Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмір мен өнер сүйіспеншілектен тұрады - АРҚА АЖАРЫ

Өмір мен өнер сүйіспеншілектен тұрады

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының іргетасын қалаушылардың бірі, театр және кино актері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері Жарас Қалдаров көпшілік көрерменнің жүрек түкпірінде үш жүзге аты мәлім Көкшенің дара тұлғаларын сахнада тірілткен талантты өнер иесі ретінде тұрақтап қалған. Театр ашылғалы Хан Абылайдың көзіндей, Ақан серінің сөзіндей болып сахнаға шығарған тарихи кесек-кесек рөлдері, классикалық шығармалардағы түрлі образдары санамызда әлі де сол қалпы жаңғырып тұр.

Талантты актер бүгінде ердің жасы 50-ге толып отыр. Осыған орай, мәдениет саласында 30 жылға жуық жемісті еңбек етіп келе жатқан айтулы азаматтың жемісті еңбек жолы мен шығармашылық ғұмырына бойлауды жөн санадық.

Жарас Шотбеккұлы Қалдаров бүгінде Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Өнерде талантымен танылып, келісті келбеті мен сымбаты көпшілікті тәнті еткен актерлердің көбі үлкен сахналарды таңдап, кино жолын қуып, жұлдыз болып кетеді емес пе?! Ал, біздің кейіпкеріміз Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы театр институтын ойдағыдай тәмамдап шыққан соң, бірден Көкшетауда театр ашылады дегенді естіп, осы жаққа ат басын бұрған алғашқылардың бірі. Сөйтіп, театрдың ашылуына өз үлесін қосып, өнері мен талантын бағалаған көрерменіне көптеген рөлдерді шынайы сомдап берді. Осы аралықта ол театр актерінен бастап, көркемдік жетекіші, труппа меңгерушісі, тіпті режиссер қызметін де атқарды. Бүгінде ұжымның тілін тауып, шығармашылық адамдарын шабыттандырып, жастардың талабын ұштап, бағыт-бағдар көрсетіп, шығармашылық ортаға басшылық етуде. Өнерге деген жанашырлығы мен театрға байланған жанкештілігі оның өз мамандығына, таңдап алған өмірлік кәсібіне адалдығын аңғартып тұр емес пе?!

Жарас Қалдаров 1974 жылы 17 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданы Абай ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасы үлкен сахналарды бағындырған өнер адамдары болмаса да, ел ішінде ойын-тойдың көркі болған, беделді кісілер екен. Әкесі колхозда қой, жылқы баққан малсақ адам болған. Ал, анасы Баян (шын есімі Мәриям) өкінішке орай, Жарас небары 6 жаста болғанда, оқыстан жол апатынан ажал құшып, бақилық дүниеге аттаныпты. Анадан ерте айрылған актердің жүрек түкпіріндегі оған деген сағынышы мен махаббаты көз жанарынан, дауыс ырғағынан анық аңғарылды. Анасының жұмыстан келе жатқандағы ұлына деген сүйіспеншілікке толы жарқын бейнесі, ашық құшағы, балапандарын даладан ойнап келгенде жарқырай күтіп алатын жылы жүзі оның мәңгі есінде өшпестей сақталыпты…

– Сол кезде қариялардың қоғамдағы рөлі басым болатын. Ауыл болып, ағайын-туыстың үлкендері жиналып, ақылдасып, бір байламға келіп, бәтуаларнын шығаратын. Сонда менің әкем 40-тан енді асқан азамат екен. Алдыңғы екі әпкем тұрмыс құрып, ағам әскерде болыпты. Қалғанымыз әлі мектепте жүрген шиіттей балалармыз. Сонда әкеміз анамыз қайтыс болғаннан кейін, үйленуге қарсы болып, балам әскерден келіп, отбасын құрады, сосын қосылып, осы бала-шағаны жеткіземіз депті. Анашымның жылы өткеннен кейін, ауылдың ақсақалдары жиналып, әкемді ортаға алып, бұлай болмайды деп, ақыры үйлендіріпті. Ол Қалифа анамыз 7 баланың үстінен келді. Сондағы бізді өсіріп жеткізген еңбегін үлкен ерлік деп білемін. Ешқайсымызды бөле-жармай, барлығымызға бірдей қарады, – дейді сол кездегі екінші анасының өз анасындай болып, бауырлары мен өзіне жасаған қамқорлығы мен мейіріміне шын риза көңілмен.

–Біздің ауылдағы мектепке ҚазГУ-ді бітірген қос апай келіп, жұмыс істеді. Сонда біреуі естеріңізде болса, көп жерде кездесетін бір картина бар еді ғой, таудың етегінде ақ боз ат шауып келе жатып, екі жылқышы құрық салуға ұмтылған сәті, міне, сол бойынша шығарма жазғызды. Ертеңіне сабақтан кейін мені алып қалып, шығармамның өзіне ұнағанын айтып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақтан тыс тапсырмалар бере бастады. Ол кезде мен Жетісайдағы театр училищесіне оқуға түссем деп ойлап жүретінмін. Кейін әкем бармайсың деп, рұқсат етпеді, ал, мен сабақ оқымай қойдым, – деп жастық шағындағы бірқатар қызықты шақтарын күле отырып еске алып, балалық тентектігін, мектепішілік шараларға белсенді қатысқандығын, аудандық іс-шараларда өнерімен елді тамсандырғанын да өз әңгімесінен тысқалдырмады актер.

Әкесі басқа шешім қабылдаған соң, ауылда оқуын жалғастыруға тура келеді. Сондай күндердің бірінде Алматыдан қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектеп-интернатының мұғалімдері іздеп келіпті. Сөйтсе, 8 кластан кейін сонда оқуға кеткен кластасы, осы күні мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі мұғалімдерге ауылдағы сыныптасы Жарастың сабақты жақсы оқитынын, әдебиетті сүйетінін, өнерге жақындығы барын айтып, соның ізімен келген комиссия қазақ тілі мен әдебиетінен сұрақтар қойып, қарым-қабылетін, білімін тексеріп болған соң, түскі автобуспен Алматыға алып кетпекші болады.

–Сол интернатта екі жыл оқыдым. Алтынбек Қоразбаевпен біраз концерттерге еріп жүрдім. Сонда менен екі-үш сынып төмен оқитын Тоқтар Серіков, Мейрамбек Беспаев,бәріміз бірге бір сахнада ән айтып жүрдік. Содан бір күні Марфуға деген апайым шақырып алып, сенің оқу бітіргеннен кейін қандай ойың бар деп сұрады. Содан мен өнер жағына барғым келетінін айтып едім, ертесіне мені театр институтына алып барды. Оның Мақсұт Оразұлы деген бауыры институтта вокалдан сабақ береді екен. Ол менің қабілет-қарымымды байқап болған соң, мектепті бітірмей жатып, екі ай қалғанда институтқа оқуға дайындай бастады. Мысалдар оқытты, қара сөздер, монологтар жаттай бастадық. Содан қиналмастан қалаған институтыма оқуға түсіп кеттім, – дейді өзінің таланты мен дарынына қамқоршы болған жанашыр жандардың жанынан табылып, жол сілтеп отыруының барлығын бір Алланың қалауымен деп білген Жаратқан иесіне сол үшін де тәубе еткен өнер иесі.

Сөйтіп, ол 1991-1995 жылдар аралығында қазіргі Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, театр педагогы, профессор Рахилям Машурованың курсынан актер мамандығын бітіріп шығады. Ұстаздары институтта қалуын қолқаласа, бір жағынан Ғ.Мүсірепов атындағы жас көрермендер театрына да шақырту алады, «Бауыржан шоу» жаңадан ашылып, оған шақырылады. Бірақ, бүйрегі Көкшеге бұрады. Көкшеге келіп, театрдың негізін қалайды, тамырын жайып, елдің адамы болып сіңісіп кетеді. Мұны ол Алланың маңдайға жазғаны, жазмыш деп біледі.

Актерлік шеберлігі, рөлге деген жауапкершілігі мен ізденгіштігі соншалық, тіпті, курста оқып жүргеннен-ақ, ол әрқашан басты рөлдерді ойнаған екен.

–Көкшетауда театр ашылады деп, ең алғашқы қойылымдытаңдағанда, атақты режиссер Жақып Омаров келген актерлерге бір-бір ән айтқызып, қарым-қабілеттерін байқап алды. Содан бірден Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклін қоямыз деді, – дейді Жарас Шотбекұлы.

Ақан сері рөліне әрине, түр-сипаты келісті, бойында ерік-жігері тасып, шабыттанып тұрған Жарас Қалдаров таңдалады. Бір қызығы,ол актерлік оқуға түскенде де, осы Ақан серінің әнін орындаған екен. Содан ең алғаш Көкше сахнасына да Ақан бейнесінде шықты. Біз де оны Ақан серінің өзін көргендей қабылдадық. Ақанның «Әудемжерін» айтқанда, атақты әнші Кәукен Кенжетаев: «Әй, балам, сен өзі қай жерденсің?» депті. Ол Түлкібастан екенін айтқанда, «Арқаның әнін қайдан үйрендің, жарайсың?!» деп жоғары бағасын беріпті. Арқаның әндерін Жарас Қалдаров кішкентай кезінен әкесінің мақамынан құлағына сіңіріп өскен. Біржан сал, Ақан серінің әндерін жақсы айтатын әкесінің суырыпсалмалық қыры да болыпты. Ауылда өтетін «Беташарлардың» сөздерін айтушылар әкесі Шотбекке жаздырып жүріпті.

–1996 жылы Көкшетау театрын аштық. Ақан серіден кейін, Абылай хан, Кенесары секілді әрбір актердің арманы болатын кесек-кесек рөлдерді ойнадым. Қазақтың классикалық шығармаларының бірі – «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Қозыны ойнадым. Осы спектакльді республикалық фестивальге апарып, онда мен «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша жүлдені алдым. Бәрі актердің жұмысы оңай, жаттап алады да ойнай береді деп ойлайды. Ол өте қате пікір. Ойнайтын рөліңді бойыңа сіңіру өте қиын. Әр рөліңді толық зерттеп, кейіпкердің мінезі мен психологиясын бойға сіңіру оңай емес. Оны сахнаға шығаруға бір-бір жарым ай уақыт кетуі мүмкін. Мұның астарында қаншама дайындық жатыр. Соның бәрін көрермендердің бір ду шапалағы мен ықыласы ғана ұмыттырып жібереді. Осылайша, қажыр-қайратты талап ететін өнерде жүріп, арзымайтын жалақыға еңбек ету жанкештілік емей немене. Осылай, «Өнердегі өзіңді емес, өзіңдегі өнерді сүй» деген қағиданы жанымызға ту етіп жұмыс істеп жүрміз. Өнерде өзіңді сүйіп кетсең, ол менмендігің, өзіңдегі өнерді сүюің шын өнерге берілгендігің, содан театрға да байланасың. Актерді кейді өзінің жары да түсінбей кетуі мүмкін. Образың шықпай жатса, көңіл-күйің де болмайды, ешкіммен араласқың келмейді, сөзің де жараспайды. Тарихи спектакльдерден кейін, мысалы, Абылай, Кенесары хандардың, Ақан серінің рөлінде ойнағаннан кейін бірден үйге бармауға тырысамын. Себебі, онда сен басқа атмосферадан келгендей боласың. Бірден үйіңе барсаң, ондағы жағдай біртүрлі көрініп, оған сыя алмай қаласың. Образдан бірден шығып кету қиын. Бұрын осы Ақан серіні ойнағаннан кейін Төлеубек Көңбай, Сафуан Шаймерденов, Ербай Дүнгененов бар, көлдің жағасына барып, 10-15 метрден бір-бірімізден алшақ тұрып, көлге қарап отырып, образдан шығатынбыз. Бойдағы қайнап тұрған образ тарап кеткеннен кейін, шаршағаның сезіліп, өз қалпымызға келеміз. Сосын қойылымды сол жерде талқылап, тарайтынбыз, –дейді.

Бойындағы тума талантымен сахналық сүйкімі жарасқан, жастық жалыны мен жауапкершілігі астасқан актердің қоржынында қай жанрдағы болсын, қойылымдардың басты кейіпкерлері аз емес. Бойын таптаурындылықтан  аулақ ұстап, әр образды ізденіп, жан-жақты толғанып, толыққанды етіп шығаратын актерлық ерекшелігі, өзіндік ойын машығы бар. Ол Гогольдің «Ревизор» комедиясында Городничийдің, Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасында Едігенің, Ш.А.Ыдырысұлының «Ақнұр» драмасында Қылышбайдың, С.Балғабаевтың «Ғашықтар болмайтын ғасыр» драмасында Русланның, Д.Рамазанның «Кенесары-Күнімжан» драмасында қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының, Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасында Абдурахман Ибн Халидтің, Б.Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» драмасында Біржан салдың, Е.Төлеубайдың «Алдаспан» тарихи драмасында Н.С.Хрущевтің образдарын сомдап, жылдан-жылға тәжірибесінің толысу, шыңдалып, өсу деңгейін көрсетіп келеді.

Өмір қайта берілсе, осы жолды таңдайтын Жарас Шотбекұлы өзін өмірде жолы болған актер санайды. Олай айтуына негіз де жетерлік. Қаншама актерлар армандап жүргенкемеңгер тұлғалардың бейнесін жас кезінен ойнап, елдің ыстық ықыласына бөлене алды. Отандық кино саласында да ойып тұрып алған өз орны бар. Есімі өнер тарихына алтын әріппен жазылған қазақ өнерінің тарланбозы Жақып Омаров Жарас Қалдаровты «Менің Ақаным» деп атап, батасын беріп кеткен. Қазақстанның Халық әртісі Жібек Бағысова да әлі күнге оны осылай Ақан деп еркелетеді.

– Өмір мен өнер қатар жүреді ғой. Театр ашыларда, Ақан сері рөліне дайындалып жүргенде қатты ауырып қалдым. Жақып ағамыздың кісілігіне әлі ризамын, маған денсаулығымды дұрыстап, күтінуге демалыс беріп, емделіп шықтым. Сол арада министрліктен хабарласып: «Жарас әлі жас, тарихи тұлғаны, Ақанның рөлін жас бала қалай ойнайды, бірден ойнап шыға алмайды, одан да Досхан Жолжақсынов ойнап берсін, сосын ашылғаннан кейін ойнай береді ғой» депті. Сонда Жақып ағамыз: «Жарасқа сенемін, өзі ойнайды, жастардың шабытын басып тастайсыңдар» деп, олардың ығына көнбепті, – деп «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліне дайындық кезіндегі сол бір жағдайды еске түсіруінің өзінен режиссердің үлкен адамгершілігін, жас актерге сенімін ұқтық.

Сол пьесаның соңында Ақанның ғашығы Ақтоқтыға пышақ ұрып кетеді ғой, сонда спектакльде сүйіктісінің басын құшақтап, зар еңіреп қалатын тұсы бар. Сол жолы осы бір ауыр эпизодты актерлік шеберлігімен сәтті ойнап шықса, өмірде туған ағасының басын да дәл солай құшақтап, зар еңіреп қалғаны шынымен, сағын сындырып, қабырғасын қайыстырған өмірінің бір жанкешті кезеңі еді.

–Кейін осы спектакльді ойнағанда қиналған кездерім көп болды. Қазаның қайғысымен жүргенде, сотта әділетсіздіктер орын алып, ағамның жанын қиған адамға жеңілдік қарады. Осының бәрінен өзімді әбден жоғалтып алғандай баз кештім. Бірақ, қасымнан білікті басшымыз әрі ақылшымыз Мұратбек Оспанов ағамыз бастаған Төлеубек Көңбай, марқұм Ербай Дүнгененов, Қайрат Мырзаболатов, Сафуан Шаймерденов секілді достарым табылып, есімді жиғызды, қатарға қосты. Осындай қиын сәтте жаныңнан табылған жанашыр достардың, әріптес ағалардың болғаны да ғанибет, – деп өмірінің сол бір ащы сәтін де айналып өте алмады.

– Осы театрда жүріп, ешқашан рөл таңдамайтынмын. Өзім «рөлдің үлкен-кішісі болмайды, кішкентай актерлар болады» деген қағидамен келе жатқан актермын. Шамамен, театр сахнасында осы жасымда 70-тен астам рөлдерді ойнадым. Ерғали Оразымбетов, Гүлсина Мерғалиева, Қуандық Қасымов, Фархадбек Қанафин, Барзу Абдураззаков секілді мықты режиссерлермен жақсы жұмыс істедім ғой деп ойлаймын, – дейді бір сөзінде тағы да.

Жарас Қалдаров кино жанрында 2016 жылдан бері танылып, бірқатар отандық сериалдарға түскен. «Балуан Шолақ» фильмі мен «Шырғалаң», «Қақпан», «Текетірес», «Арман асуы» «Қимылдама» сериалдарында да әртүрлі образдарды сомдаған. Бұйырса 18 қарашада «Хабар» арнасында басталатын «Несібелі несие» атты жаңа сериалда да Жарас Қалдаровты көретін боламыз. Актер алдағы уақытта өзі де кино түсірмекші ойы бар. Бұған дейін Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасымен тығыз жұмыс істеп, Бурабай өлкесін таныстыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау тұрғысындағы қысқа метражды көркем фильмдер түсіріп үлгерген.

– Өнерде жүргеннен кейін жан-жақты болуға тиістіміз. Актер сегіз қырлы, бір сырлы болуы тиіс. Қазіргі актерлар бірден жұлдыз болып кеткісі келеді. Театр деген мүлде бөлек дүние, оған көп еңбек қажет. Мұқағали ақын айтпақшы, «өнерің болып өсе алмай қалсаң сол қайғы». Сондықтан, жас актерлар бір-екі рөлмен шектелмей, көп ізденіп, еңбектенгендері жөн.

Міне, бұл киелі өнерде көрген-түйгені мол Жарастай актердің әрі басшының мәдениет саласындағы талай  жанға ой салар шынайы сөзі. Жарас Қалдаров бүгінде елімізге белгілі театр және кино актері ғана емес, іші бақыт пен берекеге тұнған көп балалы отбасының отағасы, ардақты жарының тірегі, көпке үлгі болатын іскер басшы. Бұл мақаламызда біз мерейтой иесінің Ақмола театрын қолға алғалы осы салада тындырған ісіне көп тоқтала қойған жоқпыз. Оны келер бір күндердің еншісіне қалдырып,негізінен актерлік қырын, осы тұрғыдағы қабілет-қарымын тілге тиек еттік. Айта кетсек, бүгінде үлкен ұлы да әке жолын қуған өнерпаз, Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында актер.

– «Жаяудың шаңы шықпас» деген бар. Бүгінде осы деңгейге жеткенім, бірқатар марапаттарды алғаным тек менің ғана жетістігім емес, бұл ұжымымның, қасымдағы әріптестерімнің де үлкен еңбегі екенін ұмытпауым керек. Ендігі мақсатым – өзім тізгінін ұстаған туған ұжымды да биіктерге бастай беру, – дейді әңгіме соңында Жарас Қалдаров.

Иә, елу – ердің жасы. Бәрі алда!

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар