Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыстың көзі қыраулы! - АРҚА АЖАРЫ

Қыстың көзі қыраулы!

Біздің Ақмола облысы қыстың алай-дүлейі мен көктайғағы алдымен жететін өңірлердің бірі. Оның алғашқы лебін өткен апталарда сезініп көрдік. Біраз бағыттарда көктайғақ пен бұрқасын салдарынан  жолдар жабылып, жолаушыларға жолға шығуға шектеулер қойылды.

Осындай қолайсыз ауа райында жолға шықпау және шығып кетсе не істеу қажеттігін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Қайыртаев  баяндап берді. Қыс мезгіліне тән күрделі метеорологиялық құбылыстарға байланысты облыстың автожолдарында төтенше жағдайлар жиі туындайды. Қажет болған жағдайда Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі қызметтерді тарта отырып, жедел штаб жұмысын ұйымдастырады.

–Мәселен, қыс басталғалы «Қазгидрометтен» 4 дауылды ескерту келіп түсті. Азаматтарды қолайсыз ауа райынан қорғау және қар алып қалған жерлерге  автокөліктердің жиналмауының алдын алу үшін қыс мезгілі басталғалы облыстың автожолдарына 71 рет шектеу және жабу шаралары қабылданды. Халықты ұялы байланыс операторлары арқылы уақытылы хабардар ету мақсатында «Дармен» мобильді қосымшасы арқылы облыстың ауа райы жағдайының нашарлауы, автожолдардың жабылуы, шектелуі немесе ашылуы туралы 14 СМС және 22 хабарлама жіберілді. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Аршалы, Бұланды және Жақсы аудандарында шассиде жүріп өту мүмкіндігі жоғары 82 автомобиль, 3 трассалық медициналық-құтқару пункттері әзірленді, олар шұғыл жағдайларда жылыту орны ретінде де қолданылды, –деді Дулат Сағынтайұлы.

Биыл ауа райы жағдайына байланысты межелі жерлеріне жете алмаған азаматтарды қабылдау және уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар 277 жылыту және 219 тамақтану бекеттерін дайындапты. Жергілікті атқару органдары жол қызметтерімен және әкімшілік полициямен бірлесіп, облыстың автомобиль жолдарындағы ахуалға тәулік бойы мониторинг жүргізеді және оларды жою бойынша құтқару, эвакуациялау, көктайғаққа қарсы материалмен толтыру, қардан тазарту секілді тағы да басқа қажетті шараларды қабылдайды. Аталған іс-шаралар шеңберінде қысқы кезеңнің басынан бастап блок-бекеттерден республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелеріндегі жылыту бекеттеріне 40 адам эвакуацияланып, орналастырылыпты, олардың тоғызы бала.

–Барлық ескертулерге, SMS-хабарламаларға қарамастан, адамдар қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде жолға шығып кетіп жатады. Осы әрекеттермен олар өз өмірлеріне ғана емес, жақындарының өміріне де қауіп төндірді. Мысалы, өткен жылғы қыста полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі 4 жүргізушіні Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 667-бабы бойынша жауапқа тартты, –деп атап өтті брифинг спикері.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына елді мекеннен тыс сапарды жоспарлай отырып, алдағы қозғалыс бағыты бойынша ауа райы болжамын зерделеп алу қажеттігін ескертеді. Сонымен бірге, брифинг өткізуші қай бағыттағы жолдар жабылуы мүмкін екендігі туралы ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының сайтынан алуға болатынын айтты. Сайтта жабық учаскелердің егжей-тегжейлі картасын көруге немесе 1403 бірыңғай телефоны және 112 шұғыл қызмет телефоны арқылы, сондай-ақ, «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады.

Сөз соңында Дулат Қайыртаев өңір тұрғындарына:

–Ауа райы нашарлаған жағдайда сапарды басқа күнге ауыстырған жөн немесе теміржол көлігін пайдалану керек. Сонымен бірге, қыс мезгілінде әрбір автокөлік иесі көлігін төтенше жағдайда керек болатын қажетті заттармен алдын ала жабдықтап қоюы тиіс. Атап айтқанда, көлікте дәнекерлеу шамдары, трос, күректер, артық бензин, сіріңке, майшам сияқты заттар болуы қажет. Бұған қоса жол жүрерде термосқа ыстық шай құйып алып, азын-аулақ азық-түліктің шағын қорын, қосалқы жылы киімдер жиынтығын да салып алған дұрыс, –деп хабарлама да жасап өтті.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар