Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шағын ауылдар тарап, қадірі кете бере ме?!. - АРҚА АЖАРЫ

Шағын ауылдар тарап, қадірі кете бере ме?!.

Алашқа ақ бесік болған ауыл тұрғындарының саны күрт азайып, қартайып бара жатыр. Соңғы бес жылдың ішінде өңірде 13 ауыл жабылған.

Зеренді ауданына қарасты Қарлыкөл ауылындағы екі қабатты, еңселі мектеп сатылғалы жатыр деген суыт хабар жеткеннен кейін ізін суытпай іле бардық. Сатылымға шығарылғаны рас екен. Жаңа оқу жылында 19 оқушы қалғаннан кейін білім ошағы жабылған. Бұған дейін ауылдың ортасындағы клуб, балабақша сатылып кеткен. Ендігісі жүзге жуық отбасы тұратын, етек-жеңі кең пішілген ауылдағы көзге түсетін жалғыз ғимарат осы мектеп. Ел болашағын ойлаған ауыл тұрғындарының уәжі, күндердің бір күнінде ауыл қайта түлесе, мектеп керек емес пе дейді. Абырой болғанда сол күні өткізілген  сатылымда мектеп үйін жергілікті «Ақшабай» серіктестігі сатып алыпты. Серіктестік басшыларының айтуларына қарағанда, халықтың қалауына орай мектептің мұрты бұзылмай, осылай тұрмақ. Арнайы күзетші  қоймақ. Әйтеуір, бір жақсылық боларына сеніп, үміт еткендіктен.

Қарлыкөл ауылы тас жолдың бойында. Көкшетау қаласынан небары елу шақырым жерде. Ауыл үстінен Имантау, Шалқар бағытындағы курортты аймақтарына қатынайтын теп-тегіс жол өтеді. Тұрған жері де әсем, табиғаты тамылжыған, нулы-сулы көрікті аймақ. Ауыл іргесінен басталатын қайың-теректі орман сыңсып тұр, белуардан келетін шалғын, су көзі де мол. Тіршілік етуге қолайлы-ақ жер. Әттең, өтпелі кезеңнің өкпек желі қос бүйірінен қысқан кезде жастардың дені, бәлкім, түгелге жуығы жайлы жер іздеп, облыс орталығына, Астанаға қоныс аударған. Қазір жергілікті серіктестікте жұмыс істейтін ауыл тұрғындарының саны саусақпен санарлық.

Биыл облыста 9 мектеп жабылды. Демек, ауылға демеу болып тұрған негізгі жұмыс көзі санатындағы мектептердің жабылуы себепті, тоғыз ауылдың тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз.

–Ауылдың алпыс екі тамырына қан жүгірту үшін алдымен мал өнімдерін  сатып алуды жолға қою керек, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – мен бұл мәселені алқалы жиындарда ұдайы айтып, көтеріп жүрмін. Талдап көрелік. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары мал өнімдерін нарық бағасымен сата алмайды. Ең басты мәселе осы. Жалғыз Қарлыкөл ғана емес, іргедегі Ақан, Баратай ауылдары да дәл осындай күй кешіп отыр. Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындары үдере көшіп жатыр. Жыл бойы бейнетін белден кешіп баққан малының игілігін көре алмағаннан кейін жүдеп қалғаны да рас. Егер, сүтін, етін сатып алуды ұйымдастырса, ауыл тұрғындары жүдемес еді. Малсақ қауым төрт түліктің тілін тауып отырғанымен, нарықтық қатынастың тілін әлі үйрене алмай отыр. Осы арада алыпсатарлардың пайда тауып отырғандығын жаңалық болмаса да айта кетелік. Солардың барлығы бірдей салық төлемеуі де мүмкін. Егер ауылға жанымыз ашыса, онда осы мәселені жергілікті билік жолға қоюы керек.

Шалғайдағы шағын ауылдарда тұрақты табыс табатын жұмыс көзінің қат екендігі белгілі. Серіктестіктер мен шаруа қожалықтары егін шаруашылығымен айналысады. Әйтсе де бұл жетімсіз.

–Ірі серіктестіктер жердің игілігін көріп отырғаннан кейін жалғыз егін ғана емес, мал шаруашылығымен де айналысуы керек, – дейді еңбек ардагері Еркеш Әленов, – мысал үшін айта кетейін, бес мың гектар жер егетін болса, бес  жүз бас мал бағатын болсын. Мұны міндеттеу керек. Әйтпесе, көптеген серіктестіктер көктемде дән сеуіп, күзде өнімін жинап алады. Ауыл тұрғындары пай үлесін алғанымен, бұл жай қолтықтарынан демейтін демеу бола алмай отыр. Егер серіктестіктер мал бақса, ауыл  тұрғындарының біреуі бақташы болар еді, енді біреулері жемшөбін дайындар еді. Осылайша жыл бойы тұрақты жұмыс көздері ашылар еді. Механизаторлар көктемгі егіс кезінде бір ай, күзгі егін орағы кезінде бір ай жұмыс істейді. Қалған уақытта олар да қол қусырып қарап отырады. Ауылдың алға басқан қадамын кері кетіріп тұрған осы жай.

Осы өзекті тақырыпты қаузап, тілдескенімізде ауылдың басына үйірілген бұлттың қоюлануы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келетінін аңғардық. Қыс бойы жолдың тазаланбауы, ауыз судың болмауы, жұмыссыздық титықтарына жеткен.

–Тағы бір маңызды мәселе, балалардың білім  алуы, – дейді Зеренді ауданындағы «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов. – Облыстық мәслихаттың депутаты болған кезімде  халықтың жағдайымен жете таныстым. Ауылдың қалаға көшуі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған. Ауыл халқын толғандырып отырған мәселе, балалардың заман талабына сай білім алуы. Ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы айырмашылық жойылуы керек. Әркім де балаларының болашағын ойлайды ғой. Ауыл балаларының қаладағыдай спортпен, өнермен айналысуына, қосымша білім  алуларына мүмкіндік тудыру керек. Қаншама жағдай тудырылып жатқанымен, білікті мамандар ауылға бара бермейді. Міне, менің ойымша, ең басты мәселе осында.

Соңғы жылдары ауыл халқына біршама жағдай туғызылуда. Облыстық және жергілікті маңыздағы жолдар жөнделуде. Ауылдық әкімдіктер жолды қыста қардан тазалауға бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда. Бұл тарапта өткен уақытпен салыстырғанда ауыз толтырып айтарлық жұмыс бар.

–Ағымдағы жылы жергілікті маңыздағы жолды салуға және жөндеуге 71,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған, – дейді облыстық жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков, – бұл тарапта 130 жоба жүзеге асырылмақ. Бөлінген қаржының 20,4 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 46,4 миллиарды облыстық бюджеттен және 4,7 миллиарды аудандық бюджеттен бағытталып отыр.

Бар жұмыс тиянақты жүзеге асырылған кезде 500 шақырым жол жөнделмек. Құрылыс-монтаж жұмыстары «Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу», «Астана қаласы маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді бағдарламасы», «Өңірлерді дамыту», «Ауыл – ел бесігі»,  «Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту» тәрізді бірнеше бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы және жөндеу бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы жалпы құны 20,4 миллиард теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылмақ. Өңірде күрделі және орташа жол жөндеу барысындағы ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.

Ауылға әртүрлі бағдарламалар арқылы мамандар да барып қызмет етуде. Осы орайда, ауыл медицинасының ахуалын жақсартуға «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы мен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шарапаты тиіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Өткен жылы жөндеу жұмысын қажет ететін 14 нысанға 2,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 960 миллион теңге қарастырылған. Ойға алған шаруаның оңынан оңғарылғандығын нақты деректермен өрнектей кетелік. Төрт жоба сәтімен аяқталып, құрылысшылар қалағынан жаңа шыққандай жұтынған ғимараттар ел игілігіне пайдаланыла бастады.

Ел пікірін екшеп сараптасақ, ең бастысы, балаларының болашағына алаңдаулы. Демек, ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы айырмашылық жойылса, ауыл балалары да сыбағасынан құр қалмаса, екіншісі, жұмыс орындарын ашу, мал өнімдерін бұлдап сату. Міне, осы мәселелер шешілсе, шағын ауылдардың да шырайы кіріп қалмақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар