Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астыққа дұрыс баға болмай тұр - АРҚА АЖАРЫ

Астыққа дұрыс баға болмай тұр

Жуырда облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және индустриялық инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтіп, онда 2024 жылғы орақ науқанының қорытындысы және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері қаралды.

Облыстық мәслихат депутаты Әбілқайыр Ошақбаевтың төрағалығымен өткен отырысқа мәслихат депутаттары, «Азық-түлік корпорацисы», «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамдарының және «Көкше» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жергілікті өкілдіктерінің басшылары қатысты. Жиында Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов баяндама жасап, аграрлық сектордың қазіргі жай-күйін айтып жеткізді.

– Бүгінгі күні 221 мың гектар алқапта немесе тиісті егіс алқабының 82,3 пайызында майлы дақылдар жиналды. Жалпы өнім 231 мың тонна, әр гектардың орташа өнімділігі 10,5 центнер. Алдын ала мәлімет бойынша майлы дақылдарды жинауды 15 қарашаға дейін аяқтау жоспарлануда. Ауа райы жағдайының, сондай-ақ, барлық агротехникалық шаралардың оңтайлы мерзімде орындалуының арқасында жақсы өнім алынды. Көктемде егіс алдында топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін 4,0 миллион гектардан астам алқапта ылғал жабылды. Егінді жинадық, бірақ, оны дұрыс сақтау қажет, өйткені астықтың көпшілігі жоғары ылғалдылықпен келіп түсті. Егін жинау кезеңінде жауын-шашынның көп түсуіне байланысты жаңа егінді сақтау мәселесі аса маңызды болды. Алайда, астықты қабылдау кезінде облыстағы кейбір элеваторларда вагондар кезек күтіп қалды. Күзгі дала жұмыстарын үйлестіру бойынша облыс әкімінің өкімімен құрылған жедел штаб аясында барлық түйткілді мәселелер жұмыс тәртібімен шешілді. Проблемалық мәселелер туындаған кезде белгілі бір аймаққа бекітілген штабтың уәкілетті өкілдері өңірлерді аралады. Үкіметтің қолдауының арқасында астық және майлы дақылдарды кептіруге 22,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны мен 2,4 мың тонна сұйытылған газ бөлінгенін атап өткім келеді, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда, элеваторлардағы кептірілген астықтың көлемі 3 миллион тоннаға жуық немесе бастырылған астық көлемінің 70 пайызын құрайды. Оның 60,4 пайызы 3 класқа сәйкес келеді. Ал, субсидиялардың толық дерлік игерілуіне қарамастан, қаржы көздерінің барлық түрлері бойынша тапшылық қалыптасқан. Қажетті сома 64,4 миллиард теңге. Қазіргі уақытта, басқарма тарапынан республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және Қаржы министрлігіне жолданып, қаралуда.

–Нарықтағы жағдайға байланысты астықтың нарықтық бағасы төмен болуына байланысты жаңа өнімдіжөнелту тұрақты емес. Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Азық-түлік корпорациясына, АКК, ҚАФ-қа қарыздарды төлеу мерзімін бірнеше айға ұзарту қажеттігі туралы хат жолдауға шешім қабылданды. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге элеваторларға қажетті көлемді жеткізу және қаржы институттары алдындағы шарттық міндеттемелерді қайтаруды шешу үшін астықты қолайлы бағамен сатуға мүмкіндік береді, – деді Кенеш Ғалыбекұлы астықтың нарықтық бағаларын атау барысында. Оның айтуынша, әр түрлі сорттағы бидай мен арпа бағасы 50-100 мың аралығында ғана белгіленген.

Сондай-ақ, отырыс барысында бірқатар депутаттар есеп беру деректеріне қарамастан, көптеген фермерлер бүгінде қиын  жағдайға тап болып отырғанын алға тартты. Мысалы, бидайдың төмен құны, алынған өнімді өткізу нарықтарының болмауы, элеваторлардың толықтығы, астықты сақтау мен тасымалдауға жоғары тарифтер, ірі егін егуші компанияларын да, шағын фермерлерді де несиелендіру жыл сайын ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің азаюына әкелуде. Оған қоса, депутаттардың пікірінше, көп мөлшерде жинақталған проблемалар халықтың ауылдардан кетуіне ықпал етпей қоймайды.

–Егістік жұмыстары ауылшаруашылығы өндірісінде басты рөл атқарады, өйткені, ол келесі жылдың табысты жұмысының негізін қалайды. Қазір облыста 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталып жатыр. Бұл істі күні бұрын ұйымдастырудың маңыздылығын көрсетеді. Шамамен 800 мың гектар алқапта 3 есе тыңайған өңдеу және 1 миллион гектар алқапта жыртылған өңдеу жұмыстары жүргізілді. Келесі жылға дәнді дақылдар тұқымы 540,1 мың тонна немесе жоспардың 100 пайызы көлемінде құйып алынды, – деп түйіндеді өз сөзін Кенеш Әлімжанов.

Сонымен бірге, отырыста белгілі болғанындай, фермерлердің басты өтініштерінің бірі – қолда бар несиелік міндеттемелер бойынша төлемдерді қысқа емес, ұзақ мерзімді кезеңге ұзарту мүмкіндігін қарастыру. Бидай қазір дұрыс  сатылмай жатқандықтан, фермерлердің қайтаратын қаражаттары жоқ. Жеке шаруалар үшін бұл ерекше қиын жағдай.Және де депутаттар атап өткеніндей, «Азық-түлік корпорациясы» қызметіне қатысты көптеген сұрақтар бар. Оның ішінде, астық сатып алу ісінде тұрақтандырушы фактор керек. Жалпы, ауыл шаруашылығында жинақталған мәселелерді шешуге кешенді мемлекеттік көзқарас қажет деген ұйғарым дұрыс болмақ.

Айта кетейік, депутаттар мен басқа да отырысқа қатысушылардың барлық сұрақтары мен ұсыныстары хаттамаға енгізіліп,  уәкілетті мемлекеттік органдарға, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне, сондай-ақ, Мәжіліс пен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттарына жолданатын болады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар