Алаштың ақиығы Мұқағали жырлағандай, ақын, болып жаралған жүректің Отанын өлеңге қоспауы мүмкін бе?! Отанды арқау етпеген сүлей де кемде кем.
Қалам тербеген қазақтың қай ақынын алсаң да «Отан» деп отты жыр тудырмай өтпеген. Рухани-әдеби мұрасы үзілмеген ұлтымыздың бүгінде «Отаным» деп ұрандап, «Отаным» деп рух көтеретін ақындары жоқ емес. Сөзіміздің дәлелі ретінде 25 қазан – Республика күніне» арналған онкүндік аясында ұйымдастырылған «Құшақта мені, Отаным» атты облыстық поэтикалық дуэль жайлы айтып өтейін.
Поэтикалық дуэльді, Ақмола облысы мәдениет басқармасы Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның залында еркін форматта өткізді. Аталған жиынға бейінді басқарманың басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, ақындардың өнеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, жыр додасына арнайы қазылар алқасы тағайындалып, ақындардың туындыларына төрелік етті. Әділ қазылар құрамына ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, мемлекеттік «Серпер», «Дарын» жастар сыйлықтарының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При иегері Алмас Темірбай төрағалық етсе, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Манарбек Қыдырбай және «Заң» республикалық газетінің Ақмола облысы бойынша тілшісі, Жұмабек Тәшенов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Майра Қуанышқызы мүшелері болды.
Сонымен, үш кезеңнен тұратын дуэльге барлығы 10 ақын қатысты. Үміткерлер бір-бірімен жеребе арқылы жұпталып, бірінші кезеңде өздерінің елдік тақырыбындағы патриоттық өлеңін және еркін тақырыптағы бір өлеңін оқыса, қалған кезеңдерде шығармашылығындағы өтімді өлеңдерін ортаға салып, сынға түсті. Шараның марапаттау рәсімінде сөз сөйлеген қазылар алқасының мүшелері ақындардың өлеңдеріне сыни тұрғыда пікір айтып, кем-кетіктерін атап өтті. Бұл ретте, Алмас Темірбай «өлең» деген киелі ұғымның туын құлатпайтын, ертең елдің намысын қорғайтын, әдеби ортаның жалғасы болатын тағы бір буынның қалыптасып келе жатқанына тоқталды. Қазылар алқасының шешімімен «Құшақта мені, Отаным» атты облыстық поэтикалық дуэльдің үшінші орыны Оралбек Нүрүш пен Майра Мамрайымға бұйырса, ІІ орынды Абылай Мәулен мен Назгүл Нұртай иеленді. Оған қоса, жүлделі І орынды Рамазан Бауыржанұлы қанжығасына байлап, Еламан Оспанов дуэльдің бас жүлдегері атанды. Барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бүгінгі күні рухани мұрамен сусындайтын, санаңды серпілтетін кештерді аңсайтынымыз өтірік емес. Өтсе, жылына екі рет әйтпесе, бір рет ақындар айтысы өтеді. Ақындар мүшәйрасы дегенде, зал толы көрерменмен дүрлігіп өткенін көрмеппіз. Сөз соңында айтпағымыз, отаншылдық, ұлттық рухтың мерейін асыратын, елдікке, бірлікке үндейтін, жас ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайрайтын, туған ел мен туған тілге деген сүйіспеншілігін оятатын рухани шаралар көптеп ұйымдастырылса деген ниет пен үміт бар. Республика күніне орай өткізілген аталмыш поэтикалық дуэль көкейдегі сол бір ойды қайта қозғады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.