Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұста - АРҚА АЖАРЫ

Ұста

Еңбегің елдің кәдесіне жараса, одан артық бақыт бар ма?! Күнімен қызуы бет қаратпайтын көріктің жанында тұрып сом темірді сағызша илейтін ұста Иван Киселевтың бар ойы осыған саяды.

Әншейінде дүниедегі ең мықты зат темір деп ойлайтынымыз бар. Сол темірдің өзі қолы епсекті, қарулы ұстаның дегеніне көніп, қалағанындай қалыпқа енеді екен. Қара темірге жан бітіретін ұстаны көруіміз алғаш. Оқыдық, естідік. Бірақ, ондағы әсер қып-қызыл болып балқыған сом темірді  дәу балғасымен соққылап, өз ойлағанындай бұйым етіп шығарамын деп жанталасып жатқан ұстаның дәл жанында тұрып, сезінгендей болмайды екен. Златополье ауылындағы «АФ «Burabay-2007 GCK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің машина-трактор шеберханасындағы ұста цехынан қолқаңды қабатын түтін иісі аңқиды. Көлденең жатқан көк темір, балғаның әлденеше түрі, өзге де қажетті құралдар. Осылай болмай қайтсін? Иван Киселев бірнеше мамандықтың иесі. Жалғыз өз шаруашылығының ғана емес, осы төңіректегі тұяғы қыбырлаған техниканы кәдесіне жаратып жатқан бар шаруашылыққа керек адам. Әсіресе, науқандық жұмыс кезінде қадірі тіпті өседі. Күні түспейтін кісі жоқ. Басқасын былай қойғанда, бір қарағанда қуатты, шыдамды болып көрінетін шетелдік техниканы тізгіндегендер де ұстаның қызметіне зәру. Ескі техника тізгіндеп, есі кетіп жүргендер есігін босатпайды. Техника болған соң сынбай тұра ма, бір кішкентай тетігі істен шықса болды, қаңтарылып тұрып қалмақ. Ал, ондай найқалуды уақыт шіркін, көтермейді. Биылғы жылдың жосығы тіпті басқа. Көктем туғалы аспанның қабағы бір ашылған жоқ. Бүгін де солай,  біз машина-трактор шеберханасының табалдырығынан аттаған кезде күн шайдай ашық болатын. Сүтпісірім уақыт өтпей, Бурабайдың биігінен ескен жел күшейіп, жетім тоқтының жабағы жүні тәрізді ұйысқан қара бұлтты төндіріп-ақ әкелді. Ақ жауын төпеп берді-ай дейсің. Алқап басындағы шаруа тізгін тартқанымен, шеберхананың ішіндегі қауырт қимыл толастар емес. Міне, егіс кешенінің оймақтай тетігін айнытпай жасап беріп, тосып тұрған механизаторларға ұсынып жатыр. Осы тетік болмаса, кешен жүрмес еді. Уақыт онсыз да ұзап бара жатқан кезде табиғаттың тарпаң мінезі екі аяқтарын бір етікке тығып, қусырған диқандар қарекетсіз қарап отыра ала ма? Жаңағы тетік аудан, облыс орталығындағы сауда сөрелерінен табыла қоймауы мүмкін. Жалғыз амал – тапсырыс беру. Ол келіп жеткенше қаншама уақыт. Ал, кез-келген ұсақ тетіктерді жасау шынайы шебер үшін айтуға тұрмайтын әңгіме.

–Ұстасыз өте қиын болар еді, – дейді шеберхана меңгерушісі Михаил Горбенко, – біздің ұстамыз бірде соқаның тісін өткірлеп, қайрап жатса, екінші жағынан тесіліп қалған радиаторларды жамап-жасқап жатады. Иван үшін заты темір болса болды.

Біздің кейіпкеріміз ең әуелі трактор тізгіндеген екен. Жиырма жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен. 2002 жылдан бастап ұстаханада жұмыс істейді. Қолынан жетектеп әкеліп, ешкім іске қоспаған. Өзінің аңсары ауған-ды. Ал, адамның аңсары бір ауса, сол ынтызар көңілге қажыр-қайраты үстемелеп дем берсе, тау қопармас па? Өзіне дейін жұмыс істеген байырғы ұста Николай Николаенко бір рет қана көрсетіп, түсіндіріпті. Қалғанын зейінді жігіт жалғастырып әкеткен. Алғашқы бетте жасаған дүниелері кәдеге аса бастағанын көрген әкесі «сенің орның осы ұстахана екен» деп жалғыз ауыз сөз айтса керек. «Әке балаға сыншы» емес пе, перзентінің қолынан іс келетіндігін аңғарған да. Қазір әке үмітін ақтаған ұста осы төңіректегі үш үлкен шаруашылықтың кәдесіне жарап тұр. Шаруа қожалықтары да келеді, ауыл адамдары да өтініш айтады. Бірінің сөзін жерге тастаған емес.

Бізбен бұл күнде ұмыт болған ұсталық өнер туралы ой бөлісіп тұрғанда да қолындағы сом балғасын тастаған жоқ. Көріктің ішінде қып-қызыл болып балқып жатқан сом темірді тістеуікпен тістеп алып, төстің үстіне салып, жапыра, солқылдата соғады-ай келіп. Не ғажабы барын кім білсін, балқып тұрған металл бірте-бірте қажетті бұйымның кейпіне ене бастайды. Олай болмасқа шарасы да жоқтай. Өйткені,  ұста өз жұмысын жақсы біледі.

Енді бірер айдан соң Иван Васильевич зейнет демалысына шықпақ. Бар жиған  тәжірибесін, білімі мен білігін кейінгі ұрпақ жалғастырса дейді. Әзірге 14 жасар немересі ара-тұра ұстаханаға бас сұғатынын көңіліне медеу етеді. Өзі де маңдайдан терін сорғалатып, адал еңбек етіп жатқан, ең бастысы, қаумалаған қалың елдің алғысын арқалатқан, соншалықты ыстық, соншалықты қадірлі ұстаханаға осылай бас сұққан жоқ па еді?! Кім білсін, қашанда болсын еңбекші қауымға қажетті мамандықтың сорабы үзілмейтін шығар…

Д.КӨШЕЕВ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар