Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, екі күнге жоспарланған ауқымды форум болып өтті. Форум жұмысына өңірлік цифрландыру саласының қызметкерлері мен жас өнертапқыштар, IT мамандары қатысты. Іс-шара барысында жасанды интеллектің дамуы талқыланып, бірқатар сала мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шара басталмас бұрын, іс-шараға жиналған қатысушылар назарына «Стартаптар аллеясы» тақырыбында ұйымдастырылған көрме ұсынылды. Онда робототехника бойынша жас өнертапқыштардың тың жобалары көрініс тапқан. Әзірлеушілер өз туындылары туралы кеңінен әңгімелеп, толық ақпарат берді. Солардың бірі – Көкшетау қаласындағы №6 мектеп-лицейінің оқушысы Әнел Әбдірахманова. Ол биылғы жылы «Technovation girls» атты халықаралық байқауға қатысып, тәжірибе жинақтап қайтыпты. Осының нәтижесінде егде жастағы адамдарға дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдауды еске салатын «PillPal» қосымшасының прототипін жасап шығарған.
Жас өнертапқыштың айтуынша, егде жастағы адамға уақытында дәрі қабылдау керектігі туралы ескерту жасау үшін «Taifune Alarm» әдісін қолданған. Алдағы уақытта ол осы туындысын жетілдіре түсіп, аппаратқа арнайы дәріхана картасын да қосуды жоспарлап отыр. Мәселен, сізге қажетті дәрінің атауын енгізсеңіз болғаны, аталған дәрі жақын арадағы дәріханада бар не жоқтығы туралы ақпаратты анықтау мүмкіндігіне ие боласыз. Осы жоспары жүзеге асып, аталған жобаны ойдағыдай жетілдірген соң, оны App stor және Play Market-ке қосуды да ойластырып жүр.
Университет қабырғасында ұйымдастырылған«Digital Aqmola» форумына IT саласына қызығушылық танытқан барлығы 300-ден астам адам жиналды. Салтанатты шарада Ақмола облыстық цифрландыру және мұрағаттар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Өтебаев сөз сөйлеп,сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, жобаларды іске асыруда табыс тілеп, жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Соның ішінде елді мекендерді интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселесі, облыстағы оқу орындарын бейнебақылау жүйелерімен және дабыл белгілерімен жабдықтау туралы мәліметтерді ортаға салды.
–Ақмола облысында саланың өркендеуі жолында көптеген ауқымды цифрландыру жобалары қолға алынып отыр. Бүгінгітаңдаоблыста605елдімекен бар.Оның ішінде талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 333елдімекен қамтамасыз етілген.«Қолжетімді Интернет» жобасы шеңберінде 2027жылға дейін талшықты-оптикалық байланыс желілеріне 238ауылдық елді мекенді,сондай-ақ,Көкшетау қаласында 5gстандартының 56 базалық станциясын іске қосу жоспарланған.Бұлретте,қазіргі уақытта 11базалық станция орнатылғанын атап өтуіміз керек. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша шалғайдағы мектептерді сапалы интернет байланысымен қамтамасыз ету үшін облыстың 264 мектебінде«Starlink» атты спутниктік интернеттің абоненттік терминалдары орнатылды.Сондай-ақ, жоғарыда аталған жоба шеңберінде республикалық маңызы бар жолдарда байланыс сапасын жақсарту үшін Ақкөл,Жақсы және Ерейментау аудандарының аумағында 3 антенна-діңгек құрылысын,салу бойынша шаралар қабылданды, – дей келіп, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға одан әрі тоқталып өтті.
Форум барысында бірнеше бағыттар бойынша сессиялар мен шеберлік-сыныптары ұйымдастырылды. Тағылымы мол танымды шеберлік сыныптарында жасанды интеллект туралы және электрондық коммерцияны дамыту сияқты өзекті мәселелер ортаға салынды. «Smart Aqmola»мекемесінің жетекшісі Гүлім Бегалинаның айтуынша,облыста IT әйелдер қауымдастығы құрылмақшы.
Форум аясында өткізілген байқаулардың да жеңімпаздары марапатталып, жүлдегерлер бағалы және ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.