Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қуатты техника – ауылдың қуаты - АРҚА АЖАРЫ

Қуатты техника – ауылдың қуаты

«Kazrost Engineering Ltd.» жеке компаниясы ауыл шаруашылығы техникаларын дайындайтын ақмолалық кәсіпорын. Елімізде кәдеге жарату алымы іске қосылғаннан кейін жер емшегін емген  диқандарды қуатты техникамен қамтамасыз ету барысында толымды жұмыс істеп келеді.  

Компания 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмыс істей бастады. Негізінен астық жинау комбайндарын шығарады. Кәсіпорында комбайнның негізгі бөлшектерін «КЗ «Ростсельмаш» ашық акционерлік қоғамы және «Клевер» акционерлік қоғамынан алады. «Vector 410», «Acros 550» астық комбайндарының бірнеше түрін ұсынады. Оған қоса, шағын және орта қуатты YTO-X904, YTO-X1304 тракторларын құрастырады. Дайын техникалар «КазАгроФинанс» және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамдарының лизингтік компаниялары арқылы астықты алқапта ел ырысын молайтып жатқан даңғайыр диқандарға жеткізіледі.

Негізінде, ауа райы өте құбылмалы солтүстік өңір үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарына өте қажетті машина-трактор паркін жаңғырту айрықша маңызды.

–Ілкідегі дән сеуіп, алқап баптаған диқандардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі біз үшін бір мектеп, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының агрономы Мағжан Құланұлы, –көктемнің бір күні жылға азық екендігі айдан анық. Егіншілік мәдениетін жетілдіріп, технологияны тап-тұйнақтай атқаруың үшін қолда бар техника үздіксіз жүріп тұруы керек. Әкем шаруа қожалығын құрарда жоқтан бар жасап, күресінде қалған кеңес заманындағы ескі техникасының қаңқасынан жинап, қарекет еткен болатын. Бір күн жүрсе, екі күн тоқтап тұратын ондай техникамен жұмыс істеу қазір мүмкін емес. Соңғы жылдары ауа райы мүлдем өзгеріп кетті. Ойға алған шаруаны сәтімен сабақтау үшін қожалықтың машина-трактор паркін заман талабына сай жаңғыртуға ұмтылып жатырмыз. Жаңаның аты жаңа, биылғыдай жауын-шашын көп болған жылы көктемгі егісте де, күзгі орақта да жіті қимылдап үлгердік. Мұндай нәтижеге мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау септігін тигізіп отыр.

Диқандардың көңілінен шығып отырған заманауи астық комбайндары мен трактор дайындайтын компанияның өндіріс алаңында қажетті металдарды кесетін, иетін, өңдейтін, бояп кептіретін, дәнекерлейтін заманауи станоктар бар. Осы мүмкіндіктің арқасында кәсіпорын жылына бес түрлі комбайнның мың данасын, жатканың 760-ын, одан өзге де шаруашылыққа қажеттіжүздеген құрылғылар да шығара алады. Осы жұмысты қолға алғаннан бері 2012 астық комбайнын, 959 тракторды, 1526 жатканы және өзге де ауыл шаруашылығына қажетті құрылғыларды шығарыпты. Еліміздегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысына орай трактордың 9 түрін шығаруды қолға алған. Қазіргі уақытта биік мақсат біршама орындалып, қуаты әрқилы жеті түрлі жаңа трактор үлгісі құрастырылуда. Жұмыс барысында ыңғайлылығы, беріктілігі тәжірибеден өтіп, сенімге ие болғаннан кейін кәсіпорынның өнімдеріне деген ықылас біршама арта түскен.

Кәсіпорын шаруа қожалықтарына өз өнімдерін тікелей де сатады. Айта кететін жай, шағын шаруашылықтардың мүмкіндігін ескере отырып, техниканың қолжетімді болуын да қадағалайды. Бұл арадағы басты себеп, бәсекелестік. Ал, сұранысты өтеу үшін өндіріс көлемін арттыра түсу керек. 2024 жылы №3 цехтың құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, металл өңдеу үшін заманауи станоктар да қажет. Ал, дайын техниканы облыс орталығының шыға берісі мен Көкшетау-Щучинск бағытындағы күре жолдың бойына орналасқан диллерлік орталықтарда шаруалардың назарына ұсынатын болады. Орталықта жаңа техниканың бар мүмкіндігі тегіс көрсетілмек әрі техниканы күтіп-баптау жайын да білікті мамандар ұғындырмақ. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылып, қосымша цех пайдалануға берілгеннен кейін қазіргі техника құрастыруға пайдаланылып жүрген бөлшектерден басқа ауыл шаруашылығы техникалары мен құрылыс индустриясына қажетті техникаларды да шығармақ.

–Көктемгі және күзгі дала жұмыстарының уақытылы, тыңғылықты атқарылуы қуатты техникаға байланысты екендігі белгілі, – дейді облыстық ауыл  шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов, – биыл күзгі орақ науқанында өңір диқандары 8,9 мың астық комбайндарын пайдаланды. Олардың 4,8 мыңы заманауи жоғары өнімді техника. Бір жақсысы, биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы құны 28,5 миллиард теңге болатын 246 трактор, 115 комбайн сатып алды. Оған қосымша жеңілдетілген несие арқылы 80 трактор, 140 комбайн, 25 әртүрлі құрылғы алынды.

Осылайша мемлекеттің қолдауының арқасында машина-трактор паркі біртіндеп жаңартылып келеді. Бұл шаруаға Kazrost Engineering Ltd. жеке компаниясының да қосып отырған үлесі мол.

2020-2021 жылдары жаман тұмау өршіген тұста компания өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының үздіксіз жұмыс істеуіне айта қаларлықтай қолғабысын тигізді. Осындай жанашырлықтың жан жадыратар әсерінен тұрғындар ауыл шаруашылығы өнімдерінен кенде қалған жоқ. Бүгінгі күні де белсенді қызмет етуде. Көктемгі қызыл су тасқыны өңірдің бірнеше елді мекендеріне қатер төндірген кезде ауыр жүкті бірге арқалауға ниет білдіріп, көмегін көрсетті. Әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінген ұжым техникамен қатар, материалдық көмек те көрсетті.

Компания еңбекті қорғау мәселесін назардан тыс қалдырмайды. Кәсіпорын жұмысшылары әлеуметтік жағынан толық қамтамасыз етілген. Алғашқы кезеңде 77 адам, қазір 175 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Әрбір жұмысшымен жеке келісім-шарт жасалады. Келісім-шартта тегін медициналық қызмет көрсету, денсаулығын қадағалау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көрсетілген. Жұмысшылар  тегін тамақтанады, жұмыс орнына компания көлігімен тасымалданады.

Тағы бір жақсылығы, жергілікті кәсіби білім беретін оқу орындарымен байланысын нығайта түсуде. Ол елдің ертеңін ойлағандық. Болашақ жас мамандарды заманауи кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен таныстырып, еңбекке баулу мәселелерін мықтап қолға алған. Осы арада тәжірибеден де өткізеді. Болашақ мамандардың тұрақты жұмысқа орналасу мәселесін де шешеді.

Бейнеті бес батпан дала жұмыстарының бел ортасында жүрген диқан қауымы үшін ең басты тілек, бес қаруының сай болуы. Оның бірі әрі бірегейі – сапалы техника. Қалғаны ортақ іске деген ынта-ықылас. Ырыздық жолындағы қалың қауымды заманауи техникамен қаруландырып отырған кәсіпорынның оң ісі атап айтуға тұрарлық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар