Жуырда Болашақ сарайында Ақмола облысының студентжастары, жас ғалымдарымен кәсіпкерлері арасында «AQMOLA POWER» облыстық инновациялық идеялармен жобалар байқауы өтті.
Аталмыш байқау Ақмола облысы «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде өткізілді. Мекеме басшысы Дастан Ермековтың айтуынша, биылғы байқауға өтініш көп түскен және жылдағыдан көлемі ауқымдырақ. Онда жеңімпаздарға қаржылық қолдау көрсетуде қарастырылмақ. Шартты түрде байқау ғылыми-негізделген үш бағыт бойынша өтуде. «Байқауға Ақмола облысының жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы саны 55 жоба ұсынылды. Оның ішіндеробототехника бағыты 12 өтінім, ІТ саласы 21 өтінім, экология және табиғатты пайдалану саласындағы бастамалар бағыты 22 өтінімнен тұрады.Байқау қорытындысы кезінде әр бағыт бойынша үш жүлделі орын анықталады.Байқауға шартқа сәйкес бес адамнан аспайтын авторлар топтары қатыса алады. Қатысушылардың жас ерекшелігі 14 пен 35 жас аралығында болуы керек. Сондай-ақ, әр бағыт бойынша жобаларды бағалау үшін төрешілер құрамы бекітілген. Шара барысында қатысушылар өз жобаларын дайындаған слайдтарымен, кескін форматтарымен, кейбірі дайын өнім ретінде де көрсетіп жатты. Бізде өз кезегімізде бірнеше қатысушымен тілдесіп, жобаларымен танысуға тырыстық.
– Біз байқауға «QazLingo» қазақ тілін оңай үйренуге арналған пайдалы қосымшаны дайындадық. Ол сізге қазақ тілін тез әрі оңай меңгеруге көмектеседі.Бұл қосымшаның мақсатысөйлеу дағдыларын жетілдіру, күнделікті өмірде қазақ тілін үйренуге машықтану, жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйренуге көмектесу және әртүрлі тапсырмалар арқылы біліміңізді тексеру болып табылады. Қосымшада аудио және бейнематериалдар орналасады. Аудиожазбаларды тыңдап және видеоларды көру арқылы нақты сөйлеуге үйренесіз. Және де алфавит, ережелер мен сөздер, грамматикалық категориялар бойынша жіктелгенсөздік және грамматика нұсқалары болады. Оған қоса, мәтінді сканерлеу арқылы сізге түсінікті тілге аудару мүмкіндігі бар, – дейді «ІТ» саласы бойынша байқауға қатысушы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі бағдарламасының 3 курс студенті Мөлдір Қалым. Байқағанымыздай қосымшадағы ерекшелік, қазіргі жасанды интеллектідегідей, пайдаланушыларға нақты бағыттар мен ұсыныстар беретін виртуалды нұсқаушы бар.
– Осы қосымшаны 2025 жылы маусым айында жарыққа шығару жоспарымызда бар. Нақты қосымшаны 4.8 рейтингтік бағамен 5 мыңнан астам пайдаланушы қолданғанын қалаймыз. Әр жыл сайын 5 жаңарту енгізіп отыру қосымшаның жұмысын жақсартады, – деп толықтырды одан әрі өз ойын Мөлдір Азаматқызы. Жалпы алғанда, бұл электронды қызметке көшіп жатқантехнологиялық қолданысқа сай келетін жобалардың бірі деуге болады. Қосымша өз деңгейінде жүзеге асып, жұмыс істесе, мемлекеттік тілді үйренушілерге уақытты тиімді пайдаланатын құралдың бірі болар еді.
Сонымен бірге, экология және табиғатты пайдалану саласындағы бастамалар бағытында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледждің биология пәнінің оқытушысыЖайна Минажова мен география пәнінің оқытушысы Аружан Әбутәліпова «Eco Green» тақырыбында өз жобаларын таныстырды. Қазіргі уақытта эко-асханалар көптеп ашылып келеді. Ол дұрыс тамақтану мен экологияға зиянды қалдықтарды азайту мақсатында ашылған орындар.
–Эко-асхананың мәзірінде таңғы ас, салат, сусындар болады. «Eco white»-та ауыл өнімдері де қамтылады. Және де қазіргі «Fast food»-тың орнын «Green food»-пен ауыстырғымыз келеді. Сонымен қатар, бізде қосымша кіріс ағымы бар. Бір айлық дұрыс тамақтану курсы. Ол, спортпен шұғылданатындар, салмақ қосқысы немесе салмағынан арылғысы келетін адамдарға жасалады. Әрине, кез-келген тамақты бере алмаймыз. Генетолог мамандардың кеңесінен кейін ғана ұсына аламыз. Біз негізгі әріптестер ретінде, айран, сүт өнімдерін алу үшін «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, қазы, ет өнімдерін алу үшін «Бижан» кәсіпорнын таңдап отырмыз», – деп Жайна Минажова өз жобаларын таныстырып өтті. Бұл ретте, «Fast food»-тың орнын «Green food»-пен ауыстыру ұсынысы көңілге ұнарлық. Көптеген денсаулық сақтау саласының мамандары айтып келе жатқан мәселе. Адам ағзасына қуырылған тіске басарлардың зиянды екені жаңалық емес. Әсіресе, «ас қорыту жолдарының ауыру себебі қуырылған тамақтардан» деген пікірді жиі естіп жатамыз. Ал, жоба қатысушылары оны «Green food» немесе айран, сүт өзге де табиғи өнімдермен алмастыру жоспарын ұсынып отыр.
Жастардың инновациялық идеяларын тоғыстырып, ортаға салған бұл байқаудың берер дүниесі көп. Өйткені, іс-шара барысында байқағанымыздай, қала мен ауылдық жерлерден келген оқушыдан бастап, ересек азаматтарымызға дейін өзінің қоғамға пайдасы тиер деген неше түрлі жобаларын ұсынуда. Әрине, бәрі бірдей озық үлгі көрсете алмаса да, осы байқау арқылы кем-кетігін толықтыруға мүмкіндік алды деп ойлаймыз. Байқаудың қорытынды бөлігінде өз жобаларын таныстырған үміткерлерге қатысқанын растайтын сертификаттар табыс етілді. Айта кетейік, ұйымдастырушылар атап өткеніндей, үш бағыт бойынша жобалары жеңіп шыққан қатысушылар алдағы уақытта Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен салтанатты жағдайда марапатталатын болады.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.