Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жалпыға бірдей декларациялаудың IV кезеңінің жай-жапсарымен таныстырды.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңмен жалпыға бірдей декларация тапсыру енгізілгендігі баршамызға белгілі. Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету болып табылады.
–Бұрын жалпыға бірдей декларацияға мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары немесе қатысушылары, дара кәсіпкерлер, жоғары айтылған тұлғалардың жұбайлары енгізілген еді. Төртінше кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қалған азаматтар, яғни, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар тапсырады. Ақмола облысы бойынша бұл санаттағылардың саны 335 мың адамнан асады, – деді өз сөзінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Шәйкенов.
Декларациялау жүйесіне кірген кезде активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылады. Ол – 250.00-нысан. Кейіннен халық жыл сайын кірістер мен мүлік туралы декларацияны, яғни, 270.00-нысанды тапсыратын болады. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі. Оған шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шетелдік банктегі 3,692 миллион теңгеден жоғары (1 000 АЕК) ақша, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, биткоиндер және тағы басқалары, үлестік қатысу шарты (тұрғын ғимараттағы үлесі), инвестициялық алтын (құйма алтын), зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 36,9 миллион теңге (10 000 АЕК) шегіндегі қолма-қол ақша, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, қалауы бойынша құны 3,692 миллион теңгеден асатын басқа да мүлік (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және тағы басқалары кіреді). Бағалауды 31.12.2023 жылғы жағдай бойынша декларацияны тапсыру мерзіміне дейін 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей жасау қажет болатын.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларация 15 қыркүйекке дейін тапсырылды. Басқа тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешегі) және жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешегі) нотариаттық келісім болған кезде көрсетілуге жатады.
Салық заңнамасының нормаларына сәйкес дебиторлық-кредиторлық берешек туралы мәліметтер өзгертуге немесе толықтыруға жатпайды. Тиісінше, нотариаттық куәландыру 2024 жылдың 31 желтоқсанында және декларация тапсырылған күннен кешіктірілмей жүргізілуі тиіс.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну тәсілдері: Электрондық түрде – «Салық төлеуші кабинеті» Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы арқылы (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкіметтің» порталы (egov.kz), сондай-ақ, «Е-Salyk Azamat», «e-Gov mobile» мобильді қосымшалары арқылы. Сонымен қатар, қазіргі уақытта бұл декларацияны екінші деңгейдегі Каспий, Халық және тағы басқа банктерінің мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
Салық төлеуші декларацияны толтырмас бұрын уәкілетті органдардың интернет-ресурстарына өз бетінше кіріп, сондай-ақ, республикалық нотариаттық палатаға сұрау салу арқылы декларацияланатын мәліметтердің дұрыстығын тексере алады. Жалпыға бірдей декларациялауды нақтылау үшін бірыңғай республикалық 1414 платформасында Байланыс орталығы іске қосылды. Толық ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында (kgd.gov.kz) «Жалпыға бірдей декларациялау» бөлімінде жарияланған.
Сонымен қатар, апта сайын сәрсенбі және бейсенбі күндері департамент сұрақ-жауап форматында Zoom конференциялар өткізеді. Идентификаторының нөмірі департаменттің әлеуметтік желілерінде орналастырылған.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.