Даму көрсеткіштеріміздің айнасы

8 қараша – статистика қызметкерлері күні

Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына 104 жыл толып отыр. 8 қараша мереке күні ретінде таңдалғаны кездейсоқ емес, өйткені, 1920 жылы дәл осы күні Қазақ КСР-інде статистика қызметі құрылған болатын.

Бүгінгі таңда Қазақстанның статистикалық жүйесі жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Ауқымды бағалаулар жүргізген бірқатар халықаралық ұйымдар статистикалық көрсеткіштердің жоғары сапасын және Біріккен Ұлттар Ұйымы статистикасының іргелі қағидаттарына сәйкестігін мойындады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы мемлекеттік статистикада осы заманғы статистикалық жүйелердің барлық міндетті атрибуттары бар. Заңнама, нарықтық экономикасы бар елдерге тән статистиканың салалары, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін статистикалық әдістеме толық қамтылған.

2020 жылы Мемлекет басшысының Ұлттық статистика бюросын Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігіне беруі кездейсоқ емес. Реформаларды әзірлеу мен жүзеге асыру сенімді және толық ақпаратқа негізделуі тиіс екені бәрімізге мәлім. Бүгінде ұлттық статистиканы реформалау бағдарламасы қалыптасты. Ол 68 жобаны біріктіретін үш негізгі бағыттан тұрады. Олар әдістемелік базаны жетілдіру, әкімшілік және балама көздерді пайдалануға көшу, сондай-ақ, ұйымдастырушылық реинжиниринг бағыттары.

Ұлттық статистика бюросы, соның ішінде Ақмола облысы бойынша біздің департамент ресми статистикалық ақпаратты негізгі өндіруші болып табылатын мемлекеттік орган саналамыз.

Біз ақпаратты екі негізгі көзден жинаймыз: бастапқы статистика, яғни, бұл бізге кәсіпорындардың, ұйымдардың, жеке кәсіпкерлердің, шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының есептерінен келіп түсетін мәліметтер. Екіншісі, басқа мемлекеттік органдардың деректері. Оларды әкімшілік көздер деп атаймыз. Осы деректерге сүйене отырып, ресми статистиканы жариялаймыз.

Қазіргі қоғамда статистика әртүрлі әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістердің ең маңызды сандық сипаттамаларын алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік басқару құралдарының бірі болып табылады.

Жоғарыдан төменге дейінгі қызметтерде статистика органдары жариялаған материалдар кеңінен қолданылады. Бұл қажетті шешімдерді қабылдау үшін қолданылатын жалпыұлттық бақылаулардың, арнайы зерттеулердің және әртүрлі аналитикалық әзірлемелердің нәтижелері. Статистикалық қызмет жұмысының нәтижелерін мемлекеттен басқа халықаралық ұйымдар мен бизнес құрылымдары да пайдаланады. Статистикалық есеп органдарының жұмысының арқасында экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және тағы басқа да көрсеткіштер бойынша толық және барынша объективті ақпарат жиналады.

Біз де өз аймағымызға қатысты кейбір статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, Ақмола облысының халқы 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 788,4 мың адамды құрайды, оның ішінде қалалықтар – 449,6 мың адам, ауылдықтар – 338,8 мың адам. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі халықтың табиғи өсімі 2427 адамды құрайды. 2024 жылдың қаңтар-қыркүйегінде туған балалар саны 7686, қайтыс болған адамдар саны 5259 адам. Көші-қон сальдосы теріс болды және 2012 адамды құрады, оның ішінде сыртқы көші-қонда оң сальдо байқалады – 839 адам, ішкі көші-қонда теріс сальдо қалыптасқан – 2851 адам.

2024 жылдың екінші тоқсанындағы жұмыссыздар саны 19,6 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 4,6 пайызын құрап, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 7222 адам болды. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында қызметкерлерге, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпорындарды қоспағанда, есептелген орташа айлық атаулы жалақы 330 230 теңгені құрап, 2023 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8 пайызға өсті. 2024 жылдың екінші тоқсанындағы нақты жалақы индексі 101,7 пайызды құрады. 2024 жылдың екінші тоқсанында есептелген халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы  184469 теңге болды, бұл 2023 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8 пайызға жоғары. Көрсетілген кезеңдегі нақты ақшалай кірістердің өсу қарқыны – 1,7 пайыз.

2024 жылғы қаңтар-қыркүйектегі өнеркәсіп өнімінің көлемі ағымдағы бағамен 1 415 614,1 миллион теңгені құрады, бұл 2023 жылғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда 0,1 пайызға аз. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,6, өңдеу өнеркәсібінде 0,7 пайызға төмендеді, электрмен, газбен, бумен, ыстық сумен, жай сумен жабдықтауда және ауаны баптауда 13,1 пайыз өсім байқалады. Дренаж, қалдықтарды жинау, өңдеу және кәдеге жарату, ластануды жою бойынша жұмыстарда да 5,3 пайызға өсім бар. 2024 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің  жалпы көлемі 658 939,7 миллион ​​теңгеге тең болып отыр. Жүк айналымының көлемі коммерциялық тасымалдауды жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлермен орындалған жұмыс көлемін қоса есепке алғанда, 18985 миллион тонна-шақырымды құрады.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 14 992 адам және бұл көрсеткіштің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,8 пайызға азайғандығы байқалады.  Белсенді заңды тұлғалардың саны 12 291 нысанды құрады, оның 11 960-ы шағын кәсіпорындар болды. Облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 11741, яғни, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға азайды.

Ендігі бір айтарымыз, мемлекеттік статистиканың басты байлығы – кәсіби кадрлар. Бүгінгі таңда біздің Ақмола облысы бойынша статистика департаментінде аудандық басқармаларды есепке алғанда 113 адам жұмыс істейді, осы қызметкерлердің 97 пайызы жоғары білімді, олардың 80 пайызға жуығының жоғары экономикалық білімі бар, 23 маман Қазақстан Республикасының статистика саласының үздігі.

Біздің қызметкерлер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола филиалында өз біліктілігін үздіксіз арттырып отырады. Фарида Исланова, Шұға  Жаманова, Айтжан Ыбышева сияқты ардагерлеріміз осы салада 1984 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Олардың әрқайсысының еңбек өтілі 40 жылға таяп қалды. Ермек Мусина, Майра Төлебаева, Айгүл Ысқақова, Ләззат Тұружанова, Мадина Тушанова да 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан өз ісінің майталмандары. Бағлан Тасболатова, Мәриям  Балтабаева, Салтанат Тауышева және Жанна Сағындықова 28 жылдан астам үздіксіз еңбек жолында. Олар күнделікті еңбектерімен жинақталып, есептелген көрсеткіштерді облыстың, еліміздің даму көрсеткіштеріне айналдырып келеді. Аудандардағы әріптестерімізбен жергілікті жерлерде де ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әр қызметкерімізді тынымсыз, жемісті еңбектерінен тануға болады. Олардың ішінде Валентина  Сысолатина, Гүлнәр Молдаспаева, Лариса Кортункова, Галина  Ижицкая, Күлқан Төлешова, Ғалия Ахметова, Күлзия Ибраева, Жанна Нұрғали сияқты өз міндеттеріне сергек қарайтын жандар баршылық. Іске деген адалдық, еңбекқорлық және  шығармашылық көзқарас өскелең ұрпаққа үлгі боларлық қасиет десек, жастарымыз әрдайым аға әріптестерінің осындай қолдауы мен көмегіне дән риза.

Бүгінгі таңда ұлттық статистикалық қызметті жетілдіру бойынша жұмыс одан әрі жалғаса түсуде. Атап айтқанда, жаңа ақпараттық технологиялар енгізілуде, статистикалық ақпаратты зерттеу мен есепке алу әдістері, сондай-ақ, есеп пен есептіліктің жаңа нысандарын оңтайландыру қолға алынып келеді.

Қазақстандағы статистикалық есеп берудің принциптері, жұмыс әдістері мен нысандары 1947 жылы белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және сол уақыттан бері үздіксіз жетілдірілу үстінде. 2003 жылы Еуростат анықтаған тұстарға назар аударыла отырып, Қазақстанның статистикалық жүйесіне бірінші жаһандық бағалау жүргізілді. Республика, облыстар бойынша кейінгі жылдары статистика жүйесін жетілдіру бағдарламасын әзірлеу кезінде халықаралық сараптау комиссиясының ұсыныстары да ескерусіз қалған жоқ. Мұның өзі статистика саласы бойынша жұмыс тиімділігін арттыруда елеулі нәтижелерін беруде.

Мемлекеттік статистика қызметі мемлекетке қажетті әртүрлі сипаттағы ақпаратты жинау, өңдеу, жүйелеу және сақтау тұрғысында алдымен, салалар мен ведомстволардың жұмысын талдау, салалық бюджеттерді құру кезінде назардан тыс қалған маңызды тұстарды қамту жағынан да өте ұтымды буын екендігін естен шығаруға болмайды.

Статистикалық қызмет жұмысының нәтижелерін мемлекеттен басқа халықаралық ұйымдар мен бизнес құрылымдары да пайдаланады. Дәл осыған байланысты статистика мамандарының жұмысы ақпарат жинаудың, талдаудың және есептеудің қай кезеңінде болсын, үлкен жауапкершілік, асқан дәлдікті талап етеді. Тағы бір атап өтерлігі, Қазақстандағы статистикалық жүйені жетілдіру бойынша жұмыстар, қызмет нәтижелеріне нұқсан келтірместен, статистикалық және әкімшілік есеп беру нысандарының санын қысқартуға көмектеседі, осылайша статистикалық қызметтің өзіне де, оған есеп беретін субъектілерге де құжат айналымының ауыртпалығын жеңілдетеді. Міне, біздің жұмысымыздың маңыздылығын, қызметкерлеріміздің өз күнделікті жұмыс орындарында керек-ақ екендігін осыдан да байқасақ, артық емес.

Осы жағына тағы да бір екпін түсіре отырып, статистикалық қызметтің барлық қызметкерлерін, сонымен қатар, ардагерлерімізді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасында бақ-береке, кәсіби қызметі барысында табыс және жаңа жетістіктер тілеймін!

Расул ЕРҒАЛИЕВ,
Ұлттық статистика бюросы Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар