үшін Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіндегі және Көкшетау қаласындағы білім ошақтарының музейіне саяхат ұйымдастырылды. Бұл шараға университеттіңбірінші курс студенттері де қатысты. Келесі жылы құрылғанына ширек ғасыр толатын «Ақбұлақ-Родник» клубының мүшелері «Көкшетау-Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қала іргесіндегі Краснояр селосы зейнеткерлерінің алдында өнер көрсетті.

Көкшетаулық қариялар мен зиялы қауым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2024   жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты бағдарламалық Жолдауын ықыласпен қабылдады. Президент Жолдауында жүктелген міндеттердің қай-қайсысы болсын, елдің дамуына, болашағын айқындауға игі ықпал етері сөзсіз. Әсіресе, 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы ерекше маңызды. Өйткені, техникалық және кәсіби  білім беру жүйесін реформалаудың қажеттігін өмірдің өзі айқындап берді. Сол себепті де көкшетаулық ардагерлер жұмысшы мамандарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын барынша қолдайтын болады.

Көкшетау қаласының орта арнаулы оқу орындарында техникалық мамандықтар бойынша кадрлар даярлау ісі жақсы жолға қойылған. Оған Ерлан Бегайдаров жетекшілік ететін құрылыс-технология колледжінің осы бағытта атқарған жұмысын қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісінде талқылағанда айқын көз жеткіздік. Аталған колледж дәнекерлеуші, электрик, слесарь, сантехник, жүргізуші, елімізге қажет тағы басқа мамандар даярлайды. Алайда, өкінішке орай, мұндағы шәкірттердің ішінде өзіміздің қарагөз қазақ жастары өте аз болып шықты.

Ал, өңірде қалыптасып отырған ахуалға келер болсақ, халық шаруашылығының қай саласында болсын, кадр тапшылығы әлі де байқалуда. Ауыл жастарының жұмысшы мамандықтарын меңгеруге деген құлшынысы тым төмен. Фермерлер трактор, комбайн жүргізетін, сиыр сауатын, мал бағатын мамандардың жетіспейтіндігін өкінішпен айтады. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, алдағы алқа мәжілісінің бірінде осы өзектітақырыпқа қайта оралмақшымыз.

Жастарды еңбекқорлыққа баулуда жұмысшылар әулеттерінің тәжірибесі шешуші рөл атқарады. Әкеден балаға мирас болған мұрагерлік қағиданың өміршеңдігін айқындайтын мысалдар жеткілікті. Мәселен, теміржол саласындағы Сүлейменовтер әулетінің жұмыс өтілі 631 жылды құрайды. Олар өндірісте қандай озат болса, өнерде де танымал. Бұл әулет соңғы жылдары «Мерейлі отбасы» байқауына белсене қатысып,  сан мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Ал, еңбек қадамын жол бақылаушы, мастер, бригадирліктен бастаған Серік Уайысұлы, әсіресе, Көкшетау теміржол вокзалының бастығы болғанда кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше танылды. Еңбегіне қарай ілтипатқа бөленген Ақмола теміржол бөлімшесі аумақтық ардагерлер ұйымының төрағасы С. Сүлейменов Көкшетау қаласы мәслихатының 30 қыркүйектегі №С-15/8 шешімімен Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағына ие болды. Осындай атақты өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ел ағалары Хабиболла Ғазизов, Марат Құлмағанбетов, Шабдан Тоқмурзин, Құдайберлі Мырзабек, Балталы Сәрсенбаев та еншіледі.

Жолдауда айтылған тағы бір көкейге қонымды қағида –  «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясын өткізу. Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың, жастар ресурстық орталықтарының қолдауымен біздің қаламызда да бірнеше сенбілік пен тазалық бейсенбілігі өткізіліп, Қопа көлінің  жағалауы, Қылшақты өзенінің арнасы, парктер аумағы көң-қоқыстан тазартылып, жүздеген түп жас көшеттер отырғызылды. Осылай  десек те, адамдардың жеке мәдениетінің төмендігінен үй маңдарының ластануына жиі жол беріліп, коммуналдық кәсіпорындардың жауапсыздығынан контейнердегі қоқыстар дер кезінде тасымалданбай, жұртшылықтың наразылығын туғызуда. Табиғат – біздің басты   байлығымыз.   Ендеше,  Президентіміз бастамашыл болып отырған шараны белсенділікпен жүзеге асыру бәріміздің ортақ борышымыз болса керек.

Ардагерлер ұйымдарының күшін біріктіріп, беделін арттыру мақсатында «Достар» мәдениет сарайында жалпықалалық жиналыс өткіздік. Атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер талқыланған бұл шараның басты ерекшелігі, қала басшылығы тарапынан әдеттегідей құттықтау сөздер айтылған жоқ. Күн тәртібінде тұрған мәселе бойынша баяндамажасалып, көкейкесті мәселелерге кезек берілді.

Сондай-ақ, қаламыздың гүлденіп-көркеюіне сүбелі үлес қосқан өндіріс озаттарына қала әкімінің Алғыс хаты тапсырылды. Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. «Достар» мәдениет сарайының өнерпаздарынан басқа «Ақбұлақ-Родник», «Шаңырақ», «Әжелер» вокалдық топтары өнер көрсетті. Жиналған қауымның көтеріңкі көңіл-күйлеріне қарағанда, аталған шара сәтті өтті деуге болады.

11-16 қазан аралығында Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін өткен турнирде шахматшылар Уалиден Ильясов, Болат Рақышев, Тельман Мұқышев, Гүлнар Мұхамадиева, Вера Попова, Виктория Мұхамеджанова жүлделі алғашқы үш орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды. Тартысты өткен дойбы сайысында жеңіс тұғырына есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс Владимир Тонких, Сайлау Көшкенұлы, Айшок Боранбаев, Гүлнар Мұхамадиева, Виктория Мұхамеджанова, Вера Попова көтерілді. Шешуші сәттерде табандылық таныта білген ардагер шахматшылар Сайлау Көшкенұлы, Рашид Гайнуллин, Арыстан Аяғанов, Рымбек Ғабдуллин, Сәкен Тәңірқұлов пен төреші Қанат Биғожин түрлі аталымдар бойынша женімпаз атанды. Есімдері аталған ардагер спортшыларымызда арнайы диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Біз қол жеткен жетістіктермен шектелмей, алға қадам басу үшін зейнеткерлердің сапалы өмір сүруіне жағдай жасауға тиіспіз. Атап айтқанда, қазір Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасына сәйкес жер-жерде ардагерлерге арналған орталықтар ашылып жатыр. Астана қаласының тәжірибесіне сүйене отырып, осындай орталық Көкшетау қаласында да ашылмақшы. Бұл жоба ойдағыдай жүзеге асырылса, қарияларбір жерге жиналып, бос уақыттарын қызықты да мәнді өткізе алары сөзсіз. Ең бастысы, аталған орталыққа мемлекеттік коммуналдық мекеме мәртебесі берілсе, қаржы кіріптарлығынан біржола құтылып, дербес ұйым ретінде еркін жұмыс істей алар едік.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» дегендей, біз көпті көрген көнекөз аға ұрпақтың бай тәжірибесін еліміздің онан әрі өркендеп, көркеюіне жұмсай отырып, жастарымызды үлгі-өнегеге, өткендер дәстүріне адалдыққа тәрбиелеуге тиіспіз.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар