Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жаңартылған кітапханамыз оқырмандарын жаңа жобаларымен де елең еткізбекші» - АРҚА АЖАРЫ

«Жаңартылған кітапханамыз оқырмандарын жаңа жобаларымен де елең еткізбекші»

 «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» десек, осы кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін ұлттық құндылықтар, сондай-ақ, оқырмандар арасын жалғастыратын кітапханашылар екенін ұмытпауымыз керек. Рухани қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып келе жатқан М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы былтырдан бері күрделі жөндеуден өткізілуде. Жуырда жұртшылық ресми ашылуын асыға тосқан мекеменің қазіргі жай-күйін көзімізбен көріп оралдық. Бір құптарлығы, осы бір жылдың көлемінде ол қазіргі заманға сай кейіпке еніп, жарқырай түскен. Әлі тиісті құрал-жабдықтар толық орнатыла қоймаса да, бір жаңа леп, жаңа тыныс байқалады. Осыны байқаған біз кітапхана директоры, ақын Қуаныш Оспанды әңгімеге тартып, әрі-беріден біраз сыр суыртпақтадық.  

–Қуаныш Ерғалиұлы, өзіңіз басқарып отырған облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың негізгі қызметіне тоқталып өтсеңіз…

–Кітапхананың ең басты міндеті – оқырман талабына сай қызмет көрсету ғой. Әрбір келушінің іздеген кітабын тауып беріп, оның сол кітапты залда алаңсыз оқуына жағдай туғызу. Екіншіден, облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана болғаннан кейін, өңіріміздегі барлық кітапханалардың орталығы ретінде оларға әдістемелік қолдау көрсетеміз. Облыс аудандарында жалпы саны 360 кітапхана бар. Олардың есеп-қисабын алып, кітапхана қорын толықтыру, жарамсыздарын есептен шығару, қызмет көрсету жағынан көмек қолын созамыз.

–Былтырдан бері осы облыстық кітапханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды. «Созбалаңға салынып кетті», «қашан ашылады?» деп жүргендер бар. Жалпы, осы күрделі жөндеу жұмыстары туралы айта отырсаңыз. Оқырманға қашан қайта есік ашасыздар?

–Иә, созбалаңға салынып кетті деп жүргендер жетерлік. Бірақ, ондай созылып кетті дейтіндей ештеңесі жоқ. Былтыр маусым айында басталған күрделі жөндеу биылғы маусымда аяқталды. Мен өзім әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы екенімді барлығы жақсы біледі. Өзімнің жеке парақшамда жұмыс барысын салып отырдым. Көрген адамдар бұқпантайлап жертөледе жүргенімді, өрмекші құсап шатырда өрмелегенімді байқаған болар. Оның бәрі ертең ешқандай артық әңгіме болмасын дегенім еді. Негізі күрделі жөндеуге облыс бюджетінен 409 миллион теңге бөлінді. Енді бұл жерде айта кететін болсақ, әуелде жобалық-сметалық құжат әзірленген кезде жоспарда кем-кетік, қателіктер көп кеткен екен. Бұл жоба 2016 жылы жасалып, қаржы бөлінбей жата берген соң, оған ешкім мән бермеген. Ол кезде басқа басшылар болғанын бәрі жақсы біледі. Мен 2022 жылы қызметке келісімен күрделі жөндеуді қолға алып, ақша бөлінеді-ау деген кезде жобаға өзгерту енгізейік десек, ол жоспарға заң бойынша өзгеріс енгізуге болмайтын көрінеді. Содан тек қана уақыттың өтуіне орай, құрылыс материалының құнына байланысты түзетулер енгізілді. Содан осы қателіктері бар жобамен жұмыс істеуімізге тура келді. Мысалы, кітапхананың сыртқы аумағы дұрыс есептелмеген, мәселен 1800 шаршы метрдің орнына 1200 деп көрсетілген. Одан кейін жобаға шатырын жөндеу кірмей қалған. 2007 жылы шатыры ауыстырылған екен, содан шатырын өзгертудің қажеті жоқ деп тапқан. Жобаны жасаушы адамның құрылыстан хабары болса, қабырғаны 20 сантиметрге қалыңдатқанда, шатыры жетпей қалатынын білетін еді, ал, ол ескерілмеген. Осы сияқты дүниелер құрылыс жұмыстарына қолбайлау болды. Маңайын абаттандыру жұмыстары да жобаға кірген болатын, бірақ,  жоғарыда айтқанымдай, кемшіліктерге байланысты оған бөлінген қаржы шатырды жабуға, басқа да кемшіліктерді жоюға жұмсалды, алмастырулар жасауға тура келді. Жалпы, облыстық бюджеттен бөлінген қаржы толық игерілді. Құрылыс басталғанда сол кездегі облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа, қазіргі облыс әкімі Марат Ахметжановқа да бұл жайды, кемшіліктер мен жобадағы қателіктерді айтып, осында шақырып, көрсеттім де. Содан, қалай да осы жөндеу жұмыстарын аяқтадық.

Енді жаңа жиһаз, кітап қоятын жаңа сөрелер мен стеллаждар керек. Безендіру жұмыстары бар. Материалдық-техникалық базаны жаңарту қажет. Бұған да әуелде 200 миллион теңге бөлінген еді, алайда, көктемгі су тасқыны деп, одан кейін оңтайландыру деп сол бөлінген ақшамызды қайта алды. Табан тоздырып, дәлелдей жүріп, 40 миллион теңгені бюджеттен қайтарып алдық. Өзіңіз көргендей, сол ақшаға 4 қабатты негізгі қорымыздың кітап қоятын стеллаждары дайындалып жатыр. Ол да мемлекеттік сатып алу конкурсымен атқарылатын шаруа, талдықорғандық кәсіпкер тендерді ұтып алып, 360 стеллажды жасап жатыр. Бұйырса, қараша айының ортасына таман жеткізіп береді.

Жалпы, қырық жыл бойы азып-тозып тұрған дүниені жаңартып, қалпына келтіру оңай шаруа емес. «Ескіні жамағанның есі шығады» дейді ғой қазақ. Қазір неге ашылмай жатырсыңдар деп сын айтып жатқандар болса, «Біз салтанатты түрде ашылмасақ та, 20-30 мыңдай көркем әдебиетті екінші қабаттағы  жаңа оқырман залына шығарып қойдық. Қазір онда оқырмандар келіп, қалаған әдебиетін, газет-журналын оқып жүр. Балалар бөлімі де ашық. Жалпы, жұмыс істеп жатырмыз» деп айта аламын. Бірақ, мемлекеттік сатып алу конкурстарына байланысты кейбір жұмыстар толық аяқталмады. 40 жаңа компьютер келе жатыр, 10 принтер жеткізілді. Бірақ, принтерлер техникалық талаптарға сай емес, қабылдамай отырмыз. Мемлекеттік сатып алу деген бір ыңғайсыз жүйе болып тұр. Талаптарға сай емес принтерлер жіберген, енді олармен соттасып жатырмыз. Жиһаздарымыздың біразын алдық. Бұйырса, бәрі ойдағыдай реттеліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында салтанатты түрде ашылып қалуымыз мүмкін.

–Жоспарлы іс-шараларыңызды осы күрделі жөндеу кезінде тоқтатқан шығарсыздар?

–Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар кез-келген жазушының мерейлі датасын, сол секілді тау тұлғаларымыздың, мерейтой иелерінің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа мадақтау, насихаттау бағытындағы жоспарлы шараларды үзбей өткізіп келеміз. Жөндеу кезінде біздің кітапхана жабылып қалса да, бұл бағыттағы жұмыстар үзілген жоқ. Облыстық әдебиет және өнер, Мәлік Ғабдуллин музейлерінің мәжіліс, акт залдарын пайдаландық. Көбінесе, сырттағы іс-шараларды ұйымдастыруға тырыстық. Ол үшін жоғары оқу орындарына, колледждерге, мектептерге барып, жылжымалы іс-шаралар өткіздік. Жаңа келген кітаптарды да оқу орындарына барып, таныстырдық.

Ендігі бір мәселе, кітап қорын толықтырып отыру үшін жыл сайын бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұған дейін жыл сайын 5-10 миллион теңгеден қарастырылып келген. Бірақ, биылғы жөндеу жұмыстарына байланысты былтыр біз бюджеттік өтінім жасаған жоқпыз. Келесі жылы 2025 жылға өтінім жасаған кезде, екі жылға қосып береміз. Қазіргі әлем желі дамыған шақта кітапқа деген сұраныс қаншалықты екенін өздеріңіз сезерсіздер.

Қалай болғанда да, кітапханаға адамдар келеді, оқырмандарымыз бар. Бұрынғы Интернет аз болған кезде, көпшіліктің қолы компьютерге, ақпаратқа жете бермеген уақытта, яғни, 2000-ыншы жылдары кітапханаға адам көп келіп жүріпті. Қазір енді күніне 100-150 адамдай келеді деп айта аламыз. Қазіргі біздің толық ашылмаған қалпымызда да күніне 60-70 адамдай келіп жүр.  Өзіміздің тұрақты оқырмандарымыз бар. Үлкен кісілер өздерінің үзбей оқитын газет-журналдарының кезекті жаңа нөмірлерін оқуға келеді. Студенттерді білім ордалары экускурсияға әкеліп, таныстырып, осында әрі қарай кітапқа келіп жүруге жағдай жасайды. Жалпы, кітап іздеушілер бар деп ауыз толтырып айта аламын.

–Кітапханада қандай жобалар іске асырылып жатыр? Бір жылдары ақын-жазушылардың шығармаларын электронды нұсқаға көшіру секілді бір қанатқақты жобалар қолға алынған болатын…

–Бұрын бізде «Алтын Арқа» деген бір жоба болған. Онда ақын-жазушылардың шығармаларын электронды нұсқаға көшіріп, дискілерге салып қоятын. Бірақ, ол кеңінен таралмайтын. Екі данасын жасайтын, біреуін ақын-жазушыға береді, біреуі кітапхана қорында сақталатын. Жаңа өзіңіз көргендей, залдарды өзгертіп жатырмыз. Қазір бір жақсы жобаны қолға алып жатырмын. Бұрынғы оқырман залы толықтай сөрелермен қамтамасыз етіліп, ашық қор қойылды. Енді онда кез-келген адам өзі келіп, таңдап жүріп, қалаған кітабын оқи алады. Веб-рабисте жұмыс істей алады. Бірнеше залдар біріктіріліп, ауысулар орын алды. Қазір Қазақстанның халық жазушысы  Сәкен сері Жүнісов атындағы мәжіліс залын жасақтап жатырмыз. Ол жерде Сәкен ағамыздың жеке кітапханасы қойылады. Онда өзінің қолтаңбасы түскен, саусағының табы бар дүниелер тұрады. Көпшілік іс-шаралардың барлығы ендігі арада сонда өтетін болады. Жиһаздарын құрып қойдық, енді техникалық құралдарын күтудеміз. Одан кейінгі бір дүние жерлес қаламгер Төлеген Қажыбаев ағамыздың жұмыс кабинетін жасақтаймыз. Ол кабинетте ақын-жазушының жеке кітапханасынан бастап, жұмыс істеген үстелі, орындығы, тіршілігінде қолданған бұйымдары қойылып, ол бір жағынан музей тәрізді болады. Мысалы, бізде Алматыда Ұлттық кітапханада Әзілхан Нұршайықовтың, Ақтауда Әбіш Кекілбаевтың кабинеттері бар. Енді біздің Көкшетаудағы Мағжан атындағы кітапхананың бір қанатында Сәкен Жүнісов, бір қанатында Төлеген Қажыбаев ағаларымыз отырса, бұл жарасымды дүние болады деген ойдамыз. Көпшілікке ашық кабинет болады деп жоспарлап отырмыз. Келушілердің сонда жұмыс істеп, зерттеу жұмыстарымен айналыса берулеріне ыңғайлы жағдай жасаймыз. Кітапхана деген рухани байлықтың ордасы болса да, қаржылық қолдауға аса бір мұқтаж мекеме. Өйткені, мына кітапхананың өзін безендіру жұмыстарына қыруар қаржы қажет. Мамандармен ақылдасып, сметасын жасағанда 15 миллион теңге көлемінде ақша керектігін білдік. Енді оны бізге кім береді? Бюджеттік мекеме болғаннан кейін, бюджеттік өтінім жасаймыз, олар міндетті түрде азайтып береді. Оқырман келгеннен кейін оған біз жайлы жағдай жасауымыз керек қой. Сол бюджетті жоспарлау кезінде біздің сұрағанымызды бермей, жөндеуіміз де кешеуілдеп жатыр. Демеуші іздеп, тап дейтіндер бар. Осы Көкшетауда қандай байшыкеш, ауқатты адам бар деп, біраз адамдардың алдына барып, сөйлесіп те көрдім. Олар кітапхана әкімдікке қарайды ғой, солар көмектессін дейді. Сонда мен оларға: «Сіздер мешітке апарып көмек көрсетесіздер ғой, сол сияқты мешіттің алдына бір орындық қойсаңыздар, мына жерде бір адам отырып дем алса, содан сауап жазылады деп ойлайсыздар, сол сияқты кітапханаға қарапайым бір диван алып беріңіздерші, дәлізге қоятын, күніне жүздеген адам отырып, кітап оқып демалады. Сол мешіттен жазылатын сауап, осы жерде де жазылады ғой» десем, ат-тондарын ала қашады. Біздің ауқатты адамдардың әттеген-ай деген тұсы сол, осы руханиятқа көмектесе алмайды. Сол жағы қынжылтады. Ертең бұл жерден ғалымдар, мықты мамандар шығады ғой, соған бір септігімді тигізейін деп ойламайды.

–Енді бұл тақырыптан мамандар жағына ойыссақ, мәселен, өздеріңізде кітапханашылар жеткілікті ме?

–Кітапханаларда кадр тапшығы аса қатты байқалады. Себебі, бізде жоғары оқу орындарында кітапханашыларды даярлайтын бөлім жоқ. Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінде бөлім бар, бірақ ол орта арнаулы білімді мамандар даярлайды. Сондықтан, біз көп жағдайда филология, тарих мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бітірген жастарды алып, осындағы тәжірибелі, зейнет жасына келіп қалған мамандарға қайта тәрбиелетіп, даярлатып алудамыз. Қазір штатта 72 адам болса, соның 50-ге жуығы кітапханашылар. Бұл біз үшін жеткіліксіз. Бүгінде қосымша штат сұрап отырмыз. Себебі, облыстық кітапханада 11 бөлім бар. Осы жерде, күрделі жөндеу жұмыстары кезіндегі кітапхана қызметкерлерінің жанкешті еңбегін ерекше айтып өткім келіп отыр. Кітапханада негізінен, әйелдер қауымы жұмыс істейді. Осындағы миллиондаған кітапты біресе жоғары қабатқа, біресе жертөлеге көшіріп, ауыр жұмыстарды атқарды. Кейбіреулері белдерін баса алмай, ауырып та қалды. Бізге әуелде уақытша басқа ғимаратқа көшу туралы да ұсыныс айтылған, бірақ, көшіп-қонып жүрсек, мындағы кітаптар не болады? Құриды. Жоғалады, бүлінуі мүмкін. Сөйтіп, шаң-тозаң, цементтің арасында отырдық. Кітапханашыларыма осындай жұмыста бірігіп, тонның ішкі бауындай, бар ауыртпалықты өздері көтеріп  жүргендеріне алғысым шексіз.

Соңғы уақытта кітапхана тарапына Президентіміз де біраз жақсы дүниелер айтып жүр. Сонда да нақты тапсырмалар әлі беріле қойған жоқ. Еңбекақы мәселесін де айтып қалдыңыз ғой, бізде ол өте аз. Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысы аз дейтін болсақ, соның ішінде ең аз еңбекақы алатындары осы кітапханашылар. Осыдан төрт жыл бұрын 100 пайыз көтереміз деген, оны жыл сайын 25 пайыздан деп 4 жылға бөліпті. Ал, баға жыл сайын көтерілуде. Содан сол 100 пайызды әлі қуып жете алмай келеміз. Жоғары оқу орнын бітіріп келген адамның өзі 120 мың теңгенің әр жақ, бер жағын ғана алады. Сондықтан, жастар кітапханашы болғысы келмейді. ІТ мамандығын бітіргендер 100 мың теңгеге келіп жұмыс істей ме?! Сондықтан, кітапханада еңбек етіп жатқан адамдар жанкешті адамдар дер едім. Жіпсіз байланып отырғандары да бар.  Мысалы, біреулері осыдан 10 жыл бұрын бюджеттік мекеме қызметкері ретінде пәтер кезегіне тұрған, содан әне-міне беріп қалар деген үмітпен әупірімдеп кезегін күтуде. Кейбірінің кезектері жақындаған, кетіп қалса, пәтерін ала алмайды. Осылайша еліміз бізді алыстан бұлдыраған сағым дүние жақындап қалар деп үміттендіріп қояды.

– Осы киелі ортаның тізгінін ұстап отырған соң, қарамағыңыздағы кітапханашыларға жұмыс барысында қандай талап қоясыз? Сосын өзіңіз кітапты қаншалықты оқисыз?

– Кітапханаға неше түрлі адам келеді. Алдымен солармен сыпайы болу керек. Сондықтан, әркімнің тілін тауып, жылы қабақпен сөйлесіп, сұрағанын тауып беру біздің кітапханашылардың негізгі міндетіне айналған. Сол сияқты, оқырман да өз тарапынан сыпайылық сақтауы қажет. Қазіргі күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқтала қоймаған кезде түсіністікпен қарап, жаңағы оқырман залына қойылған кітаптарды әзірге қанағат ете тұрса дейміз. Себебі, кейде кейбір адамдар онда жоқ кітапты сұрап келіп, әлі залға шығарылмаған мыңдаған кітаптың арасынан керегін тауып беруді бұйырып жатады. Облыс орталығында облыстық кітапханадан бөлек тағы, 13 кітапхана бар, солардан ала тұрсаңыз да болады ғой деп, түсіндіріп айтамыз. Бірақ, сонда да үстімізден шағымданып жататындар баршылық.

Ал, кітап оқуға келсек, кітап оқимын. Бірақ, жұмыста отырып, кітап оқитын жағдай жоқ, қызмет бабымен түрлі мәселелерді шешу керек. Көбіне үйде шалқамнан жатып оқығанды құп көремін. Күніне 10-15 бет оқып қалуға тырысамын. Дәл қазір «Ауыл кітапханасына сыйлық» деген жобамен ауыл кітапханаларына жіберілген кітаптар легімен келген Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» деген кішкентай кітабын оқып жатырмын. Оның ішіндегі әңгімелерді бұрын оқығам, әлгі кітаптың ыңғайлы, кішірек, сүйкімді етіп шығарылғанынан ба, қызығып, қайталап оқып жатырмын. Осы сұраққа орай, көңіліме мынадай ойдың келіп тұрғаны. Қазіргі заманда балаларға кітап оқыта алмаймыз ғой. Сондықтан, балаларды қызықтыру үшін ең алдымен тамаша жазушымыз Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын» оқытыңыздар дер едім. Қанша оқысаң да жалықтырмайтын кітап. Балалық шағын сағынбайтын адам жоқ шығар. Мен өзім бала кезімнен осы кітап кейіпкеріне қатты еліктеп өстім. Жазушы шығармаларындағы негізгі прототипі өзі екенін де жақсы білдім. Қожасы да өзі екенін білетінмін. Содан кейін,  Қаржаубай Омаровтың «Әке» деген шығармасы оқырманға үлкен ой салады деп ойлаймын. Ал, енді одан кейінгі бір жақсы көретін кітабым өзбек жазушысы Адыл Якуповтың «Ұлықбек қазынасы» деген кітабы. Кезінде орысша шыққан. Елді ағарту саласында жазған еңбегі ғой. Онда өткен замандағы қараңғылықпен күрес суреттеледі, ара-арасында қазіргі уақытпен салыстырып оқып тұрамын.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет. Біздің де тілек, кітапханамыз тезірек оқырмандарға есігін айқара ашсын!

Сұхбатты жүргізген Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар