Облыс орталығы Көкшетау қаласында студент жастар арасында лудомания және құмар ойындардың алдын алу мақсатында диалог алаңы өткізілді.
Оны облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде ұйымдастырды.Шара барысында «Алаяқ.нет» жобасының жетекшісі, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков және модератор, жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков сөз алды.
– Лудомания немесе құмар ойынға тәуелділіктің көпшілігі жастар арасында байқалады. Себебі жастардың көбі жеңіл жолмен ақша табудың жолын іздейді.Бұл да бүгінгі қоғамның аса қауіпті дерті деуге болады.Ойынға тәуелділіктің теріс салдары жетіп артылады. Ол – осы құмар ойындарды ойнаймын деп барған сайын оған тәуелді болу, қарызға белшеден бату, соған қайткенде де ақша табу үшін сан түрлі айлаға, өтірікке, тіпті, ұрлыққа бару, сөйтіп, өзіне-өзі ор қазып, жас өмірін, ата-ана, туған-туыстарының жағдайын ауыр зардаптарға әкеліп тіреу. Осыған жүргізілген талдау көрсеткеніндей, лудоманияның әсері арқылы басқа азаматтардың құқықтары мен мүдделері де жанама түрде бұзылады. Қазіргі таңдаосындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін өздеріңіздей жастармен түрлі форматта полиция қызметкерлерін және басқа да құзырлы органдар өкілдерін қатыстыра отырып, кездесулер өткізіп тұрамыз, – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Орынбеков.
Лудомания және құмар ойындардың алдын алуға арналған бұл іс-шараға Көкшетау қаласының жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан жалпы саны 70-тен аса студентқатысты. Сонымен бірге, жиын аясында спикерге қатысушылар арасынан сұрақтар қойылып, толымды жауаптар берілді. Студенттердің көпшілігі тақырыпқа қызығушылық танытып, әңгімені одан әрі өрбітті. Диалог алаңының қорытынды бөлігінде барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі.