Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыстан қысылмай шығу! Бұл – бүгінгі күннің басты бір міндеті! - АРҚА АЖАРЫ

Қыстан қысылмай шығу! Бұл – бүгінгі күннің басты бір міндеті!

Бүгінгі таңда Ақмола облысында қысқы жылыту маусымына 1142 қазандық, 786 білім беру нысаны, 567 денсаулық сақтау нысаны, 2642 тұрғын үй дайындалған. Барлығы 35,2  шақырым жылу желілері жөнделген. Оларды ағымдағы жөндеу он бір, күрделі жөндеу жиырма екі, қайта жаңарту екі шақырымды құраған. Бұл жұмыстарды атқаруға көзделген облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының нақтыланған бюджеті 86,9 миллиард теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есе көп. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифингте осы саладағы өзгеде атқарылған жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев баяндап берді.

– Облыста жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Жалпы облыс бойынша 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымын дайындауға және өткізуге 39,9 миллиард теңге бөлінді. 22,6 миллиард теңге жөндеу жұмыстарына жұмсалды.Жылумен жабдықтау көздері мен желілерінің тозу деңгейі жоғары өңірлерге ерекше назар аударылуда.Көкшетау қаласы бойынша Үкімет резервінен жөндеу жұмыстарына 3,7 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде алты шақырым жылу желілерін жөндеуге 0,6 миллиард, аудандық қазандықтарды жөндеуге 0,8 миллиард, күл үйіндісін қайта құруға 2,3 миллиард теңге қарастырылған. Жылу көздері мен желілері бойынша жоспарланған жұмыстар жүз пайыз орындалды.Степногорск қаласы бойынша Үкімет резервінен 7,5 шақырым жылу желілерін жөндеуге 2,7 миллиард теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Бұдан басқа, Степногорск энергокешені мен жылу электр орталығының жылу желілерін жөндеуге қосымша 7,9 миллиард теңге қарастырылды, – дей келе, Бақтыбек Бекенұлы басым жұмыстарға тоқталып өтті.

Иә, соңғы қалада қыс ортасында жылу желілері жарылып, әбігерге салатын еді.  Басқарма басшысы атап өткеніндей, шаһарларды жылумен қамту үшін бөлінген қаражат мөлшері де қомақты. Басшы жұмыстардың жүз пайыз орындалғанына сендірді. Тегі солай болып, ақпанның аязында тұрғындар жылусыз қалмаса екен.

Сонымен бірге, қысқы жылыту маусымының басым жұмыстарының бірі көмір қорын жеткілікті қабылдау. Қазақстан темір жолының деректеріне сәйкес, осы кезге дейін облысқа 659,5 мың тоннадан астам көмір түскен. Қазіргі уақытта, облыстың көмір тұйықтарында 82,8 мың тоннадан астам көмір бар. Ағымдағы жылы көмірдің орташа бағасы 1 тонна үшін 17750 теңгені құрап, жекелей алғанда Шұбаркөл – 18750, Қаражыра – 21000, Майкөбе – 18500, Богатырь – 12750 теңгеден сатылуда.

–Қажеттілікке сәйкес көмір операторларының өтінімдерімен көмір разрездерін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді өз сөзінде Бақтыбек Жапаев. Яғни, өңірдің көмірмен жеткілікті қамтылуында әлі де жұмыстар бар. Ал, тұрғындардан алған көмірдің сапасыздығы туралы шағымды ауылда немесе елді мекендерде естіп жатамыз. Әйтеуір, жоқтың қасында бар деп, халықта оған көнуде.

Сондай-ақ, облыста жылу энергетикасы саласында білікті кадрлардың тапшылығы байқалады. Мысалы, «Көкшетау жылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық мекемесіндештаттық кесте бойынша 718 адам еңбеке туі тиіс болса, іс жүзінде 660 адам жұмыс істейді, бос 58 орын. Осы сияқты, «Степногорск ЖЭО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің штаттық кестесі 641 адам болса, 500 жұмысшы қамтылып, мамандарға қажеттілік 141орынды құрап отыр. Оған қоса, облыстағы таза ауыз су жайын айтпасақта түсінікті. Күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселе осы. Брифинг барысында, бұл бағыттағы жұмыстарда айтылды.

– Ең үлкен қаржы облыстың елді мекендерін толық және сапалы сумен жабдықтауды және су бұруды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатқа 34,1 миллиард теңге бөлінуде. Оның, 32,4 миллиарды алпыс сегіз нысанды салуға және жаңалауға, бір миллиарды біріктірілген модульдер блогын (КБМ) орнатуға, 0,6 миллиарды күрделі жөндеу жүргізуге, 0,1 миллиарды 3 жобаны әзірлеуге бағытталған. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және реконструкциялау бойынша іске асырылып жатқан алпыс сегіз жобаның отызы екі жыл ішінде, отыз сегізін келесі жылыаяқтау жоспарлануда. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу 99, ауылдық елді мекендерде 96,1 пайыз деңгейінде жоспарланып отыр. Облыстың 10,5 мың тұрғыны қосымша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Барлығы 141 ауылдық елді мекенді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін 45 ауылда сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта жиырма бес жоба іске асырылуда, жеті жоба бойынша қаржыландыру көзі қажет. Және де, осы жылға республикалық бюджеттен аяқталатын бес ауыл жобасы бойынша қосымша қажеттілік 710 миллион теңгені құраған. Бұл ретте, келесі жылы 29 ауылда сумен қамту жұмыстары жүргізілмек. Олардың әзірленген 16 жобасына қаржылық қажеттілік 5,1 миллиард теңге. Және де 2024-2025 жылға тоқсан алты ауылға кешенді блок модулін орнату жоспарланған. Алайда, ағымдағы жылғы жоспарлы қырық сегіз кешенді блок модулінің 32-сі ғана дайын болған. Қалған он алтысының аяқталмаған жұмыстары бар. Сөз соңында басқарма басшысы аталған жұмыстардың толық орындалу аясында 2025 жылы өңірдің 100 пайыз ауыз сумен қамтылатынына сенім білдірді.

Бірақ, суы ептеп келіп тұрған облыс елді мекендері үшін қазір ең маңыздысы – қысқы жылу беру маусымы. Одан апатсыз, аман-есен, дұрыс өту атқарушы билік пен өкілетті органдардың жұмысына да сын болмақ.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар