Ән сүйер өлкенің аяулысы

«Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, көрікті Көкшенің ару қызы, ән падишасы Қапаш Құлыштың «Ән ғұмырым – сұлу Көкшем» атты шығармашылық кеші өтті. Бұл кеш жезтаңдай әншінің 75 жасқа толған мерейтойына арналды.

Арқаның дәстүрлі ән өнерін дәріптеген кәсіби әншілеріміздің ізін басып, ісін жалғастырып келе жатқан Көкшенің төл тумасы, Үкілі Ыбырайдың немересі Мұса Асайыновтан тәлім алып, өнер жолына түскен Қапаш Құлыш бұл жолы өз өнерін жоғары бағалайтын жерлестерінің назарына тың концерттік бағдарламасын ұсынды. Кеш әншінің орындауында Үкілі Ыбырайдың «Сұлу Көкше» әнімен басталды. Әннен кейін К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен «Гәкку» би ансамблі мүшелерінің мың бұралған биіне кезек берілді.

Қапаш Қабыкенқызы Құлыш 1949 жылы 9 мамырда Ақмола облысы Зеренді ауданының Дөңгілағаш ауылында туған. Өнер өлкесінде ерте көзге түсіп, 1978 жылы Кубада өткен ХІ Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің лауреаты атанған Қапаш апамыз 30 жасында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атанған өнер саңылағы. Жезтаңдай әншінің орындауындағы керемет әндер асқақ рухпен өршіл сезімге, нәзік иірім мен тұнық дауысқа астасып жататын ән сахнадан төгілгенде тыңдарман қауым бір, бір емес-ау, мың жасап қалар сәттер аз емес. Көрнекті жерлес ақынымыз Кәкімбек Салықов:

Қапаш-ау, самғай берсін өршіл үнің,

Ол сенің асқақ дарын, көпшілігің, – деп жырға қосқанындай, концерт барысында көпшілік елінің ерке қызының осы қасиеттерінің бәріне шынымен тәнті болды.

Шығармашылық кеш барысында Көкшенің ардақты қызының өзі орындаған Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған», «Гәкку», тағы басқа әндері жезтаңдай әншінің өнер жолындағы бойтұмары іспетті. Қапаш апамыз осы әндерді төгілдіре орындағанда, тамсанып, ән мен әнші кереметінен рухани мол азық, жан ләззатын алмайтындар кемде-кем. Осы ретте, аз-кем тағы да әншінің өмір және өнер жолына тоқталсақ, 1966 жылы Көкшетау облыстық филармониясының солист-вокалисінен келесі жылы республикалық эстрада-цирк студиясына Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің сыныбына оқуға қабылданады. Ғарифолла ұстазындай ғаламат дарыннан тәлім алған Қапаш Құлыштың өнердегі жолы бұдан кейін де сәтті қалыптасып, республикалық «Гүлдер» жастар эстрадалық ансамблінің жетекші солисі болды. Осы ансамбль құрамында әлемнің ондаған елдерін аралап, халқымыздың бай өнерін талғампаз әлем жұртшылығының алдында насихаттады.

Осындай біртуар әншінің шығармашылық кешіне өнер өлкесінде қатар қанат қаққан қазақтың аса танымал дәстүрлі әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайрат Байбосыновтың арнайы келіп қатысуы кеш шоқтығын тіпті көтере түсті.

Көпшілікті сырлы  сазымен баурай түскен әсем кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айзат Қарабек, республикалық байқаулардың лауреаттары Жаңабай Өтегенов, Шыңғыс Сәрсенбай, мәдениет саласының үздігі Гауһар Жүсіпова және әншінің өнер биігіне баулыған өз шәкірттері бар жан-тәндерімен белсене ат салысып, Қапаш апамыздың сұлу Көкшесімен мәңгі ажырағысыз ән ғұмырына ерекше шырай берді.

Концерттік сапарлармен талай мәрте бір шеті АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Испания, Италия, Түркия, Қытай, тағы басқа елдерде болып, қоңыр домбырасымен қазақ әнінің құдіретін шырқау биікке көтерген жезтаңдай әнші үшін бәрінен бұрын өз туған топырағы, сан дарындарды өнер бәйгесіне қосқан сұлу да сырбаз Көкшесі ыстық екендігін осы жолы біздер, тыңдармандары да тағы бір мәрте айқын сезіндік.

Әншінің репертуарындағы ең бір халық сүйіп тыңдайтын ән әрине, талай рет көзіміз жетіп жүргеніндей, Сәкен Сейфуллиннің «Біздің жақта» әні. Жоғары деңгейде өткен мерейтойлық шығармашылық кешінің шымылдығын осы құлақтан кіріп, бойды алар тамаша әнмен жапқан жезтаңдай әншінің иығына Ақмола облысы әкімінің атынан зерлі шапан жабылып, гүл шоқтары сыйланды және үш миллион теңгенің сертификаты тапсырылды. Сонау балауса бала кезінен күні бүгінге дейін Көкшенің Қапашы атанып, өнер туын биік ұстап келе жатқан сүйікті әншісімен жерлестері «келесі жүздескенше» деп бұл жолы да қимай қоштасты.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар